Келешекте Қарқаралыда жаңа әлеуметтік нысандар салынады
Келер жылы Қарқаралы ауданының құрылғанына – 200 жыл. Мерейтой қарсаңында ауданға қатынайтын жол жөнделіп, біршама жұмыстар атқарылады.
– Басты мәселе – Қарқаралы ауданының жолы. Биылғы жылы 44 шақырым жол жөнделген болатын. Алдағы жылы 50 шақырымын жөндеуді жоспарлап отырмыз. Яғни, «Қарағанды-Қарқаралы» тас жолының біршама бөлігі жөнделіп қалды. Қарқаралының мерейтойында үлкен той жасау деген түсінік жоқ. Керісінше, ауданның инфрақұрылымын жақсарту үшін жолды әрі басқа да жұмыстар жасау көзделген. Болашақта туризмді дамытуды қолға аламыз. Бүгінде Қарқаралыдан аумағы 75 гектар болатын жерді белгілеп, бас жоспары әзірленуде. Қазір орталықтандырылған су, электр жүйесі бойынша мәселелер пысықталуда. Қарқаралының туризмін дамыту үшін жеңілдетілген несие қарастырылуда. Тиісті мамандар аталған мәселе бойынша жұмыс жасауда, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Айта кетейік, 75 гектар жер – туристерге арналған. Яғни, жеке инвесторларды тартып, туристерді қабылдау үшін нысандар немесе демалыс орындарын ашу көзделген.
– Өткен жолы Астанадан жеке инвестор келіп, тау шаңғысын қоюды жоспарлап отырғандығын айтты. Әрине, бұл нұсқаны да қарастыратын боламыз,– Ермағанбет Қабдулаұлы.
Бұдан бөлек Қарқаралыда әлеуметтік нысандар бой көтермек. Яғни, келешекте Қарқаралыға жаңа мектеп пен шағын оқушылар сарайы салынады. Қаржы жағы қарастырылуда.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz