Руханият

Кестелі орамалдай келісті еңбек

Қолыма кітап емес, кестелі орамал ұстап отырғандаймын. Кейіпкері келісті дүниенің түпкі нәтижесі де жемісті болатынын қалам тістелеп, қағаз кемірген әріптестерім жақсы біледі. Менің қолымдағы жинақ та – дәл осындай зейінді зерделеніп, келісті кемелденген кесек дүние. Қарағандылық қайраткерлер мен Арқаның айтулы тұлғаларының өнегелі өмірі мен ғибратты тағдырына арналған «Елеулі есімдер» сериясының алғашқы жинағы жарық көрді. Жоба авторы – белгілі сахна саңлағы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Кеңес ЖҰМАБЕКОВ. Жаңа серияның тұңғыш туындысы мәдениет майталманы, руханият жоқшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рымбала ОМАРБЕКОВАНЫҢ тағылымды тағдырына арналыпты.

 

Әрине, кітап кейіпкерін тәптіштей таныстырудың қажеті шамалы. Ел білетін елеулі есім. Абырой-құрметке лайық тұлға. Ұзақ жылдар Қарағанды мәдениетінің тізгінін ұстап, руханиятының байрағын көтерген өзіміздің Рымбала апай. Кеңес дәуірінде облыстық атқару комитеті төрағасының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болғаны тағы бар. Күні бүгінге дейін облыс әкімінің мәдениет саласы бойынша кеңесшісі лауазымын қоғамдық негізде атқарып, «Сарыжайлау» кинотеатрын басқарып отыр.

Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан жарық көрген жинақтың өне бойы – өнегеге толы. Кейіпкердің іскерлігі, қарапайым болмысы, қайраткерлік қалпы жайлы әр жылдарда жарық көрген мақалалар мен портреттік туындылар, арнау өлеңдер топтастырылған. Әттеген-айы сол, жинақтың өзегіне Рымбала апай жайлы деректі хикаят секілді көлемді һәм көркем шығарма алынғанда ғой деп қалдық. Мұндай дүниеге кейіпкеріміз де лайықты еді, жоба авторының да қабілет-қарымы жетіп-артылатын еді.

Десек те, жинақ мақсатына жеткен. Материалдар жүйелі топтасып, фотосуреттермен көмкерілген. Көңілді селт еткізіп, көзтартарлық деңгейде дайындалғаны көрініп тұр. Автордың талғамы мен кейіпкердің кемел болмысы жарасымды үйлесім тауып, Қарқаралыда туып, қазаққа танылған қайраткер қыздың қажырына нұқсан келтіріп алған жері жоқ. «Өнердің Ұлпаны» (Әшірбек Сығай) атанған Рымбала апайдың Арқа өнері мен мәдениетіне сіңірген өлшеусіз еңбегі лайықты еңсерілген. Жанының нәзіктігі де, қайсарлығы да шынайы суреттелу арқылы ел көкейінде жүрген ұнамды пікірді қуаттай түседі. Әсіресе, кітап кейіпкерінің туған жерге деген махаббаты еріксіз сүйсінтеді. Мәселен, Рымбала апайдың республикалық деңгейдегі лауазымды қызметтерге шақырту алғандығын осы кітаптағы жазбалар арқылы білдім. Алайда, апай өзінің сүйікті Қарағандысын, ажарлы Арқаны Алматының даңқына, Астананың романтикасына айырбастамапты.

Осы тұрғыдан алғанда, кітап мазмұны кейіпкерді асыра мақтап, әсіре мадақтау мақсатынан алыстап, өскелең ұрпаққа өрісті өнеге мен келісті болмыс иесінің тағдырын үлгі ету мақсатына жақындай түседі.

– «Елеулі есімдер» сериясы – көптен ойымда жүрген жоба еді. Өзім мәдениет саласының маманы болғандықтан шығар, алғашқы жинаққа кейіпкер таңдау барысында талғамым Рымбала апайды құп көрді. Несі бар, әбден лайықты тұлға! Бұл жобаны жалғастырамын. Арқадан шыққан тарихи тұлғаларды сала-сала бойынша қамтуды мақсат етіп отырмын. Алғашқы жинақтың жарық көруіне Рымбала апайдың төл шәкірттері демеушілік жасады, – дейді жоба авторы Кеңес Жұмабеков.

Сәттілік серік болсыннан өзге айтарымыз жоқ. Ажарлы Арқаның көшірмесіндей болған көшелі кейіпкер Рымбала Кенжебалақызы бастаған «Елеулі есімдер» галлереясы елдік мұратты еңсерер ауқымды жобаға айналсын!

Һас шебер әдіптеген кестелі орамалдай келісті һәм кемел туындының соңғы бетін осындай тілекпен жаптым.

Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button