Рухани жаңғыру

Кеншілер қаласында – “Ұлы дала” тарихи саябағы

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарына есігін айқара ашқан соны сипаттағы саябақта осы аймақтағы тарихи ескерткіштер мен кесенелердің кішірейтілген үлгісі, «Төрт босаға» барельефі орналасқан. Түртсе әр тасы тарихтан сыр шертетін өндірісті өлкенің бай болмысы бір арнаға тоғысқан. Сәтін салса саябақта келешекте жас буынға арналған ашық аспан астындағы тарих сабақтары, қолөнер шеберлері мен суретшілер көрмесі, түрлі аспапта ойнайтын өнерпаздардың шығармашылық кештері өтетін болады. Сөйтіп, тарихи саябақ демалыс орны ғана емес, руханият әлемінің де тұма бастауына айналады.

Бұдан бір жыл бұрын таяқ тастам жердегі Ұлытау көшесінің бойында сапар шеккен жолаушыға жол сілтеп, көненің көзіңдей бағыт-бағдар көрсеткен келісті «Керуен» композициялық мүсіні ашылып еді. Енді, міне, соның аумағы кеңейіп, «Ұлы дала» тарихи саябағымен толықты. Ел-жұртқа есігін айқара ашқан сәнді саябақ бір мезетте бірнеше қызмет атқарады. Ең алдымен, қала тұрғындары тынығып, бой жазатын шағын демалыс орны болса, жас буын үшін төл тарихымызды тануға, зерттеуге, даңқты тұлғалар туралы дәйекті деректермен танысып, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, қала қонақтары үшін де саяхат жасауға жақсы мүмкіндік.

«Ұлы дала» тарихи саябағының Ұлытау көшесі бойынан орын тепкені де заңдылық. Тарих қойнауына үңілсек, дәл осы тұстан әуелде «Кіші жібек жолы», кейін «Хан жолы» атанған керуен өткені туралы деректер кездеседі. Саябақтың негізгі бөлігі Арқа жұртының аузынан түспейтін, аңыз-әңгімеге өзек болған Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл сынды тау тұлғалардың кішірейтілген үлгідегі кесенелер кешеніне арналған. Тарих тамырына байланған саябақтың тағы бір бөлігінде өз заманында батырлық, билік, әділдігімен ел құрметіне бөленген аса ірі төрт тұлғаның ортақ атауы болған «Төрт босаға» қамтылған. Жақында ғана Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытау өңіріне сапарында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешеніне арнайы ат басын бұрды. Қазақ тарихының символы саналған Ұлытауға барар жолдың бағыты біздің қала екенін ескерсек, саяхат жасауға келген әр адам үшін бұл нысанның маңызы мен мәні зор болмақ, – деді саябақтың ашылу салтанатында Сәтбаев қаласының басшысы Асқар Ыдырысов.

Арнайы ат басын бұрған Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Әбсаттаров, Қарағанды облысының Құрметті азаматы, «Қазақтың Кетбұқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Бүкірів, сондай-ақ, Сәтбаев қаласы ақсақалдар алқасының төрағасы Өтеш Ахметов қуанышқа кенелген кеншілер шаһарының жұртшылығын тарихи мәні мен маңызы зор нысанның қатарға қосылуымен құттықтады.

Сол күні ел арасында «Төрт босаға» атауымен танымал болған, аймақ жұртының бейбіт, берекелі тірлігі үшін тер төккен, бірлікті, татулықты ту еткен Қадір би, Шегір би, Сандыбай батыр мен Бабыр би сияқты тұлғалардың өмір жолы мен сол кезеңнің қилы оқиғасы баяндалған «Аманат» кітабының тұсаукесері өтті. Авторы ардагер журналист Батырбек Мырзабеков.

Өз тілшімізден.

СӘТБАЕВ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button