Жаңалықтар

Әлеуметтік жауапкершілік әл-ауқатты арттырады

   2014 жылдан бері біздің елде «Өрлеу» жобасы жүзеге асуда. Ол халықтың әлеуметтік көмекке мұқтаж тобын қолдауды мақсат етеді. Отбасыларға күрделі кезеңде қол ұшын береді, материалдық жағдайын оңалтуға ықпал етеді. Ол үшін арнайы әлеуметтік келісім-шарт жасалады. Құжаттың негізінде отбасының әрбір мүшесіне әлеуметтік келісім-шарт мерзімі ішінде жәрдемақылар беріледі.

Мәселен, отбасының кірісі күнкөріс деңгейінің 60%-ынан төмен болса, мемлекет жұмыс істемейтін, бірақ, жұмыс істеуге қабілетті отбасы мүшелеріне Жұмыспен қамту орталығымен әлеуметтік келісім-шарт жасасуды ұсынады. Егер, келісім-шарт жүзеге асса, «Өрлеу» жобасының негізінде мемлекет отбасының әрбір мүшесіне шартты қаржылай көмек ұсынады. Оның көлемін жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әрбір отбасына жекелей санайды. Отбасы болса, мемлекет тарапынан бөлінген қаражат арқылы білімін жетілдіріп, өзіне ұсынылған мамандық бойынша жұмыс істеуі тиіс.

Сондай-ақ, отбасының еңбекке қабілетті мүшелеріне уақытша жұмысқа орналасу туралы ұсыныс жасалады.

Осакаров ауданының тұрғындары жобаның мүмкіндіктерін мүлт жіберіп отырған жоқ. Биылғы жылы жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 10 млн. 532 мың теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде, шартты қаржылай көмекке – 3 млн. 492 мың теңге. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен де 2,5 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді.

Осакаров ауданы Жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрлан Башаровтың айтуынша, 10 ассистент және бір кеңесші жобаға қатысудың жолдары туралы халық арасында ақпараттық-түсіндірмелік жұмыстар жүргізу үстінде. Селолық округтердің әкімдері де осы жұмысқа тартылуда. Жұмыстың осылайша жүйелі жолға қойылуы Осакаровтық тұрғындарды толықтай ақпараттандыруға мүмкіндік берді. «Өрлеу» жұмысына қатысушылар барлық селолық округтерден бас көтерді.

«Өрлеу» жобасына қатысуға ниет еткен отбасылардың арасында, біріншіден, әлеуметтік көмек алатын және 18 жасқа толмаған балаларына жәрдемақы алатын отбасыларға басымдық беріледі. Осындай әлеуметтік келісім-шарт құрамында 127 адамы бар 24 отбасымен жасалған. Бұл топта 18 жасқа толмаған 86 адам бар. Өтініш білдірген жұмысқа қабілетті 32 азаматтың үшеуі жұмыспен қамтылған. Ал, 25 адам «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы жұмыспен қамтылды. Біреуі әлеуметтік жұмыс орнына жолдама алды. Жалпы, бөлінген шартты қаржылай көмектің көлемі – 4 млн. 526 мың теңге.

Жобаның қамқорлығын сезінгендер қатарында Бердхан Врайдың отбасы бар. Олар Сарыөзек селолық округінде тұрады. Қазақстанға Монғолиядан көшіп келген отбасы. Шаңырақта үш бүлдіршін тәрбиеленуде. Сондықтан, олардың анасы үй шаруашылығында, бала тәрбиесімен айналысуда. Отағасы болса, түрлі кәсіппен шұғылданып, нәпақасын тауып келген. Отбасының жағдайы Осакаров аудандық Жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіргеннен соң оң өзгеріске бастады. Мемлекеттің қолдауы нәтижесінде, отағасы «Мұрат» ЖК-нің мал бағушысы болып орналасты. Сондай-ақ, отбасы шартты қаржылай көмек ретінде үш жүз мың теңгеден астам қаражат алды. Бұл қаражатқа екі сиыр сатып алды. Бұған қоса, отбасы үш баласына мемлекеттік жәрдемақы алуда.

Нұрлан Башаровтың айтуынша, бұл күні аудандағы бес отбасы әлеуметтік көмек алып отыр. Бірақ, оларды жобаға тарту әзірге мүмкін емес. Себебі, олардың арасында бала күтіміне байланысты еңбек демалысындағы жалғызбасты аналар бар немесе кейбірі қамқоршылар тізімінде.

Жыл соңына дейін бұл бағдарламаға қатысушылар тізімін тағы алты отбасы толықтырады деген болжам бар. Бұл отбасылардың құрамында 49 адам бар. Араларында жұмыссыз азаматтар да бар. «Жұмыспен қамтуың – 2020» Жол картасы бағдарламасы арқылы олар білімдерін жетілдірді. Механик мамандығын алып, тұрақты жұмыспен қамтылды.

«Өрлеу» бағдарламасы Жаңаарқа ауданында да сәтті жүзеге асуда. Ауданның жұмыспен қамту орталығының басшысы Венера Тоқанованың айтуынша, әлеуметтік келісім-шарт 22 отбасымен жасалған. Бұл құрамда 108 адам бар. Жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен – 8 млн. 726 мың теңге, жергілікті бюджеттен 1 млн. 757 мың теңге қаражат бөлінген. Жобаға қатысушыларға бір жарым миллион теңгеден астам қаражат көлемінде көмек көрсетілген. Ол аз қамтылған отбасылардың хал-ахуалын оңалтуға септігін тигізді.

Оксана МЯГКИХ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button