Ресми

Кептелістен құтылар күн жақын

Қазір Қарағанды қаласының бірнеше жерінде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев облыс орталығындағы жолдың жөнделіп жатқан аумақтарындағы жұмыстың барысын тексерді. Аймақ басшысы орталықта және қаланың шет жағында орналасқан негізгі учаскелерді аралап шықты.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды қаласы Гоголь көшесіндегі «Боулинг» аялдамасынан «Юбилейный» дүкеніне дейінгі жол учаскесін жөндеу жалғасып жатыр. Мердігер компания жұмысты аптаның соңына дейін аяқтауға уәде беріп отыр. Соңғы рет бұл жол алты жыл бұрын толығымен ретке келтірген болатын.

Қазір бұл аумақта заманауи технологиялар бойынша жабынды бутанол қолдана отырып, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аталған әдіс жолдың сапасын жақсартып, елге қызмет ету мерзімін ұзартатын көрінеді.

Көбіне көлікпен жүретін жұртшылық жақын арада Гоголь – Космонавттар қиылысындағы ыңғайлылықты да сезіне бастайды. Өйткені, мұнда жол айырығын қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оңтүстік-Шығысқа қарай үшінші жолақ қосалмақ. Яғни, бұл жердегі жол айырығы үш жолақты болады.

Ал, Прогресс көшесінен Сәкен Сейфуллин даңғылына дейінгі Бадин көшесіндегі жол жөндеу жұмысы да аяқталуға жақын. Мұнда жол төсемі толығымен ауыстырылып, асфальтбетон жабынының екі қабаты төселіпті.

Жаяу жүргіншілер жолын жабдықтау, жол жиектерін реттеу ғана қалған. Сонымен қатар, мұнда жарықтандыру жұмысының сапасын арттырып, заманауи шамдар орнату жоспарланған.

Одан бөлек, Ермағанбет Бөлекпаев жаяу жүргіншілер өтетін өткелдердің барлық белгілері жарықтандырылуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, жолаушылар осы көшеде автобус бағытын іске қосуды сұрап отыр. Тұрғындар бұл туралы көптен бері айтып келеді.

Тағы бір айта кетер жайт, 49-шы автобус бағыты бойынша – Костенко шахтасы ауданында Пришахтинск бағытында жолдың жағдайы нашар болған еді. 6 шақырымға жуық жолды ресайклинг әдісі арқылы қалыпқа келтіру жұмыстары да аяқталуға жақын тұр.

Қазір жұмысшылар төменгі қабатты төсеп жатыр. Бұл жұмыс аяқталғасын қиыршық тас-мастикалық асфальтбетонның тағы бір қабаты төселмек. Ермағанбет Бөлекпаев бұл жұмысты жеделдетуді тапсырып, сапасын мұқият бақылау қажеттігін айрықша атап айтты.

Аймақ басшысы облыс орталығының Ескі Тихоновка бөлігіндегі Маршак көшесінің жөнделуін де қарап шықты. Мұндағы тұрғындар да орын алып жатқан оң өзгерістерге қуанышты.

– Биыл біздің көшелерімізге жарықшамдар орнатылып, асфальт төселді. Ойын алаңына да ризамыз. Біз 40 жыл бойы күттік, шыдадық. Енді қол жеткен игіліктің сол қалпында сақталуын, таза болуын және біреулердің оны сындырып кетпеуін қадағалап жүрміз. Бейнекамера сатып алып, орнатып қойдық. Өйткені, мемлекеттің қаржысына жасалған дүниені қорғау, оған ие болу – міндетіміз, – дейді аудан тұрғыны Ольга Логвин.

Сонымен қатар, Ермағанбет Бөлекпаев «Шетсіз қала» бағдарламасы туралы да кеңінен айтып берді.

– Бұл бағдарлама бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сондықтан, балалар алаңы мен спорт алаңдары қаланың орталығы немесе шетіне қарамастан барлық жерде орнатылады. Қаланың барлық жері жайлы болу тиіс, – деді аймақ басшысы.

Дерекке сүйенсек, жоғарыда айтқан кептелістің жайы да облыс әкімдігінің назарынан тыс қалып отырған жоқ. Атап айтсақ, Қарағанды көшелеріндегі кептелістермен күресу үшін «Ақылды бағдаршам» жүйесі сынақтан өткізілуде. Көліктердің ағынын реттеуде жасанды интеллект қолданылмақ. Нақты уақыт режимінде бағыттардың жүктемесіне байланысты жүйе бағдаршам сигналдарын ағымдағы жол жағдайына сәйкес реттейді. Бүгінде жабдық сатып алынған. Осы күзде жүйе толық сынақтан өтеді. Ал, келесі жылдың көктемінде пайдалануға беру жоспарланып отыр.

«Ақылды бағдаршамның» инновациялық жүйесі – жолдағы кептелістерден арылуға көмектесіп, жүргізушілер үшін жол жүру уақытын едәуір қысқартады.

Қазір қалада 200-ге жуық бағдаршам орнатылып, оның 110-ы интеллектуалды көлік жүйесіне қосылған. Жыл соңына дейін барлық қалған бағдаршамдарды қамту көзделіп отыр.

– «Ақылды бағдаршамдар» бірнеше режимде жұмыс істейді. Бейімделгіш және «жасыл толқын» режимі. Соңғысы көлік ағыны қарқынды көшелер үшін өте қолайлы. Қарағандыда мұндай көшелердің қатарына Бұқар жырау даңғылы, Гоголь көшесі, 7-ші магистраль кіреді. Белгілі бір уақыт көрсетіледі және барлық бағдаршам бір нысан ретінде әрекет ете бастайды. Толқынға түсе отырып, көлік кептеліссіз бір нүктеден екінші нүктеге жетеді, – деп түсіндірді Қарағанды қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Темірлан Талдыбаев.

Адаптивті режим жүйеге күннің әртүрлі уақытында таңертең, түстен кейін және түнде бейімделуге мүмкіндік береді. Арнайы детекторлар машина ағынының қарқынын бақылайды да, сол дерекке сүйеніп, бағдаршамдардың жұмысын автоматты түрде реттейді. Бұл, әсіресе, кішігірім көшелерде тиімді болмақ.

Қаладағы барлық бағдаршамдар бірыңғай басқару орталығына қосылып, тәулік бойы диспетчерлер бақылауында болады. Бұл – жүйенің іркіліссіз жұмыс істеуін және кез келген орын алуы ықтимал ақаулардың жедел шешілуін қамтамасыз етеді.

– «Ақылды бағдаршамдардың» негізгі міндеті – көліктердің қалада бекітілген жылдамдықпен жүруін қамтамасыз етіп, кептелістерді жою. Бұл экологиялық жағдайдың жақсаруына да ықпал етеді. Бағдаршамдарда машиналар неғұрлым аз болса, олардан бөлінетін шығарындылар да азая­ды, – дейді Темірлан Талдыбаев.

Жалпы алғанда, биыл Қарағандыда 128 шақырым жолды жөндеу және қалпына келтіру жоспарланған.

Асфальт мүлдем жоқ жеке сектордың көшелері де бұл игіліктен құр қалған жоқ. Бұл аумақтағы тұрғындар да қара жолдан құтылып, қуанып отыр.

– Бүгінгі күні орташа жөнделген учаскелердегі жұмыс 90%-ға аяқталса, күрделі жөнделіп жатқан аумақтар бойынша да 90%-ға жетті. Барлық учаскелерде асфальтбетонның беріктігін ұзарту үшін жаңа технологиялар қолданылуда. Негізгі жұмыстың барлығын қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қыс мезгіліне дейін жекеменшік сектордағы жұмыстар да біржақты болады. Қаланың Күнгей, Пришахтинск, Майқұдық және Сұрыптау бөліктеріндегі қажетті деген көшелерге қиыршық тас төсейміз, – деді қала әкімінің орынбасары Рүстем Қожақопанов.

Одан бөлек, облыс әкімі Оңтүстік-Шығыс ауданында абаттандырылып жатқан «Алаш» саябағын аралап шықты.

Мұнда спортпен айналысуға арналған және балалардың ойын алаңдары бой көтереді.

Сондай-ақ, бірнеше шағын сәулет пішіні, «Алаш» партиясының мүшелерін, яғни, ұлтымыздың белгілі қайраткерлерді бейнелейтін металл конструкциялар орнатылмақ.

Ашық кітапхана павильонында ұлттық қозғалысқа ұйытқы болып, рухын жаныған айтулы ұлт перзенттерінің еңбегімен танысуға да мүмкіндік жасалады.

Аталған жаңа алаңның ашылуы қазан айының соңына жоспарланып отыр.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button