Ресми

Ұлттық қор ұлт болашағы үшін

Елімізде 1 қаңтардан бастап, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ресми түрде іске қосылды. Ұлттық қор табысының 50%-ы кәмелетке толмаған балалардың шотына 1 ақпаннан түсе бастайды. Бағдарлама былтыр Президент Жолдауында айтылғаннан бастап, халықтың қызу талқысында. Себебі, бұрын-соңды мұндай жоба елде болған емес. Оған көпбалалы ғана емес, бір, екі, үш баласы бар барлық балалы отбасылар қатыса алады.

Сурет: ашық дереккөз

Бағдарлама қатысушылары – балалар

Алдын ала мәлімет бойынша, елде 18 жасқа толмаған 6,7 млн. бала бар екен. Соның бәрі де бағдарламаға қатыса алады. Мұнда отбасының табысы, ата-анасының жұмысы да, отбасындағы бала саны да маңызды емес. Бастысы – бала құжатының болуы. Ата-аналар баласы туралы деректердің eGov порталында болуын қадағаласа жетіп жатыр. Ешқайда барып, шот ашудың қажеті жоқ.

Әділет министрлігінің базасындағы дерек негізінде жыл басында 18-ге толмаған балалардың тізімі жасалады. Сол тізім негізінде Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысын неше балаға теңдей бөлу керектігі белгілі болады. Ал, ақпанда осы есеп негізінде кәмелетке толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды.

 

Қордан алар қаражат қанша?

Ұлттық қор қоржынынан тиетін үлес бағдарлама басталғандағы баланың жасына байланысты. Бала неғұрлым жас болса, соғұрлым көбірек, ал, ересектеу балаларға азырақ. Қор қаражаты биыл 18-ге толатындарға бірінші тиеді. Алдын ала жасалған есеп бойынша олардың алатыны шамамен 160-170 доллар. Бұл санатқа жататын 250 мыңнан астам қазақстандық жас бар екен.

Бағдарламаға толық, яғни, 18 жыл қатысқан балалардың шотына осы уақыт ішінде 3,5-4 мың доллар жиналады деген болжам бар. Алайда, бұл сома Ұлттық қордың табысына қарай өзгеруі мүмкін. Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, қордың 2005-2022 жыл аралығындағы табысы 1,4 млрд. доллар болған. Сәйкесінше, 2024 жылы бағдарлама аясында 18 жасқа дейінгі барлық балаға 695,5 млн. доллар теңдей бөлінеді. Жинақталған сомаға салық салынбайтынын айта кету керек.

 

Мақсаты айқын қаражат

«Ұлттық қор – балаларға» жобасында қанша жиналса да, оның жұмсалар мақ­саты – екеу. Біріншісі – білім алу. Бұл ретте, отандық жоғары оқу орындарымен қатар, жиналған қаражатпен шетелдік университеттерде де оқуға болады. Екіншісі – тұрғын үй жағдайын жақсарту. Отбасы банктің ресми платформасында көрсетілгендей, бағдарламаға қатысушылар аталған қаражатты тұрғын үй сатып алуға, ипотекалық несиені мерзімінен бұрын толық немесе ішінара өтеуге, ипотекалық займ алу үшін бастапқы жарна ретінде енгізу, оның ішінде жөндеу жұмыстарын жүргізуге, Отбасы банкіндегі депозитті толтыруға пайдалана алады. Мұның барлығы бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана мүмкін болады.

Заңда қаражатты емге жұмсау мүмкіндігі қарастырылмағанын да ескеру керек.

 

Сақталуы керек талаптар

Кәмелетке толмаған әрбір қазақстандық бала Ұлттық қордан өз үлесін алуға құқылы. Дегенмен, есте ұстар тұстар да бар. Мәселен, 18 жасқа толмаған бала шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді. Егер бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып келсе және Қазақстанға оралғаннан кейін республика азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтау­шы шот жаңадан ашылады.

Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Он жылдан кейін де қажет болмаса, қаржы сол адамның зейнетақы шотына аударылады. Бетін аулақ қылсын, бірақ, бала қайтыс болған жағдайда қаражат туған бауырлары ара­сында бөлінеді немесе ата-анасына беріледі. Бұл жағдайда оның бастапқы мақсаты сақталмайды. Сонымен қатар, бала әрекетке қабілетсіз болса, ақшаны басқару құқығы ата-анасына немесе қорғаншыларына өтеді.

Бір отбасының балаларына Ұлттық қордан жиналған қаражатты Отбасы банктегі ортақ депозитке аудару құқығы беріледі. Яғни, ағайынды балалар кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын Отбасы банкіне аударып, бірігіп пәтер алуына болады. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін қаражатты Бірыңғай жинақтау­шы зейнетақы қорымен келісімге отырған кез келген екінші деңгейлі банктен ала алады.

Балалардың арнайы жинақтаушы шот­­­­тарының операторы – Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қоры. Ата-аналарда БЖЗҚ ресми сайтынан қаражаттың түскен-түспегенін тексеру мүмкіндігі бар.

Былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын ұсынған Мемлекет басшысы әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы керек екенін мәлімдеген еді. Ол Ұлттық қор, шынымен, «ұлттық» деген мәртебеге ие болып, халықтың мүддесіне қызмет ететінін атап өтті. Бұл биылғы 2024 жылғы ең маңызды әлеуметтік бастама болары анық. Себебі, ол әлеу­меттік-экономикалық саясаттағы әділеттіліктің іс жүзіндегі бір мысалы.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button