Жаңалықтар

“Кітап оқитын ұлт”: Астанадағы марафонға 100 мыңнан астам адам тіркелді

Астанада кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған марафонға алғашқы бес күнде 100 мыңнан астам адам тіркелді.

Сурет ұйымдастырушылардан

Қатысушыларды тіркеу 2 қыркүйекте басталған. Өңірлер арасында Ақтөбе облысы 44 мыңға жуық қатысушымен көш бастап тұр. Одан кейін Жетісу облысы – 16 мың, Батыс Қазақстан облысы – 10 мыңға жуық адаммен келеді.

Марафон жеті бағыт бойынша өтуде. Ең көп қатысушы «Кітап оқитын мектеп» бағытына – 51 148 адам. «Кітап оқитын педагог» бағытына 23 435, «Кітап оқитын колледжге» 11 061, «Кітап оқитын зияткерге» 8 332, «Кітап оқитын университетке» 4 692, «Кітап оқитын мемлекеттік қызметшіге» 3 181 және «Кітап оқитын әулетке» 1 716 адам тіркелді.

«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошевтің айтуынша, алғашқы күндердегі көрсеткіш бастамаға деген жоғары қоғамдық қызығушылықты көрсетеді.

Тіркеу 15 қыркүйекке дейін жалғасады. Марафонның негізгі мақсаты – кітап оқуды білім алудың, зияткерлік дамудың және мәдени ортаны қалыптастырудың маңызды бөлігі ретінде насихаттау.

Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button