Әлімхан әлемі

Қарағанды техникалық университеті ұжымының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Ә. ЕРМЕКОВТЫҢ 130 жылдығына арналған «Әлімхан Ермеков және қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтті.

Конференцияны Қарағанды техникалық университеті ұжымының ұйымдастыруы да заңдылық. Өйткені, «Алашорда» үкіметінің мүшесі, математикадан қазақтан шыққан тұңғыш профессоры, алғашқы қазақ тіліндегі математика оқулығының авторы Әлімхан Ермеков 1955 жылдан бастап 1961 жылға дейін Қарағанды политехникалық институтында (қазіргі Қарағанды техникалық университеті) Жоғары математика кафедрасында жұмыс істеді.

Шараға облыс және Қарағанды қаласы әкімдіктерінің, мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, шетелдік (АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай, Ресей, Болгария, Словения, Словакия) және қазақстандық жоғары оқу орындарының ғалымдары, ғылыми орталықтардың, мұрағаттар мен мұражайлардың өкілдері, ҚарТУ профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысты.

Конференцияда Әлімхан Ермековтың немересі, MARY ADI EDUCATION (Ұлыбритания) компаниясының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Олег Ермеков: «Атам өте кішіпейіл болды. Жас кезімде сол кісілердің үйіне барғанда осы қасиетіне көз жеткіздім. Жолдастары, замандастары, қаладан да ауылдан да атамды іздеп келушілер көп болды. Ешкімді алаламайтын, айтқандарын тыңдап, мәселелері болса қолынан келгенше шешуге тырысатын. Әлімхан атам қандай жұмысқа кіріссе де ыждағатпен істейтін. Адамгершілігі мол еді. Бізді де азамат болуға тәрбиеледі» деп еске алды.

Техника ғылымдарының кандидаты, профессор Савет Сағынтаев өз баяндамасында Әлімхан Ермековтің өзіне қолдау білдіргені туралы айтты. «Әлімхан ағамыз математик, әрі ұлағатты ұстаз бола білді. Ол кісінің маған жасаған қамқорлығын ұмытпаймын. «Артымнан ерген әріптесім» деп маған үлкен баға беріп, зор сенім артты» дейді Савет Сағынтайұлы.

Ал, Әлімхан Ермековтің Семей қаласындағы өткен өмір жолдары туралы осы қаладағы Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж директоры Жаңагүл Жанаева: «Іргетасы сонау 1903 жылы қаланған, 118 жылдық тарихы бар білім шаңырағында ұлтымыздың ұлылары М. Әуезов, Ж. Аймауытов, Қ. Сәтбаев, Ә. Марғұлан, Ш. Аймановтармен бірге Алаш арысы Әлімхан Ермеков те білім алды. Оқу орнының жарқын бір беті Қазақ Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, геология ғылымының 20 ғасырдағы аса көрнекті ғалымы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімімен тікелей байланысты. Әлімхан Ермеков бұл оқу орнына 14 жасында түсіп, 21 жасында бітіріп шықты. Сонымен қатар, Орынборда 1917 жылы желтоқсанның 5-і мен 13-інің аралығында өткен
Екінші Жалпықазақ құрылтайының қаулысында Семей қаласы Алаш автономиясының астанасы, Алаш Орда халық кеңесінің орнатылатын жері болып жарияланды.
Нақты айтқанда, Алаш үкіметінің ғимараттары Ертістің сол жағасындағы Жаңа Семейде орналасқан. Жаңа Семейді ол кезде орысша «Заречная слобода» деп атаған, ал қазақша халық оны аталмыш тарихи оқиғаларына байланысты Алаш қаласы деп жүрген» дейді. Томск мемориалдық мұражайының басшысы, академик Д. Лихачев атындағы сыйлықтың лауреаты, М. Шатилов атындағы ТОӨМ жанындағы тарихи жадты зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Василий Ханевич болса қудалауға түскен арыстарымыз жазасын өтеген «Следственная тюрма НКВД» туралы айтып берді. Томск политехникалық университетінің музейлер кешенінің экспозициялық және көрме жұмысы жөніндегі маманы Вадим Лобанов Әлімхан Ермековтің Томскіде оқығаны туралы тарихи деректерді алға тартты. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ҚХА институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жанна Қыдыралина «Алаш арыстары туралы көп айтылуы, жазылуы керек. Тарих жастарға керек. Ата-бабамыз армандаған ел еркіндігіне жетіп, Тәуелсіз мемлекет атандық. Осы жолда құрбан болған, қудаланған азаматтарымызды мәңгі есте сақтауымыз керек» дейді. Қарағанды облысының мемлекеттік мұрағатының басшысы Жанагүл Тұрсынова қорда сақталған Әлімхан Ермековке қатысты құжаттар туралы сөз қозғады.

Халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференцияға қатысушылар: «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын, оның ішінде Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы үшін күресте ерлік көрсеткендерді мәңгі есте қалдыру жөніндегі ҚР мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу және қабылдау шеңберінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Ә. Ермековтің 130 жылдығына арналған «Әлімхан Ермеков және қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференциясының жұмысы өзекті деп танылсын. Білім және ғылым министрлігіне жаратылыстану ғылымдары саласындағы жетістіктері үшін жас ғалымдарға Ә.Ермеков атындағы стипендия, Қарағанды техникалық университетінің директорлар кеңесіне жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы жетістіктері, сондай-ақ үздік үлгерімдері үшін ҚарТУ студенттеріне атаулы стипендия тағайындау туралы ұсыныспен шығу керек. Қарағанды техникалық университетінің базасында тұңғыш қазақ математигі және профессоры – Әлімхан Ермековтың туған күніне орай гимназия, мектеп, лицей, колледждер мен жоғары оқу орындарының оқушылары арасында математика (жоғары математика) бойынша жыл сайынғы республикалық олимпиада өткізілсін. Қазақстанның қазіргі жастарының бойында патриотизм сезімін тәрбиелеу мақсатында Әлімхан Ермековтың тұлғасы туралы толық метражды деректі және көркем фильмдер түсіруді қаржыландыру ұсынысымен Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығына шығу керек» деген шешім қабылдады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.