Руханият

Кітап оқыған кіріптар болмайды

«Кітап оқитын ұлт» жобасының іріктеу кезеңі басталды. Мектепішілік деңгейде өңір ұстаздары бақ сынады. Сайыскерлердің ішінде 6 минут 30 секундта 45 сұраққа жауап берген жеңімпаздар анықталды. Ұлттық сананы, мәдениетті жаңғыртуды мақсат тұтқан ауқымды жобаның Қарағанды облысындағы аяқ алысы осындай.

Суретті түсірген автор

«Кітап оқитын ұлт» жобасының қатысушылар 6 санат бойынша бақ сынады. Атап айтсақ, «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші», «Кітап оқитын педагог». Осы бастамаға жауапты Жобалық кеңсе жетекшісі Дана Бахтығалиева Арқа жұртшылығының кітапқа деген айрықша ынтасын атап өтті.   

 – «Кітап оқу – жақсы адаммен сырласқанмен бірдей», – деген ұлылардың ойын жоба қатысушыларынан естігенде діттеген мақсатымызға жеттік деп ой түйдік. Бұл жобаны былтыр жазда бастадық. 8 менеджердің басын біріктіріп, Жобалық кеңсе құрдық. Алтауы алты санатқа жауапты. СММ маманымыз бар. Былтыр шілде айынан бастап «Кітап оқитын ұлт» қоры қойған талаптарға сәйкес келетін кітаптарды іріктеп, қазақ, орыс және әлем әдебиетін қамтыдық. Алты санаттың әрқайсына 15 кітаптан бекітілді.

6 айдың ішінде аудандарды, шалғай ауылдарды аралап, қатысушылармен кездестік. Жұмыс барысында «XXI ғасыр – технологиялар заманы, бәрі – компьютер мен гаджеттерге тәуелді. Ешкім кітап оқымайды»,- деген стереотиптердің жалған екеніне әбден көзім жетті. Жасы сексеннен асқан қариялардың, мал соңында жүрген бақташының жата-жастана кітап оқығанына куә болдық. Жоба басталған бетте өтініш білдіргендердің қарасы қалың болды. Өңір халқы бұл бастаманы одан ары дамытып, тың идеяларын жүзеге асыра бастады. Түрлі байқаулар ұйымдастырып, қатысушыларрды ынталандырды. Жергілікті кәсіпкерлер мектеп оқушыларын кітаппен қамтамасыз етіп, олардың байқауға қатысуына қолдау көрсетті. Демек, халық осындай рухани бастамаларға сусап отыр. Зияткерлік әлеуетті ашатын, сананы сергітіп, дүниетанымды кеңейтетін жобаның маңыздылығын терең түсінеді және қуана атсалысады», – деді Дана Серікбайқызы.

Өңірдегі жоба кеңсесінің жетекшісі бүгінде парасат-пайымы биік орта қалыптасып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, бұл жоба 5-6 жылда өз нәтижесін беріп, ел дамуына қарқын қосатынына сенім білдірді.

«Кітап оқитын педагог» санатының қатысушылары мектепішілік, яғни, алғашқы кезеңнің тестін тапсырды. Санат менеджері Мөлдір Әлжанова жоба облыс бойынша барлық мектептерді қамтығанын айтты.

 –  Бұл байқаудағы әр қатысушы жеңімпаз деп ойлаймын. Жоба аясындағы кездесулерде сайыскерлердің ешқайсы жүлде үшін қатысып жатпағанын аңғардық. Бәрінің басты мұраты – өздерінің рухани қазынасын еселеу, таным көкжиегін кеңейту, ішкі мәдениетін қалыптастыру. Кітап оқу – олардың өмірлік дағдысы. Жобада Өзбекәлі Жәнібековтың «Мәдени майдан», Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Дэйл Карнегидің «Алаңсыз өмір сүру құпиялары» секілді мұғалімге керек кітаптар бар. Ұстаз – саналы ұрпақ тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратын тұлға. Сол себепті де, педагогтардың жобаға белсенді қатысуы көңілге қуаныш ұялатады, – деді Мөлдір Әлжанова.  

Мектепішілік кезеңде жүлделі орын алғандар аудандық кезеңге жолдама алады. Ал, аудандық байқаудан оқ бойы оза шапқандар облыстық жарыста бақ сынайды. Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп мұғалімдерінің арасынан қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекзат Жапатайұлы 45 ұпайдың 43-ін жинап, жүзден жүйрік шықты.

 – Жоба басталғалы бекітілген 15 кітапты оқып шықтым. Бала кезден бері кітап оқып келемін. Көбіне талғамым көркем әдебиетті таңдайды. Осы жобаға қатысып, өзім үшін пайым жасадым. Негізі «уақыт жоқ» деген сөзіміз жай ғана сылтау екен. Адам өз уақытын үнемдеп, жоспарлай алса, өмірі де ретке келеді екен. Бұл жоба еңбекқорлығымды, шыдамдылығымды шыңдауға көмек берді. Қатысудағы әуелгі мақсатым – мәреге бірінші болып жету еді. Бірақ, кітаптарды оқыған сайын жүлде маңызды емес екеніне көзім жетті. Жүлдеден де маңыздысы – білім мен рухни байлық екенін түсіндім, – деді Бекзат Жапатайұлы.

Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен кітапхана» деген ұлағатты сөзі бар. Кітаптан алшақтаған ел тарих жолында өркениеттен кеш қалары анық. Өйткені, тамшыдан теңіз құралғандай, әр азаматтың дүниетанымы, ар-ожданы, ішкі мәдениеті ұлттың тұтас болмысын қалыптастырады.  Бұл жобаның да әуелгі миссиясы осы деп білеміз.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button