Ақтоғай

Әкім кубогі сарапқа түсті

Ақтоғай ауданында аудан әкімінің жүлдесі үшін өңір жастарының спартакиадасы болып өтті. Ауыл спортшылары спорттың бес түрі бойынша сынға түсті.

Спартакиаданы аудан әкімі Салтанат Әбеуова құттықтау сөзімен ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Облыстық, республикалық, қала берді, әлемдік додаларда сынға түсіп, топ жарған спорт саңлақтарын әртүрлі номинация бойынша марапаттап, 30 мың теңгенің сертификатын табыстады. Олардың қатарында Айзада Болатбайқызы – «Үздік шаңғышы», Айсұлу Белдібайқызы – «Үздік спортшы», Мөлдір Берікбол – «Үздік ойыншы», Қайрат Омаров – «Үздік жаттықтырушы», Ерболат Қаржаубай – «Үздік асық атушы», Айбол Зәрубек – «Үздік мерген», Ермек Оспанов – «Үздік теңге ілуші», Ерлан Оспанов – «Үздік көкпаршы», Нұрбек Жолдыбай – «Үздік аударыспақшы», Зекен Ізбасар – «Жас спортшы», Азамат Орынбасарұлы – «Үздік дене шынықтыру мұғалімі», Болат Төлеубеков – «Үздік спорт саласының маманы» атанды. Сондай-ақ, «Жылдың ең үздік командасы» номинациясын жеңіп алған «Ақсораң» волейбол командасы 100 мың теңгенің сертификатын иеленді.

Тұңғыш рет өтіп отырған спартакиадаға жалпы саны 7 команда қатысты. Қатысушылар шағын футбол, волейбол, қол күресі және тағы басқа сындарда бәсекеге түсті.

Волейбол додасында Қызыларай ауылының азаматтары топ бастаса, шағын футбол, арқан тарту бойынша І орынды Ақтоғай ауылы қанжығалады. Ал, эстафетада жидебайлық спортшылар басым түсті. Қол күресте ақтоғайлықтардың бәсі жоғары болды. 70 келі салмақта Айдын Қозыұлы, 80 келі салмақта Әділ Шекен, 80 келіден жоғары салмақта Ержан Қыдырбай жеңіс тұғырына көтерілді.

Жарыс қорытындысында командалық есепте өзге қарсыластарынан ұпай санымен алға шыққан Ақтоғай ауылының командасы І орынға ие болды. ІІ орынға Жидебай ауылы спортшылары табан тіресе, ІІІ орын шабанбайлықтардың еншісіне бұйырды.

Думан ҚАБЫЛ

Басқа материалдар

Back to top button