Кітапхана – руханият ордасы
Шет аудандық орталық кітапханасының оқу залында студенттердің қатысуымен «Кітапхана – рухани тәрбие бастамасы» атты әдеби вернисаж өтті. Шараның тізгіні оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашылары – Бекзат Алтынбек пен Айнагүл Төлеукеновада. Вернисаж өткізудегі мақсат – кітапханаға жастар мен жасөспірімдерді көптеп тарту, бос уақыттарын пайдалы іске жұмсауға баулу.
«Кітапхана – білімнің қайнар көзі», «Келешегі кемел Шет өңірінің сырлы шежіресі» атты кітап көрмелері оқырмандар назарына ұсынылды. Кітап көрмелеріне шолу жасап, өлкенің тамырлы тарихынан мағлұмат келтірген – кітапханашы Маржан Құнанбаева. Оқырмандарға ауылымыз – алтын тұғырымызға арналған әсем әнді жастар жаттау үшін бір бетіне ән мәтіні жазылған күнтізбелер естелік ретінде таратылып, мәдениет қайраткері, шараның бастамашысы Гүлшара Ахметова аудан гимніне айналған «Ақсу-Аюлы» әнін көңілдеріндегі туған жерге деген сезімді ояту үшін оқырмандармен бірге орындады. Кітапхана төрінде әуелеген әсем әннің әуенін жазған – атақты композитор Әсет Бейсеуов, сөзін жазған – ақын Саттар Сейітқазин. Кешке арнайы келген қонақ, сан қырлы өнер иесі Амантай Рашитов жиналған жас оқырмандарға Шортанбай жырау, Жанғұтты шешен, Дияқажы, Қақпан ақын, Маясар секілді аузы дуалы тұлғалар мен Жидебай, Дербісалы сияқты баһадүрлерді дәріптеп, 1975 жылы арнайы аудан гимні ретінде жазылған әннің жазылу тарихына тоқталды. Зәрубай Сүйіндікұлы, Тезекбай Амандықұлы, Амантай Рашитов, Жанболат Тәжібеков секілді сазгерлер мен ақындардың әндері шырқалды.
Жастар жаңашыл «Папарацци» айдарында өздерінің бала шақтарындағы суреттерден дайындалған слайдты тамашалап, көңіл-күйлері көтерілді, «Қызықты сөздік» кітапханалық ойынында студенттердің күнделікті қолданысындағы сөздердің анықтамасын басқа, күлкілі, әзіл тіркестермен алмастыра отырып, жастардың өзіне табу ұсынылды. «Психогеометрия», «Мамандық таңдау» викториналарында жас оқырмандардың қарым-қабілеттері мен танымдары сынға түсіп, мамандықтар жайлы мәлімет алды. Студенттермен олардың болашақтағы бағдарлары мен жоспарлары, мақсат-мүдделері туралы ашық әңгіме де әдеби вернисажға көрік берді. Аудандық мәдени сауық орталығының қызметкері Бекзат Аханов шырқаған ән кештің өзіндік бояуы іспетті. Студенттерден Балжан Серікова, Бексұлтан Болысбай, Адель Тезекбаева, Бақдәулет Боранқұл, Үміт Хантурина, Арайлым Хасенова, Назерке Серікова белсенділік танытты. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мейрамкүл Нұрпейісова жиналған оқырмандар қауымына алғыс айтты.
Б.ШІДЕРБЕКОВА,
кітапханашы.
ШЕТ ауданы.