Қарқаралы

Командир

    Қонышына қан толған Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен аяқ алғанына да ширек ғасырдан астам уақыт болды. Тау жастанып, құм құрсанған сайыпқыран сарбаздардың қатарында Алаш азаматтары да аз емес еді. Соның бірі һәм бірегейі, Қарқаралы топырағының тумасы – Өмір МҰҚАШЕВ.

Өмір Төлешұлы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Әкесі марқұм Төлеш Мұқашұлы Күзембаев атындағы, 31-БИС шахталарында қызмет атқарған ардагер шахтер еді. Анасы Сәбила Изкина Қарағанды шұлық-ұйық фабрикасында сарапшы-бақылаушы болып тер төккен. Шахтердің шаңырағынан шойындай берік, темірдей төзімді батыр азаматтың дүниеге келуі де содан болар. Ер жетіп, батыр Тоқтар білім алған мектептен түлеген Өмір Төлешұлы арнайы әскери-мамандық даярлау, оқып-үйрену курсынан өткеннен кейін, «реактивті артиллерия қаруының командирі» шенін алады. Кейін, БМ-21 (ВУС-042) командирі ретінде өзінің әскери міндетін орындай жүріп, үкіметтік наградалар мен марапаттауларға, төсбелгілер мен үздік әскери қызметі үшін грамоталарға ие болды. Әскери техникалар мен әскери кәсіптік қаруланудың түрлі арнаулы атақ-лауазымдарын иеленді. Әскери бөлімде взвод командирінің орынбасары, взвод командирі, қару-жасақ командирі, БМ-21 командирі сынды әскери қызметтік міндеттерін атқарды. Ақыры, дала поштасы 51883 әскери бөлімінің құрамында қызмет етіп, сұрапылдың ортасынан аман-есен еліне оралды.

Жалғызын күтіп, жарғақ құлағы жастыққа тимеген анасымен, «Ақсарбас, құдай! Жалғызыма жар бола көр!» деп жанын шүберекке түйген әкесімен, тілеуін тілеп, жолын күткен туған-туыс, елі-жұрты, ауылымен қауышты. Бүгінде бала-шағалы болып, отбасымен, анасы Сәбила Ізкеқызымен Қарағайлы кентінде тұрып жатыр.

Кейіпкеріміз Ауғанның асуынан асып, өмір мен өлім жағаласқан от ортасынан аман келген соң, құрылыс саласында, біраз жылдар геологиялық-экспедиция мекемесінде еңбек етті. Қазіргі таңда «Қорғау қызметі» мекемесінде күзет қызметінде. Балалары жоғары білім алып, ересектері әр салада қызмет етуде. Кенжелері мектеп қабырғасында.

Ауған соғысының ардагері – өзне ғана тән салмақтылығымен, ақыл-парасатымен, батыр тұлғалы дене бітімімен айналасына сыйлы, қадір-құрметі ерекше жан. Оның адамгершілік сипаты, қарапайымдылығы кімге болса да үлгі боларлықтай. Өмірдің үлкен сынынан өтіп, өрелі ой түйген жігіт ағасының сол бір қаралы жылдарда көрген-білгенін, адам баласына айта бермейтін ішкі сырын қазбалай беруге біз де бата алмадық. Тек, қолдан келер бар қайран – Өмір Төлешұлы сынды ардагерлеріміздің ерлік істерін бағалап, лайықты құрмет көрсету ғана.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button