Қарағанды

Ұлттық кодтың басты белгісі – тіл

    Диалектика заңына жүгінсек, әрбір қоғамдық құбылыс пайда болу, қалыптасу, даму, сему кезеңдерінен тұрады. Халық қоғамдық фактор десек, әрбір халықтың тумысынан басынан кешер өзіндік тарихы болады. Осы өсу, даму тарихында халықтың рухани төлтума тарихы да үнемі бірге жетіле түсіп отырады. Бұл заңдылық тегі түркіден тарайтын қазақ халқының бастан өткізген дәуірлеріне көз жүгірткенде тұрақты түрде белгі береді. Сол есте жоқ ілкі заманда түркі халықтары тасқа қашалып түсірілген ойма жазумен бірге соғда, ұйғыр, брахми, манихей, тибет делінетін әр түрлі жазу үлгілерін пайдаланып, кейіннен біржола араб әліпбиіне көшкені мәлім. Бертінгі бұлдыр кезеңде халқымыз аз-кем уақыт латын қарпін қолданған. Осы жазба үлгілері негізінде жасап қалдырған жазба мұраларда халқымыздың талайғы тарихы айқын өрнектеліп сақталған. Ал, бұл деректер оның иірімі мол мыңдаған оқиғаларға толы ғұмырының көркем бейнесі болып табылатын жазба мұрасы, яғни, рухани тарихы да күрделі болғандығын, өздеріне лайық, дербес, жоғары өркениетті деңгейін көрсететін мәдениет үлгілері жеткілікті дәрежеде болғандығын айғақтайды.

Десек те, диалектикалық заңдылыққа сай әр халықтың өзіндік өліара шақты бастан кешіретін алмағайып кезеңі де болып тұрған. Шашылып түскен тастардай ыдырау алдындағы шақта оянып, серпін алып, етек-жеңін жинап үлгеріп отырған. Інжілде бұл пайым: «Время собирать камни» деп беріледі. Осындай ықылымнан жеткен сөз бар. Бұл секілді елінің жетілуін тарихта ұлы тұлғалар ғана жүзеге асыра алған. Ғұндар кезінде Мөде қаған, түркілік дәуірде Елтеріс, Білге қағандар, бергі тарихта Шыңғыс хан, әз-Тәукелер сондай ерен тұлғалық кейіпте көрінді. Сол деңгейдегі тұлға болу бүгінгі Ұлт көсеміміздің пешенесіне жазылыпты. Уақыт көшіне қарай «Мәңгілік Ел» идеясын қалыптастыруы бұның нақты дәлелі. «Мәңгілік Ел» идеясының түп-бастауында тұрған, келешектің ажарын кіргізетін ұстыны ерек туынды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегі дейміз. Бітімі жинақы, шағын болса да, сақаға құйылып түскен қорғасындай салмағы алабөтен, қазақы арманмен сусындаған, ұлттық мұратты көздейтін болмысы бөлек туынды деп айтуға толықтай негіз бар.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінің алғашқы сөзінде-ақ рухани кеңістігімізді өзге құндылықтарға орын беріп алғанымызды тамырдан ұстап білетін сынықшыдай мейлінше дөп көрсеткенін ашық айтқанымыз ләзім: «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» дейді Елбасы. Сөз жоқ, ұлттық кодтың түп-төркіні туған төлтума тілімізде жатыр. Тілді білмесек, ұлттық болмыс жоғалады. Тәуелсіз елдің елдігі, ең алдымен, ана тілімен көрінеді. Әсілінде, мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау бүгінгі күні өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. ХХІ ғасырдың құндылықтар парадигмасында біз үшін қазақ тілі басты орын алуы қажет. Өйткені, тіліміз ұлттық мәдениет пен руханиятты үнемі, ұдайы жаңғыртып отырудың бірден-бір көзі, бастау-бұлағы. Ал, бұл, біріншіден, қазақ тілін еліміздегі тілдік саясаттың басты бөлігі ретінде қарастыруға кепілдік береді. Екіншіден, егемен еліміздің тіл саясатында мемлекеттік тілге берілген басымдық мемлекеттің тұтастығын айқындайтын мемлекеттік ұлт саясатының маңызды бөлігі. Зиялылардың бұған немқұрайды қарай алмай, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ой бөлісіп, пікір таластырып жатқаны соның айқын айғағы. Қым-қуыт қоғам тірлігінде мемлекеттік тілдің жай-күйі, жай-жапсары, туған тілде кейінгі ұрпаққа білім кәусарынан нәр татқызу – күнделікті көкейді тескен басты міндетке, басымдыққа айналуда. Халқымыздың ғасырлар бойғы жасаған рухани дүниесiн жетiк бiлуге құмар бүгiнгi ұрпақтың рухани қажеттiлiгiн өтеуіміз қажет. Ежелгі қазақтың «сөз — намыс» деген таным-түсiнiгi болған ғой. Сөзді тірі организм деп біліп, сөздің культiн бабаларымыз айрықша қадiрлеген. Оған тiптi, мемлекетаралық саяси келiсiмдер жасағанның өзiнде тек сөз берудiң жеткiлiктi болуын және осы сөздiң басқа қоғамдардағы жазба мiндеттемелерден артық бағалануы дәлел. Ұлттық кодтың басты білгісі – тіл деуіміздің астарында осындай қомақты ой мен терең сыр жатыр. Дүниежүзінде жойылып кеткен, жойылуын күткен тілдер қаншама, ал тіл жойылса, ұлт та жоғалатыны кәдік. Ұлт Көсемінің сөзімен берсек: «Бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс». Рух дегеніміз – тіл!

Елбасы «қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек» деп, тайға таңба басқандай анық айтты. Бұны ол әуелден қозғаған еді. «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек» деп, меже де белгілеп берді. Енді оның стандартын да қабылдап, бұл жөнінде заң күшіне ие жарлық шығарып та үлгерді. Біз Елбасы межелеген уақытқа сай болуымыз қажет.

Қазақ тілін латын әліпбиіне біртіндеп көшіру арнайы жобасы бойынша академияда кітапхана қорындағы және Қарағанды облыстық мемлекеттік мұрағатында сақталған ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы латын әліпбиімен жазылған құжаттарының «Латын графикасы – мемлекеттік тілдің сенімді тірегі» атты тарихи-деректі көрмесі өткізілді. Бұл шараның мақсаты білім алушыларға қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруді барынша кең көлемде насихаттау және тарихымыздағы латын графикасын қолданған кезең туралы толыққанды ақпарат беру болды. Латын қарпіне көшудің осал тұстарын бүтіндеуге арналған басқосулар өз мақсаттарына жетіп отырды. Ендігі мәселе өзіміз ғана емес, ішіп-жеуіміз бір өзге ұлттарға үйрету болып отыр. Оның жолдарын қарастыру үстіндеміз. Әрине, латын қарпіндегі жазу емлесін, жаңаша тілдік ереже, заңдылықтарды қалыптастыру да күрделі жұмыстарды қажет етеді. Бұған академиямыздың білікті мамандары өз үлестерін қосып, осы игі шарадан қалыс қалмайды деп ойлаймын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейтіндей, латын әліпбиінің ережелерін жаңаша қалыптау үшін облыс көлемінде тіл мамандарын бір орталыққа жинаған абзал болар еді. Сонда біраз ала-құлалықтан арылар едік.

«Рухани жаңғыруда» Елбасы білім туралы кеңінен толғанады: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Расында, білім – академиямыздың күре тамыры. Білім бірінші кезекте тұр. Отандық жоғары оқу орындары арасында үздіктер қатарында болуымыз білім саласындағы жетістіктермен тікелей қабысып жатыр, бұл жағынан кенде емеспіз, бұған дәлел болатын айғақтар жеткілікті. Уәждесек, өткен жылдың Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі қазақстандық тәуелсіз агенттіктің институтционалды рейтингі қорытындысында оқу орнымыз қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша екінші орынды иеленді, ал республикамыздың гуманитарлық-экономикалық жоғары оқу орындары арасында ғылыми жұмыстар мен инновация бойынша ортадан қара үзіп дара шықтық. Бүгінгі күннің бәсекесінде білім қабілеттілігі қажет-ақ.

Білімнің көзі – оқулықтарда жатыр. «Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз» деді Елбасы. Осы тұрғыдан профессорлық-оқытушы құрам мен ғалымдарымыздың күшімен мамандық классификаторы бойынша іргелі оқулықтар жазу ісін тиянақтау үстіндеміз. Олар заманауи талаптарға жауап беретіндей болуы қажет. Өйткені Елбасы айтқандай, «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз». Бұл қатардан біздің де оқулықтарымыз табылса, несі кем. Шынтуайтында оның астары – «Бәсекелік қабілеттікте жатыр». Өйткені «Рухани жаңғырудағыдай»: «Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін. Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады».

«Болашаққа бағдарда» «замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажеттігі» айтылады. Дұрыс-ақ. Қазіргі күні ескіден қалған жұқаналарымыз баршылық. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі аралық адамдық пен тәрбие көздеріне тұнып тұр. Өзегің аршылмай, өзің өз болмайсың. Біздің де осы көштен кейін қалмаудың алдын ала ойластыра бастағанымыз жөн. Келешектіктің тұтқасы өзіміздің қолымызда. Жуырда ғана академия қабырғасынан «Ізгілік педагогикасы» деген ғылыми-зерттеу орталығы ашылды. Онда есімі әйгілі педагог Ш.Амонашвилидің өзі келіп, осы орталықтың тұсауын кесті, баласы Паатамен бірге ізгілік педагогикасы бойынша оқулар өткізді. Ал ізгілік – атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, дәстүрлі сабақтастық тауып жатқан қазақы болмысымыздың бірден-бір айқын көрінісі, басты қасиеті. Ізгіліксіз ұстаз жоқ. Үстіміздегі оқу жылында үш бірдей қызметкеріміз Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері атағын алып, біреуі – Ы.Алтынсарин атында үздік атануы осының дәлеліндей.

«Болашаққа бағдарда» Елбасы «Туған жер» бағдарламасын ұсынады. «Қазақ «Туған жерге туың тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп тұжырымды сөз айтады. Бұл бағыттағы да еңбегіміз еселі. Ареалдық таныту мақсатында Қарағанды облысы бойынша қаншама энциклопедиялар дайындадық. Қазыбек би бабамызға арналған энциклопедиялық бірден-бір еңбек біздің академияда дайындалғанын зор мақтанышпен айта аламыз.

Елбасы қозғаған түйінді мәселе – сананың ашықтығы. Ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі». Сөз соңында академия есігі әркімге де ашық екендігін атап өткіміз келеді.

 

Қ.МЕҢЛІБАЕВ,

«Болашақ» академиясының

ректоры.

ҚАРАҒАНДЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button