Әлеуметтік қолдау тетіктері жаңарады
Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет екенін Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында тағы да баса айтты. Былтыр Жолдауда айтылған тапсырмалардың іске аса бастағанын, әлі де бірқатар міндеттер бар екенін атап өтті.
Мәселен, балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. Бүгіннің өзінде 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан 300 миллиардтан астам теңге аударылғанын айтты.
Десе де, Мемлекет басшысы халықты қолдау шараларын жетілдіре түсу қажеттілігіне тоқталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы келесі жылдан бастап, «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырды. «Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс», – деп атап өткен Президент қазір мемлекет тарапынан қолдау жасағанда азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын алға тартты.
«Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет», – деді Мемлекет басшысы.
«Әлеуметтік әмиян» жобасы цифрлық картаға балама ретінде енгізілмек. Оның ерекшелігі ол әр адамның жеке сәйкестендіру номеріне тіркеліп, ашылады. Банк картасын ауыстырып, жаңарту қажеттілігі болмайды. Барлық әлеуметтік төлемдерді төлеуге мүмкіндік береді. Тағы бір артықшылығы, ондағы әлеуметтік төлемдер банктер, коллекторлық қызмет тарапынан өндіріп алу процедураларынан қорғаларды. Бұл мемлекеттік қолдаудың тікелей адамға жетуін көздейді. Жобаның жүзеге асуы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға тағы бір көмек болады.
Төлеу МҰХТАРОВ,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы
басшысының орынбасары