Келешегіміздің кепілі
1992 жылы Шет ауданы әкімшілігі жанынан архив бөлімі ашылған. ҚР Министрлер Кабинетінің 1993 жылғы 2 желтоқсандағы №1214, Жезқазған облысы әкімшілігінің 1994 жылғы 25 ақпандағы №38/2 Қаулыларын жүзеге асыру мақсатында Шет ауданы әкімшілігінің архив бөлімі жергілікті бюджеттегі, жеке есепшоттағы аудандық архив мекемесі болып, 1994 жылдың 1 маусымында құрылды.
Шет ауданының мемлекеттік архивінде 1930 жылдан бергі құжаттар қоры сақтаулы. Келесі жылы құрылғанына тоқсан жыл толатын Шет ауданының толағай тарихымен жасты құжаттардың айтар сыры, бұлтарпас айғақтары көп. Құжаттардың құндылығын дәріптеп, оның сауатты қалыптасуын қамтамасыз ету мақсатында семинар-тренингтер өткізіліп, кеңес беру, пікір алмасу шараларын көптеп қолға алудамыз.
Заман талабына сай жаңа технологиялар мен бағдарламаларды тез қабылдайтын жастардың да санасына архив саласы туралы ақпарат беру мақсатында жыл сайын мектеп оқушыларымен кездесулер өткізіп, оларды құжаттама жұмыстарымен таныстырып, экскурсиялар ұйымдастырудамыз.
Ардагерлерімізді құрметтеп, қадірлеп, қастерлеп, марапат биігіне шығару – баршамыздың парызымыз. Осы мақсатта, Ұлы Отан соғысына Шет ауданынан қатысушылардың жекелеген құжаттары жинақталып, аудандық архивте «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері» атты коллекциясы құрастырылды. Ұлы Отан соғысының ардагерлері, ауданымыздың Құрметті азаматтары – Ж.Құтжанов, Ш.Жұқанұлы, Ж.Темірбеков, М.Ақажановтың архивке қабылданған құжаттары, фотосуреттері, қолжазбалары қай кезде болмасын көпшіліктің назарына ұсынуға тұрарлық дүниелер. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз әлі де жалғасады.
Қоғамның қажеттілігін қанағаттандырудағы еңбегіміздің табысты болуы да қуантарлық жайт. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Дулатбековтің сұранысы бойынша Софья Зильбербергке байланысты құжаттардың табылғанына, кейіннен ол кісінің тағдыры туралы «Казахстанская правда» газетінде мақаланың шыққаны архив мамандарының жұмысқа деген құлшыныстарын арттыра түсті.
Архив ісінің қызығы да, шыжығы да көп. Азабы да мол, жанға қуаныш сыйлайтын ғажабы да жетерлік. Құжаттарға зиян келтірмейтіндей тазарту, түптеу, қатты қағазбен қаптау, мұқабаларын жаңарту да көп тер төгуді талап етеді. Көнерген құжаттар белгіленген бір уақыт аралығында жаңартылып тұрады.
Аудандық архивте бүгінгі күні 169 қор қалыптастырылып, 47079 құжаттар сақталуда. «Шет ауданының мемлекеттік архиві» КММ архив саласына қатысты заңдылықтарға сәйкес аудан көлеміндегі мекемелер, кәсіпорындар, ауылдық округтер мен кенттер әкімі аппараттарындағы құжаттама жұмысына теориялық-әдістемелік басшылық жасауда.
Шет ауданының мемлекеттік архивін толықтыру көздері болып саналатын (мекемелер, ұйымдар және кәсіпорындар) 65 заңды тұлға мемлекеттік, экономикалық, қоғамдық қызметтің 13 саласы бойынша, толықтырудың негізгі және әлеуетті дереккөздерінің жиынтық тізіміне енді.
Мұрағат құжаттарының тарихи дерек ретінде Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуына тигізер әсері мол. Өйткені, нақты дәлел, бұлтартпас қисын, ақиқатты ашатын факт – архивте. Яғни, ұлттық рухымыздың бойымызда мәңгі қалуына себепкер – тарихи құжаттар.
К.МЫҚЫШ,
Шет ауданының мемлекеттік
архивінің басшысы.
ШЕТ ауданы.