Әлеумет әлеуеті мықты
Қарағанды әуел бастан алып құрылыс алаңы ретінде белгілі. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудағы құрылыс биылғы жылы да толастаған жоқ. Әсіресе, әлеуметтік саланы қамтыған құрылыстың халық игілігі үшін қалтқысыз қызмет ететіні анық. Соларға тоқтала кетсек…
2016 жылы Қарағанды облысы бойынша білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандырудың қырыққа жуық нысанының құрылысын жөндеуден өткізу жоспарланған екен. Атап айтар болсақ, жалпы білім беретін 4 мектеп, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған 1 мектеп-интернат, 2 балабақша, облыстағы ауылдық жерлерде 27 амбулатория, Қарағанды қаласының өзіндегі 1 балалар ауруханасы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 4 нысаны… Тізе берсе, баршылық. Осылардың ішінен биыл 38 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Айта кету керек, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін салынып жатқан осы құрылыстардың басым көпшілігі бағдарламалар еншісінде. Мысалы, «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша Сәтбаев қаласында 600 орындық мектеп пен Қарағанды қаласында 320 орындық балабақша салынған. Ал, «Білім беруді дамыту» бағдарламасының аясында Жаңаарқа ауданының Жұмажанов ауылында 150 орындық жалпы білім беретін мектеп, Абай ауданының Құрма ауылында 320 орындық мектеп құрылысы бар.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша дәрігерлік амбулаторияларды да қолданысқа беру қарқынды. Қарағанды облысындағы барлық аудандарда, оның ішінде шалғай орналасқан ауылдық жерлерде дәрігерлік амбулаториялардың 26 нысаны салынуы – халық денсаулығын жақсарту үшін жасалған жақсы жағдай екені анық.
Биылғы жыл есебін қарастырар болсақ, балабақшалар мен мектеп құрылыстарын салуға баса мән берілген сыңайлы. Қарағанды қаласындағы «Кең дала» шағын ауданында 1200 орынды қамтитын мектеп салынды. Бұл – бүгінгі тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде салынып, халық жаппай қоныстанған Оңтүстік-Шығыс ауданы халықтары үшін таптырмас олжа болмақ.
2016 жылы құрылыс қамтылмаған әлеуметтік нысандар кемде кем. Олардың тізімі де үлкен. Жезқазған қаласында 320 орындық балабақша құрылысы басталса, Қарағанды қаласындағы аурухана қалашығының жылу желілерінің құрылысы, Қарқаралы қаласындағы мүгедектерге арналған оңалту орталығының су және кәріз жүйесінің құрылысы қарқынды түрде жүрді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы қалалық және аудандық әкімшіліктер жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысын салуды жалғастыруда. Оған Қарағанды қаласы, Майқұдық ауданындағы Белинский көшесінде орналасқан бассейні бар сауықтыру кешені мен Абай қаласындағы жабық бассейн құрылысының басталуы салауатты өмір салтын қалыптастыру жолында жақсы жобалардың бірі болғаны анық.
Ұлытау ауданы да құрылыс салу жолында басқалардан кенде қалып жатқан жоқ. Бұл жердегі Бетбұлақ ауылындағы 80 орындық мектеп пен Ұлытау ауылындағы сауықтыру кешені ел игілігіне қызмет етері даусыз.
Салтанат ИЛЬЯШОВА