ТОКҮО 2020

Үкілеген үмітке селкеу түсті

Төрткүл дүниені теледидарға телмірткен Токио Олимпиадасы тартысты жалғасуда. Лондондағыдай толағай табыспен басталмаса да, ширақ өрбіп келеді. Қазақстандықтардың жүлде қорына кезекті қоланы Зүлфия ЧИНШАНЛО салды. Қоржындағы үш қола мен ел құрамасы әзірше 47-ші орында тұр.

Қазақстандық ауыр атлет Зүлфия Чиншанло Токиодан қола медаль алып, жанкүйерлерін тағы бір тебірентіп салды. Жеңістен кейін берген сұхбатында спортшы өзінің жетістігіне баға беріп, 2024 жылғы Олимпиадаға қатысты жоспарымен бөлісті.

Кіл жүйрік сынға түскен алып алаңда таэквондодан 80 келіден жоғары салмақта Руслан Жапаров алғашқы жекпе-жегін сәтті бастады. Ол Германия спортшысы, 2017 жылғы әлем чемпионы Александр Бахманды 11:7 есебімен ұтты. Екінші кезеңде Оңтүстік Корея өкілі Кио Дон Инмен кездескен жерлесіміз 2:10 есебімен жеңісті қолдан беріп қойды. Әйелдер сапында 67 келі салмақта бақ сынаған Жансель Дениз алғашқы кездесуін жеңіспен бастағаны мен кезекті айналымда ұлыбританиялық Бьянка Уолкденге есе жіберді. Есеп – 7:17.

Су добынан Қазақстан командасы екінші кездесуінде тағы да қармана алмай, жеңіліс тапты. Сербиялықтарға қарсы ойнаған жерлестеріміз 19:5 есебімен ұтылды. Бірінші кездесуде отандастарымыз Хорватиядан 7:23 есебімен жеңілген болатын.

Садақ атудан Денис Ганькин екінші кезеңде сүрінді. Бастапқыда Египет спортшысы Юсуф Толбаны 6:4 есебімен ұтып, қадамын сәтті бастаған болатын. Алайда, отандасымыздан италиялық Мауро Несполиден 2:6 есебімен басым түсті. Алда Қазақстан сапынан Ильфат Абдуллин мен Санжар Мұсаев сынға түспек. Командалық бәсекеге келсек, Қазақстан Үндістан құрамасына жол берді.

Токио мен салыстырғанда тұғырлы болған Рио Олимпиадасының алтынын алған Дмитрий Баландин бұл жолы қарсыластар көлеңкесінде қалды. Қазақстандық спортшы Баландин ерлер арасында брасс әдісімен 200 метрді өз тобында VII болып өтті. 2:09.22 уақытта бағындырған ол финалға өте алмады.

«Қолымнан келгенше тырыстым, әлім жетпеді. Не істей аламын, соның бәрін жасадым. Жанкүйерлердің үмітін ақтай алмағаным үшін кешірім сұраймын. Барымды салдым, бұйырмады» деп өкінішін өзегінің өртімен жеткізді боксшы Серік Теміржанов. 57 келі салмақта жекпе-жек өткізген спортшы америкалық Дюк Реганнан 0:5 ұпай санымен жеңілген болатын. Былғары қолғап жекпе-жегінен үздік деп үздіге жанкүйерлік еткен Бекзад Нұрдәулетов те жеңіліп қалды. 81 келі салмақта ресейлік Имам Хатаевпен жұдырықтасқан Бекзад 4:1 есебімен қарсыластан жеңіліс тапты.

Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит те бірінші айналымнан аса алмады. 91 келіде бақ сынаған Левит Испания намысын қорғаған Эммануэль Рейеске қарсы шыққан болатын. Кездесудің бірінші раунды 3:2 есебімен қарсылас пайдасына аяқталды. Ал екінші раундтың басында қарсыласының ауыр соққысын өткізіп алған Левитке төрешілер техникалық нокаут жазды. Жекпе-жек мерзімінен бұрын аяқталып, Испания өкілі келесі айналымға өтті.

Әйелдер боксынан ұлттық құрама атынан жалғыз нәзік жанды Надежда Рябец бірінші кездесуде жеңісті қолдан берді. 75 келіден жоғары салмақта бәсекелескен Н.Рябец әлем чемпионатының қола жүлдегері, канадалық Тамара Тибомен жұдырықтасқан еді. Кездесуде төрешілер 4:1 есебімен жеңісті канадалық спортшыға берді. Қазақстан боксшылары бесінші мәрте сәтсіздікке ұшырады.

Дзюдо күресінен қоланы қанжығалаған Елдос Сметов қана. «Спортшыларымыз үкілеген үмітті ақтайды» деген сенімге селкеу түсті. Қазақстандықтардың бағы жанбай-ақ қойды, бұл сында. Сенген спортшының бірі – Ислам Бозбаев еді. 90 келі салмақ дәрежесінде әзірбайжандық Мамадәлі Мехдиевпен белдесу қосымша уақытқа (Golden Score) дейін созылды. Осы сәтте «ваззари» әдісін жасаған, әзірбайжандық палуан Бозбаевты бозкілемде тізе бүктірді. 81 келіге дейінгі салмақта күрескен Дидар Хамза да Моңғолия дзюдошысы Саид Моллаидың оң жамбасынан «иппонға» ойсырай түсті. Осылайша, татами тартысы еліміз үшін, Елдос Сметовтің қола жүлдесімен аяқталды.

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Токио Олимпиадасының жартылай финалына жолдама алды. Ширек финалда Рыбакина испаниялық Гарбинье Мугурусамен кездескен болатын. Әлемдік рейтингте IX орында тұрған Мугуруса қазақстандық спортшыға қарсылық таныта алмады.

Бәсеке белесі әлі алда. «Токио Олимпиадасының финалына өтемін» деп намыстың нарына мінген Рыбакина швейцариялық Белинда Бенчичпен кездеседі.

Сондай-ақ, велоспорттан ерлер арасындағы бәсеке толық аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер тізімі анықталды. Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко жарыс қорытындысы бойынша XXXII орынды місе тұтты. Ол 44,2 шақырымды 1 сағат 2 минут 21.67 секундта өтіп, жеңімпаз атанған словениялық Примоз Рогликтен 7 минут 17.48 секундқа қалып қойды. Бәсеке қорытындысы бойынша алтын Примоз Рогликке бұйырды. Ал, күміс жүлдені Нидерланд өкілі Том Думулин, қоланы аустралиялық Рохан Деннис еншіледі.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button