Әлеуметке әлеуетті әскер керек
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 13 ақпандағы № 782 Жарлығына сәйкес 1 наурыздан жергілікті атқарушы органдар, әкімдер орынбасарларының төрағалық етуімен қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиялары азаматтарды көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыруды бастады. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Еркебұлан Мұстағұловтың айтуынша, көктемгі әскерге шақыру маусымында мыңға жуық адамды әскер қатарына қабылдау жоспарланыпты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Қазақстан халқына Жолдауында осы әскер мәселесіне айрықша тоқталды. Себебі, кейінгі жылдары әскерге барудан бас тартатындардың қатары көбейіп, қоғам біраз дүрліккен. Бұған түрлі себептер бар. Бірақ, шындығы мен өтірігі аралас ақпараттардың қарша бораған уақытында күн кешіп жатқанымызды да ескерген жөн. Мәселен, нақты Қарағанды облысы мұндай проблемадан алыс. Бұл сөзімізге облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Еркебұлан Мұстағұловтың берген дерегі – дәлел.
– Облыста 2025 жылдың көктемінде әскер жасындағы 1000-нан астам азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. 2025 жылғы 30 маусымға дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ, 18 бен 27 жас аралығындағы ер-азамат толықтырады. 1 наурыздан бастап шекара күзетуге 100 жігіт жөнелтілді. Жоспар орындалып жатыр. Отан алдындағы борышын өтеуге асыққан ер-азаматтардың қатары қалың. Мәселен, былтыр жоспар 103%-ға орындалды. Облысымызда айтарлықтай проблема жоқ, – деді Еркебұлан Мұстағұлов.
Әскерге шақырылушыларды хабардар ету шақыру қағаздары мен SMS-хабарламалар арқылы жүзеге асырылады екен. Хабарламаны алған азамат медициналық комиссиядан өту үшін әскери басқару органдарына баруға міндетті.
– Әскери қызмет өткерудің барлық кезеңінде сарбаздар тамақпен, заттай мүлікпен, жеке гигиена құралдарымен және ай сайынғы ақшалай үлеспен қамтамасыз етілетінін хабарлаймыз. Оларға медициналық қызметтер көрсетіледі және пошта жөнелтілімдері үшін өтемақы төленеді. Мерзімді қызметтің әскери қызметшілері үшін мынадай жеңілдіктер заң жүзінде бекітілді. Мерзімді қызмет өткерудің барлық уақытына және запасқа шығарылғаннан кейін 60 күнге несиелік демалыс беріледі. Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ еліміздің жоғары оқу орындарында тегін немесе ақылы білім алу мүмкіндігі бар. Экономиканың нақты секторында сұранысқа ие жұмысшы мамандығы бойынша мемлекеттік үлгідегі куәлік алады. Запасқа шығарылғаннан кейін жұмысқа орналасу мүмкіндігі мол.
Естеріңізге сала кетсек, мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін қолданыстағы заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, – деді Еркебұлан Мұстағұлов.
Былтыр сарбаздарға жоғары оқу орындарында тегін оқуға 1500 грант бөлініпті.
18 бен 20 жас аралығындағы ер-азаматтар арасында шағын блиц жүргізген едік. Пікір білдірушілер аты-жөндерін нұсқамауды өтінді.
– Әскерге бару – Отан алдындағы қасиетті борышыңды өтеу. Бұл туралы әкем жиі айтады. Әкем Кеңес Одағының кезеңінде 2-3 жылға туған ата-анасынан ұзап кеткен. Қазір бір жыл. 12 ай дегеніңіз өте шығатын секілді. Маған да шақыру келді. Комиссиядан сүрінбей өтсем, сарбаз боламын, – деді 18 жастағы азамат.
– Шекарада Отан алдындағы борышымды өтеп келдім. Әскердегі темір тәртіп пен жаттығулар бозбаланы нағыз жігітке айналдырады. Әскерден мен жалтарсам, басқалары жалтарса, Отанға қауіп төнгенде, кім қолына қару алады? Бізден кейінгі толқын осыны ескеру керек, – деді бірі.
Республикалық ақпарат көздеріндегі дерекке сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен биыл әскери қызметке жалпы саны 42 098 азамат шақырылады екен.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»