Ресми

Киберпол іске кірісті

Қаншама ескертулерге қарамастан, интернет алаяқтарға алданып қалатындардың қатары азаяр емес. Соңғы төрт жыл ішінде полиция бөлімдеріне бес мыңнан астам арыз түскен. Интернет алаяқтардың әрекетінен қазақстандықтар 3,5 миллиард теңгесінен айырылып отыр. Сондықтан, мұндай қылмыспен арнайы айналысатын қызметтің болуы орынды. Облыстық полиция департаментінде киберқылмыстармен күресетін жаңа бөлініс өз жұмысын бастады.

Бөліністе тергеушілер, жедел уәкілдер мен криминалистерден бөлек жетекші ІТ-компаниясының және ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының қызметкерлері жұмыс істеуде. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы бөлініс жұмысымен танысып қайтты.

– Біз интернет алаяқтығы қылмысымен күресудің жаңа тәсілін қолдануды бастадық. Жәбірленушілердің арызы енді «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. Жедел уәкілдер, тергеушілер және криминалистер бір жерде қызмет атқаратын болады. Бұрын жәбірленушінің арызы бір адамнан екінші қызметкерге өтетін. Салдарынан 3-4 күн уақыт жоғалтатынбыз. Қазір ақша айналымын барынша ерте бұғаттау жұмыстарын жасауға мүмкіндігіміз бар, – деді полиция департаментінің басшысы Санжар Әділов.

Киберпол арнайы бөлінісі цифрлық лабораториямен жабдықталған. Мамандар гаджеттерді бақылау арқылы интернет алаяқтардың жасайтын бағдарламаларын анықтай алады.

– Киберқылмыспен күресетін бөлінісінің ашылуы уақыт талабы, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Интернет пен цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге еніп кеткендігі сонша, кейде қандай да бір сілтемелердің қаншалықты қауіпті екенін аңғармай да қаламыз. Полиция қызметкерлерінің жүргізіп жатқан алдын алу жұмыстарына қарамастан, тұрғындар алаяқтардың құрығына әлі де түсіп жатыр. Сондықтан да бұл қылмыс түрімен күресуге жаңа тәсілдер қажет.

Ашылғанына біраз болса да бөлініс жұмысы нәтижелі. Өткен аптада киберпол қызметкерлері алаяқтықпен айналысқан екі қылмыстық топты ұстады. Бүгінгі күні полиция департаментінің өндірісінде алаяқтық дерегіне қатысты 400 қылмыстық іс бар. 

Жансая ОМАРБЕК,
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button