Руханият

Кенен табиғаттың көркем көрінісі

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Жүрсін Балкенов биыл мерейлі сексен жасқа толды. Осыған орай Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі қадірлі қылқалам иесінің туындыларын ел назарына ұсынды. «Шабыт және мұра» деп аталған көрмеде талантты суретшінің 49 картинасы назарға ұсынылды.

Жүрсін Шаяхметұлының таланты табиғаттан дарығандай. Жаны даламен егіз. Қылқаламымен Арқаның інжу-маржанына айналған Қарқаралыны көп бейнелепті. Шайтанкөлін, орманын, тауын суреттепті. Туған жерге арналған 100-ден аса туындыны жарыққа әкелген. Ерекшелігі біріне-бірі ұқсамайды. «Ормандағы таң», «Қарқаралы таулары», «Тау ішінде», «Айлы түн», «Шайтанкөл», «Кенттегі қыс» секілді ғажап картиналарынан сұлу табиғатқа деген іңкәрлік, туған жерге деген сағыныш лебі сезілетіндей.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде Қарағанды қаласы әкімдігінің өкілі Берік Досымбеков шаһар басшысы Мейрам Кожуховтың құттықтау хатын табыстап, ізгі тілегін білдірді. Қарағандылық танымал суретші Мұрат Қалқабаев көрме жұмыс­тарын тамашалап шыққанын, Жүрсін Шаяхметұлының шығармашылығымен бұрыннан таныс екенін айтып, мерейтойымен құттықтады.

Жүрсін Балкенов – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің, кәсіби-көркем өнер факультетінің дизайн және бейнелеу өнері кафедрасының профессоры, бейнелеу өнерінің жанашыры. Сонау 1987 жылы Қарағандыға аспирантураны енді бітіріп келген ол жүгіріп жүріп, «өнерлі жастар білім алсын, оқысын», деп педагогикалық институтта «Көркем сурет» факультетінің қайта ашылуына ықпал еткен еді. Кафедра меңгерушісі Қанат Төкенұлы ұжымның атынан құттықтап, сыйлықтарын тарту етті.

Ал, Қарағанды Суретшілер одағының төрағасы Айдархан Қалмаханов мерейтой иесінің омырауына «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» орденін жарқырата тақты.

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейі басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаева музейдің 35 жылдығына орай шығарылған кітап-альбомды сыйға тартты.

«Біздің ұжым Жүрсін Шаяхметұлымен үнемі шығармашылық байланыста. Сурет өнерінің жанашыры, ұжымымыздың қадірлі ақылманы. Мінекей, ел назарына талантты суретшінің үздік туындыларын ұсындық. Өздеріңіз байқағандарыңыздай, көбіне Қарқаралының әсем табиғатын суреттеген. Даланы, саятшыны, оркиікті салған картиналары да әсерлі», – деді өзінің құттықтау сөзінде Мейрамгүл Айдарқызы.

«Суретші талғамы айтар ойымен үндес болу керек. Сонда өнер бағалы болады. Мәселен, мен әрбір жұмысымда қазақтың жанын көрсетуге ұмтыламын. Сондықтан да, «Даналығым – дала» дегенді үнемі айтып отырамын. Себебі Еуропада, басқа жұртта дала деген ұғым бола бермейді. Ол түркі жұртына ғана тән, оның ішінде қазақта бар. Бұған дейін мен жұмысыма көрген дүниемді айнытпай салуды мақсат санамаппын. Оны фотоаппараттар да мінсіз орындай алады. Менің ойым – әрбір салған картинам арқылы адам жанына үңілу, адам жанын сөйлету, сурет арқылы сырласу. Осыған дейін бейнелеу өнері жөнінде бірнеше ғылыми кітаптар жаздым. Соның пайдасын қазақ балалары көріп жатыр. Осыдан артық бақыт бар ма?», – деп тебіренді суретші.

Мерейтой иесі Жүрсін Шаяхметұлы өнерін ұлықтаған Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің ұжымы мен ел жанашыры Ерғазы Қадашұлына риясыз алғысын білдірді.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет музейден алынды

Басқа материалдар

Back to top button