Жаңалықтар

Кемел келешек кепілі

                  Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады. Бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар» деген болатын. Бұл ретте, облыс орталығында орналасқан химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Өміріңде қабылдаған сәтті  шешімдер  тағдырыңа ойламаған өзгерістер енгізіп, мақсат пен армандарға жетелейді.  Неге дейсіз бе? Осыдан 5 жыл бұрын қаламыздың қақ ортасынан  бой көтеріп, Елбасының есімін арқалаған еңселі білім ордасына ауысу туралы бір-ақ  күнде  қабылдаған шешімімді қалайша сәтсіз деп айтамын? Өткенге көз жүгіртіп, ой елегінен өткізер болсам, мұғалім ретінде шыңдалуыма, шынығуыма, өмірдегі көп нәрселерге басқаша көзқараспен қарауыма білім ордасының берген мүмкіндіктерін айтып тауысу мүмкін емес.

2013 жылдың 1 ақпанында ашылған химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі білім кеңістігіндегі жаңалықтардың жаршысы ретінде аймаққа жаңа леп әкелді. Бүгінгі күні мектебіміздің білім беру саласындағы халықаралық озық тәжірибелерді «Мәңгілік ел» жобасы аясында ұлттық құндылықтармен ұштастырып, Елбасымыздың үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру арқылы үш тілді еркін меңгерген, ғылымға ден қойған  өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі үлесі зор.

Еліміздің білім беру саласындағы реформалар аясында өңірдегі мектептермен тәжірибе алмасып, оқу-тәрбие саласында бірлескен  ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде білім ұясынан  ұшқан   жүзден аса шәкірт әлемнің және еліміздің  алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарында білімін жалғастыруда. Мектепте алған білімдерінің арқасында айтулы жетістіктерге жетіп, шет мемлекеттерде мектеп мәртебесімен қатар, еліміздің де мерейін асқақтатып  жүргеніне қалайша мақтанбаймын!…

Сөйтіп, жаңа мектепте жаңадан қабылданған  оқушылармен алғашқы сабағымды да өткіздім. Оқушылар көзіндегі жалын мен білімге деген құлшыныс бойыма күш, ойыма жігер сыйлады. Мойныма жүктелген  жауапкершіліктің салмағын сезіне отырып, өмірімдегі  маңызды мүмкіндіктен бас тартпағаным үшін өз-өзім, қатты риза болдым. Осылайша, жаңа зәулім мектеп, сайдың тасындай іріктелген мұғалімдер, бір сөзбен айтқанда, бәрі жаңа ортаның белді бір мүшесіне айналдым.

Бұрынғы жұмыс орнымда алдыңғы қатарлы мұғалімдердің бірі болғаныммен, Назарбев Зияткерлік мектебінде педагогиканың беймәлім құпияларымен және жаңалықтарымен  жолықтым. ҚР Президенті «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау керек болады» деген еді. Бұл ретте, жаңа жұмыс орынға ауысуыма байланысты, білігімді жетілдірудің бірнеше мүмкіндігіне ие болдым. Кәсіби біліктілігімді арттырып, «қалыптастырушы бағалау», «рефлексия», «7 модуль», «коучинг пен тәлімгерлік» секілді бұрын естімеген ұғымдармен танысып, тәжірибеде қолдануыма ықпал еткен деңгейлік курстар туралы айтпай кету мүмкін емес. Таңертеңнен түс ауғанша сабақ  өткізіп, кешке дейін курста оқып, әріптестерімізбен 7 модульдің оқытудағы маңыздылығын танып, тізбектелген сабақтар топтамасын өткізіп, жарыса есеп жазған кездер  өз уақытында  қиын болғанымен,  ұмытылмас естелік қазір.

Араға 2 жыл салып, ІІ негізгі деңгейді де оқу мүмкіндігіне ие болдым. ІІІ-ші деңгейде оқушыға бағытталған жаңалықтармен таныссам, негізгі деңгейде тәлімгерлік, коучинг арқылы әріптестерімнің кәсіби дамуына ықпал еттім. Lesson Study мен іс-әрекеттегі зерттеу жүргізудің арқасында өз тәжірибемдегі қиындықтар мен кедергілерге зерттеу жасау арқылы оңтайлы шешімін таба білуді  үйрендім. Әріптестеріммен тығыз байланыста бірлесіп жұмыс атқару өзімді мұғалімдердің кәсіби қоғамдастығының бір  мүшесі болуыма ықпал етті. Себебі, қазіргі уақытта Lesson Study зерттеу әдісін іс-тәжірибеге енгізу мен қолдануды жүзеге асыру бойынша мектепішілік курстың тренерімін.

Мұғалімдердің кәсібилігін арттыру мақсатында оқу бағдарламалары мен критериалды бағалау бойынша жыл сайын ұйымдастырылатын курстар мен тренингтер – кәсіби шеберлігімді одан әрі шыңдай түсті.

Сонымен қатар, педагогтардың білім саласындағы озық тәжірибелермен танысуы және біліктілігін арттыру мақсатында әлемнің түкпір-түкпіріндегі  елдерде  іс-тәжірибеден өтуге де  мүмкіндік берілген. Сондай мүмкіндік 2014 жылы маған да бұйырды. Мынау тұрған Азия, анау тұрған Еуропа емес, сонау мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-қа жол түсті. Мұхит асып, тәжірибемді жетілдірем деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Осы іссапардың нәтижесінде Көшбасшымыздың еліміздегі білім саласына енгізіп жатқан реформаларының ауадай қажеттілігі  мен  келешек ұрпаққа жасап жатқан  жағдайларының маңыздылығын түйсініп қайттым. Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздары мен шәкірттерінің басты ұраны  «өмір бойы оқудың» қажеттілігі – білім кеңістігінде кейіндеп қалмаудың амалы екенін ұғындым.

«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет» деп қаһарман жазушы Б.Момышұлы айтқандай, 5 жыл бойы үйренгенімді, көргенімді, білгенімді, оқығанымды алдымда отырған шәкірттерімнің  келекшекте білікті маман, ойлы азамат болуы жолына арнадым. Олар болашақта еліміздің зияткер тұлғасына айналып, шет елде білімін жалғастырса, еткен еңбегімнің еш кетпегені де сол емес пе? Ал, Отанға қызмет етуді парызым деп санайтын саналы ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздың еліне қосқан ең елеулі үлесі болмақ. Бұл – қасиетті Қазақстанның маған берген мүмкіндіктерінің қайтарымы деп білемін. Елбасы биылғы Жолдауында «Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет» деген болатын. Сондықтан, Президентіміз алға қойған мақсатқа жету жолында бар күш-жігерімізді салуымыз қажет.

Мейрамгүл СҮЛЕЙМЕНОВА,

Қарағанды қаласы химия-биология бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиет

 пәнінің мұғалімі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button