Жаңалықтар

«Әлеуметтік қызметкерге де көмек керек»

Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан аймаққа іссапармен келді. Ол өмірдің қиын жағдайына тап болған отбасыларға қолдау көрсететін тұңғыш мемлекеттік мекеме – Қарағанды қаласындағы Отбасын қолдау орталығының жұмысымен танысты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

– Отбасыларға қолдау көрсететін осындай орталықтардың болғаны дұрыс. Тұрмыста зорлық-зомбылыққа ұшырап, қиналған кезде жалғыз қалмай, жан-жақты қолдаумен қатар, психолог, заңгер мамандардың кеңесін алады. Одан бөлек, бұл орталықтың тағы бір ерекшелігі – егде жастағыларға да көмек көрсететіндігінде. Бұл – өте құптарлық дүние, әрі осымен тоқтап қалмай, оны дамыта түсу қажет, – дейді Кенжеғұл Социалұлы.

Орталықтың басшысы Ләззат Қожахметова Отбасын қолдау орталығының жұмысы түрлі бағытта жүргізілетінін айтады. Атап айтқанда, бірден бірнеше қызмет түрі бойынша кеңес алып шығуға болады. Мәселен, мамандар мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беріп қана қоймай, отбасылардың қоғамдағы жағдайын талдап, мониторинг жүргізеді. Одан бөлек, жағдайы төмен отбасыларды анықтап, олардың еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі.

– Орталықта қолайлы психологиялық ахуалды қамтамасыз ету мен жанжалдың алдын алу мақсатында отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, психологиялық тренингтер өткіземіз. Алимент, мүлік бөлу, несие борышын банкрот деп тану мәселелері бойынша заңгердің де кеңесі тегін. Айтар болсақ, өткен жылы барлығы 5 014 қызмет көрсетілді. Тіпті, мәдени іс-шаралар, семинарлар, вебинарлар, дөңгелек үстелдер де ұйымдастырамыз, – дейді Ләззат Таймырқызы.

Орталық жанында тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарды қысқа мерзімге орналастыратын үй-жай да бар. Ол жатын орындармен, тамақ әзірлейтін асүй техникасымен, киім жуатын машинамен, теледидармен және тағы басқалармен толық жабдықталған.

Ләззат Қожахметова мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, кәсіпкерлердің, азаматтардың бастамашыл топтарының қолдауымен, түрлі қайырымдылық іс-шаралар да ұйымдастыратындарын айтады.

Орталықтың жұмысымен танысқан Кенжеғұл Сейтжан болашақта әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын көтеруге ұсыныс жасайтынын да жеткізді.

– Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Демек, бар байлығымызды тұрғындардың тұрмысын жақсартуға арнауымыз керек. Бұл ретте әлеуметтік қызметкерлердің үлесі зор. Сондықтан, олардың өзін қамқорлыққа алу керек. Яғни, әлеуметтік көмек көрсететін қызметкердің өзіне көмек керек! – дейді Кенжеғұл Сейтжан.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button