Қарағанды қаласында «Amanat» партиясының Қарағанды облыстық филиалы мен «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Киелі мекен», «Ардагерлерді ардақтайық» – «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғи аумақтарды тазартуға, абаттандыруға бағытталған ауқымды апталық өтті. Аталған шара Жеңіс күні мерекесі қарсаңында ұйымдастырылып, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, ел тарихына, киелі орындарға деген құрметті арттыруды көздеді.

Апталық аясында өңірдегі маңызды тарихи-мәдени нысандар мен табиғи аумақтарда кешенді тазалық жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Қарқаралы ұлттық паркі, Көкшетау ұлттық паркі, Баянауыл ұлттық паркі және Ұлытау өңірі сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қамтылып, кең көлемді сенбіліктер ұйымдастырылды. Нәтижесінде, 12 тоннадан астам қоқыс жиналып, табиғи орта мен тарихи ескерткіштердің айналасы ретке келтірілді. Бұл көрсеткіш атқарылған жұмыстың ауқымын ғана емес, қоғамның табиғатты қорғауға деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын да аңғартады.
«Amanat» партиясының Қарағанды қалалық филиалының төрағасы Юлия Бадина атап өткендей, бүгін партия мүшелері мен «Жастар рухы» жастар қанаты «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында кезекті акция өткізуде. Бұл шаралар Ұлы Жеңіс күні қарсаңындағы маңызды әрі тағылымы мол бастамалардың бірі саналады.
– Біз үшін алда тұрған мереке – Жеңіс күні ерекше маңызға ие. Осыған орай ұйымдастырылып жатқан мұндай акциялар тарихи-мәдени мұраны сақтау, естелікті жаңғырту және қоршаған ортаны абаттандыруға бағытталған. Мұндай жұмыстар жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Кезекті іс-шара Қарағанды қаласындағы Жеңіс саябағында өтті. Мұнда түрлі жастағы азаматтар мен жастар бірігіп, ескерткіш маңын тазарту, көгалдандыру және ретке келтіру жұмыстарын жүргізді.
– Біз бұл жерге ескерткіштің маңын абаттандыру үшін келдік. Өйткені, өткенімізді ұмытпау, тарихымызды құрметтеу – әрбір азаматтың парызы. Ел тарихы бай. Сондықтан, оны сақтау – ортақ міндет. Бүгін акцияға 40-қа жуық адам қатысып жатыр. Олар аумақты тазалап, суару жұмыстарын жүргізіп, айналаны ретке келтірді. Депутаттық корпус өкілдері де бұл бастамаға қолдау білдіріп, белсенді қатысуда, – деді ол.
Айта кету керек, бұл акция жыл сайын Жеңіс саябағында, «Мәңгілік алау» мемориалы аумағында және қаланың орталық саябағындағы жауынгерлерге арналған ескерткіштер маңында тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Жоба тек ескерткіштерді күтіп-баптаумен шектелмейді. Оның аясында ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көмек көрсету жұмыстары да қарастырылған. Ұйымдастырушылар ардагерлердің үйлеріне барып, ауласын тазалау, тұрмыстық көмек көрсету секілді игі істерді жүзеге асырады.
– Бұл бастама тек тазалық жұмыстарын қамтып қана қоймай, аға буынға құрмет көрсету мен тарихи жадыны сақтау бағытында да маңызды рөл атқарады, – деп түйіндеді «Amanat» партиясының Қарағанды қалалық филиалының төрағасы Юлия Бадина.
Шараның басты бағыты – тарихи орындарды сақтау және оларды күтіп-баптау мәдениетін қалыптастыру. Осы мақсатта ескерткіштер, мемориалдық кешендер, қасиетті нысандар мен олардың аумағы тазартылып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық маңызы зор мұндай орындарды күтіп ұстау – ұлттық құндылықтарды сақтаудың және өскелең ұрпаққа тарихи мұраны жеткізудің маңызды тетігі екені атап өтілді.
– Бүгін «Amanat» партиясының Қарағанды облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанаты белсенділері тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғи аумақтарды тазартуға шықты. Осы акция жастардың бойындағы мәдени мұра нысандарына әрі қоғамдық кеңістіктерге ұқыптылықпен, жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастырады. Әрі азаматтардың бойында мемориалдық нысандарға, ескерткіштерге бейжай қарамай оларға аса ұқыптылықпен қарау көзделген. Мұндай іс-шаралар рухани құндылықтарымызды байытып, тарихи ескерткіштерімізге ұқыптылықпен қарауды үйретеді, – деді «Жастар рухы» жастар қанатының белсендісі Нұрайым Жұмабек.
Акция аясында экологиялық ағарту және түсіндіру жұмыстарына да ерекше мән берілді. «Жас Сарбаз» қозғалысының сарбаздары, белсенді жастар, еріктілер мен жергілікті тұрғындар тазалық жұмыстарына белсене қатысып, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы жөнінде үндеулер жасады.
«Киелі мекен» жобасы алдағы уақытта да жалғасын табады. Оның негізгі мақсаты – тарихи-мәдени мұраны сақтау, киелі жерлерді қорғау, табиғи байлықтарды келер ұрпаққа аман жеткізу және қоғамда тазалық пен тәртіп мәдениетін орнықтыру. Бұл бастама ел көлемінде кең қолдау тауып, түрлі өңірлерде жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қарағанды өңірінде өткен «Киелі мекен» акциясы қоғамның табиғат пен тарихқа деген жанашыр көзқарасын нығайтып, экологиялық мәдениетті дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



