Білім

Кітаппен өткен жаз қызық

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы «Жазғы оқу қаласы» акциясы және балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Кітапханадағы жаз» дәстүрлі бағдарламасының тоғызыншы маусымын бастады.

Іс-шараның ашылу салтанатында «Қарақат» мектеп-студиясының «Шалқыма» ансамблі «Секіртпе» күйін, Абай атындағы мектеп-гимназиясының 7 «В» сынып оқушысы Бекболат Әли «Ақ бұлақ» әнін, әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясының 6 «В» сынып оқушысы Айсара Рафайлова Қорқыттың «Сарын» күйін орындап, «Алтын сақа» бөбекжайының «Қарлығаш» тобының тәрбиеленушісі Айханым Аяп­берген М.Жұмабаевтың «Ботамды көрдім түсімде» атты өлеңін оқып, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Шығармашылық алаңдарда балалардың ой-өрісін, тіл байлығын, кітапқа деген қызығушылығын ояту мақсатында «Көңілді қиялшылдар елі», «Make comics» атты шеберлік сағаттары, «Барлығымыз билейміз» би баттл ұйымдастырылып, «Қазақстан рәміздері», «Асығың алша түссін», «Твистер», «Жұмбақ үштік» ойындары ойнатылды.

Сонымен қатар, жас бүлдіршіндер назарына қазіргі таңда танымал балалар авторларының шығармалары, ертегілер, кітапшалар, балаларға арналған танымдық анықтамалар мен журналдар ұсынылды.

Жаз бойы қаламыздың кез келген тұрғыны аптасына екі рет сейсенбі және бейсенбі күндері сағат 11.00-ден 16.00-ге дейін «Жазғы оқу қаласының» оқырманы болып, кітапхана қорына өз кітабын сыйлау мүмкіндігіне ие болады. «Кітап­ханадағы жаз» бағдарламасына дүйсенбі, сәрсенбі күндері сағат 10.00-ден 13.00-ге дейін қатысып, танымдық сабақтар мен байқаулар, көңілді ойындар, түрлі жаттығулар мен қызықты шеберлік сағаттар арқылы шығармашылығын дамытып, жазды қызықты өткізуге болады.

«Кітапханадағы жаз» бағдарламасы 10 тамызға дейін, ал «Жазғы Оқу қаласы» 17 тамызға дейін жұмыс істейді.

Нұрзат ТІЛЕУБЕРГЕН,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті
журналистика кафедрасының ІІІ курс студенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button