Үлкен Михайловкада темір жол өткелі салынды
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласында қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру үшін берілген тапсырмалардың орындалуын тексерді.
Аймақ басшысы алдымен Үлкен Михайловкадағы жаңа көпірді көріп қайтты. Оның ұзындығы шамамен 71 метр. Мүгедектігі бар адамдар мен баспалдақпен жүре алмайтындар үшін мүмкіндіктер жасалған. Өткен жылдың соңында пайдалануға берілген нысанның игілігін мыңға жуық тұрғындар көруде.
Құрылыспен айналысқан «Темір-Арқа» мердігерлік ұйымының басшысы Марат Әбілқайыровтың айтуынша, көпірді екі тірек ұстап тұр. Құрылыс барысында поездардың қозғалысы тоқтамағандықтан жұмыс жүргізу қиынға соққан.
– Үлкен Михайловка тұрғындарының көпжылдық проблемасы шешілді. Үлкен Михайловка тұрғындары темір жолдан өту мәселесін көтергеніне біраз болды. Бұған дейін ересектер мен балалар оқуға немесе жұмысқа бару үшін күн сайын өмірін қауіпке тігіп, теміржолмен өтуге тура келетін. Бұл өте қауіпті учаске. Жаяу жүргіншілер көпірін салу арқылы біз адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік,- деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Аймақ басшысы тәртіпті қадағалау және нысанның бүлінуіне жол бермеу үшін бейнебақылау орнатуды тапсырды.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.
Суреттер: облыс әкімдігінің сайтынын