Жаңалықтар

Лилия КИМ: «Бейбітшілік пен тұрақтылық ауадай қажет»

Кеншілер шаһарындағы корей этномәдени бірлестігінің негізі Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылмай тұрып қаланған. Бүгінде жұмыс істей бастағанына 35 жылға жуықтапты. Осыдан төрт жыл бұрын Қарағандының орталық демалыс саябағында «Қазақ еліне мың алғыс» атты естелік белгі орнатқан. Оған жыл сайын гүл шоғын қойып, бабалар рухына тағзым етеді. Мемлекеттік тілді меңгеруде де бірлестік жастары белсенділік танытуда. Бірлестік   мүшелерін берекелі іске ұйытып отырған, облыста Ассамблея филиалы құрылғалы басы-қасында жүрген корей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лилия Михайловна Ким ханымға мереке қарсаңында бірнеше сұрақ қойдық.
– Лилия Михайловна, сөзімізді Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысындағы ролінен бастасақ.
– Тарихтан Қарағандының көпэтносты облыс екенін білеміз. Қарағандылықтар үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының ролі – ерекше.   Ассамблея құрамындағы этнос өкілдерінің аға буыны жастарға салт-дәстүр  мен әдет-ғұрыпты, ата-баба тарихын және басқа да құндылықтарды аманаттап, ұрпақ сабақтастығын сақтап келеді. Ал, қазақтардың қонақжайлығы мен бейбітшіліктің қадірін білуі, толеранттылығы, әр этностың құндылығына құрметпен қарауы бізге күш-жігер береді. Бір үйдің баласындай бірлігімізді паш ететін шаралар дәстүрлі түрде өткізіледі. Жеткен жетістіктерімізді бағалап, барға қанағат қылып, аймақтың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрміз.
– Ассамблея сессиясында жыл сайын жаңа міндеттер қойылады. Сол мақсаттар жүйелі орындалып жатыр ма?
– Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамалары мен жобалары жастарды патриоттық рухта өзара сыйласып, ымыра-бірлікте өмір сүруге тәрбиелеуге бағытталған. Форум, фестиваль, дөңгелек үстел, слет, сенбілік, волонтерлік жобалардың бәрін өткізудегі мақсат жақынға жанашыр, адал еңбек пен бәсекеге қабілетті болуға үндейді. Жыл сайын орталық саябақта дәстүрлі түрде өтетін фестиваль сөзімізге жарқын мысал болады. Онда аймақта өмір сүретін этнос өкілдері қасиетті Арқа жерінде тең құқықты өмір сүріп, кәсіппен айналысып, өсіп-өніп жатқаны көрсетіледі. Әр жылы сәуір айында өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жүктелетін мақсат-міндеттерді Қарағанды облысы толық орындап келеді.  
– Облыста қанша корей этносы өкілі бар және олардың Қазақстанға келуі жөнінде қысқаша айтсаңыз?
– Статистикалық дерекке сүйенсек, облыста 12 мыңнан астам кәріс өмір сүреді. Олар сталиндік режимнің күштеп қоныстандыруымен Қарағандыға табан тіреген. Қиыр Шығыстан тағдыр кешіп келген бабалар осылайша, Арқа жерінде тұрақтап қалған. Жергілікті халықтың кең құшағы мен адамгершілік пейілі оларды аман сақтап, өсіп-өнуіне жағдай жасады. Басқа аймақтарға қарағанда Қарағанды облысында кез келген саладан сапа және ұқыптылық байқалады. Өзің адал һәм еңбекқор болсаң, кем болмайсың. Жұмыс көп, ынта болса, болғаны.
– Сіздіңше, Қазақстандағы этносаралық татулықтың нышаны қандай?
– Этносаралық татулық барша қазақстандықтың өмірлік ұстанымы десек артық емес. Әр этнос өкілі этникалық тұрғыдан Заңмен қорғалатынын мақтан тұтады. Барлық саладағы бірлік пен ынтымақ даму мен өркендеуге жетелейтінін білеміз. Ішімізден іріп, өзара араз болсақ, кез келген сынаққа төтеп бере алмас едік. Аяққа нық тұрғанша бізге тек бейбітшілік пен тұрақтылық қана ауадай қажет. Мұны әрқайсымыз түсінуіміз керек.
– Корей этномәдени бірлестігінің мүшелері мемлекеттік тілді қаншалықты меңгерген?
– Мемлекеттік тілді меңгеру – өте маңызды қадам. Біздің буын бұл жағынан сәл орашолақтау. Өйткені, Қарағанды орыстілділер көп шоғырланған аймақ болды. Орыс тілі кең тарады, жақсы дамыды. Біз сондықтан, қазақша үйрене алмадық. Түсінеміз және аздап сөйлейміз. Осы деңгейде ғана. Тереңдеп бару қиын. Ал, жас буын еркін сөйлеу деңгейіне талпынып жүр, оларға бар жағдай жасалған. Достық үйінде «Мәміле» қазақ тілі клубы жұмыс істеп тұр. Басқа да орталықтар баршылық. Олар концерттерге қатысады, білімін жетілдіреді, шараларға үлес қосады. Ән айтады, өлең жаттайды, оқиды. Мемлекеттік тілді үйреніп қана қоймай, өз этносының да құндылығын қазақша насихаттай алады. Сөз соңында еліміздегі осы тұрақтылықтың мәңгілік болғанын қалайтынымызды айтқым келеді. «Мәңгілік Ел» болу әрқайсымыздың асыл мұратымызға айналсын!
– Әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button