АймақҚарағанды

Кенші еңбегіне құрмет

Қарағандыда тағы бір мурал пайда болды. Бұл жолы арт-нысан Костенко атындағы шахтаның әкімшілік ғимаратын безендірді. Авторлары – Урбанис­тика орталығы және AIR_G суретшілер тобы. Отбасылық құндылықтарды, сондай-ақ, кеншілердің еңбегіне деген құрметті білдіретін муралды Qarmet АҚ тапсырыспен салдырғанын айту керек.

Сурет: “Qarmet” АҚ баспасөз қызметінен

Муралда кенші отбасымен, яғни, жұбайы және кішкентай ұлымен бірге бейнеленген. Сурет тұжырымдамасы бірден бірнеше маңызды сәттерді қамтиды. Ең алдымен, бұл отбасылық құндылықтар және жақын адамдар арасындағы байланыс.

– Суретте кеншіні жұбайы мен ұлы жұмысқа шығарып салып тұр. Бұл – отбасының қамқорлығы мен қолдауын, кеншінің еңбегін құрметтеуді көрсетеді. Дулыға мен костюм киген бала әкесінің бойынан батылдықтың үлгісін көріп қана қоймай, мамандыққа деген құрметі мен таңданысын білдіреді. Ал, әкесіне ұсынып тұрған қолындағы тамақ оралған түйіншек – қамқорлықтың символы, – дейді Урбанистика орталығының жоба менеджері Рүстем Қожабаев.

Урбанистика орталығында айтылғандай, муралдағы отбасы шахтаға түсетіндердің барлығына күш пен шабыт сыйлайды. Жұмыстың әр элементі махаббат пен отбасылық байланыстардың маңыздылығын еріксіз мойындатады.

Муралдың екінші мағынасы – кенші мамандығының маңыздылығын еске салу.

– Мурал кенші еңбегі тек жұмыс қана емес, жақындарының болашағы үшін атқарылатын асыл миссия екенін ескертеді. Ол өзінің түп-тамырын ұмытпау­ға, отбасын бағалауға және үйге мақтаныш сезімімен оралуға шабыттандырады, – дейді Рүстем Қожабаев.

Мурал небары төрт күнде дайын болған. Урбанистика орталығы өкілінің айтуынша, оны салу кезінде ешқандай қиындықтар туындамапты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button