Жаңалықтар

Күздің соңғы жәрмеңкесі

Сенбіде Қарағандыдағы «Global City» сауда-кешенінде ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. 8 ауданнан келген шаруашылық иелері өнімдерін нарық бағасынан 10-15% төмен бағамен саудалады. Тұрғындар да «жәрмеңке өтеді» дегенді ести сала буынып-түйініп, күні бұрын дайындалып, машықтанған сыңайлы. Күн ұясынан көтерілісімен жәрмеңкеден табылды. «Базарға, қарап тұрсам, әркім барар, іздегені не болса, сол табылар…» (Абай). Күздің соңғы жәрмеңкесінде құстың сүтінен басқасының бәрі табылды…

Жәрмеңкеге барлығы 400 тоннадан астам азық-түлік, ет өнімдері жеткізілген. Оның ішінде 82,5 тонна ет, 9 тонна балық, 18 тонна сүт өнімдері, 130 мың жұмыртқа, 170 тонна картоп, 60 тонна көкөніс және 30 тоннадан астам басқа да өнімдер бар. Жаңаарқа, Қарқаралы, Ақтоғай және Шет ауданының шаруалары жәрмеңкеде ет пен сүт өнімдерін саудалады. Картоп пен көкөністерді Абай, Бұқар жырау, Осакаров пен Нұра ауданының шаруалары әкелді. Ал, жұмыртқа мен құс етін жергілікті құс фабрикалары жеткізген.

– Бұл – күзгі жәрмеңкенің соңғысы. Алғаш рет қазанның басында Нұр-Сұлтанда өткіздік. Одан кейін Қарағандыда, содан барып серіктес қалалардың басында өтті. Күзгі жәрмеңкенің соңы болған соң ба, халық көп. Ал, бізде өнім жеткілікті. Мұнда шаруа иесі өнімін саудалау үшін ветеринарлық қадағалау және бақылау инспекциясының мамандарына малдың құжаттарын тексертеді. Көкөніс, картоп өнімдерін карантиндік инспекциялар үнемі қадағалап отырады, – деді Қарағанды ауылшаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Жәрмеңкеде жылқы етінің келісі 2400 теңгеге сатылды. Сиыр еті – 2000, қой еті – 1800 теңгеге саудаланды. Тауық, үйрек, қаз еті – 1000-2000 теңге аралығында. Балықтың келісі түр-түсіне қарай 600-1000 теңге аралығы. Қолдың сары майы – 3000, қаймақ – 1500, сүзбенің келісі – 700 теңге болса, сүттің литрі – 250 теңгеден. Ал, картоп пен сәбіздің келісі – 110, пияз – 70 теңгеден аспады. Айтса, айтқандай-ақ. Нарық бағасынан әлдеқайда төмен саудаланған өнімдерді алуға кім асықпайды дерсіз. Таң бозарып атысымен келген қара халық түс ауа артынып-тартынып үйлерін бетке алды.

– Қандай мал өткізсек те үнемі жәрмеңкеге келіп саудалаймыз. Әр жәрмеңке сайын 2-3 бас мал әкелеміз. Бүгін 400 келі басатын 2ірі қара мал әкелдік. Келгенімізге 1 сағат өтті-өтпеді, біразын саттық. Етті келілеп алатындар көп. Соларға ыңғайлы болу үшін жік-жікке бөліп, дайындап қойғанбыз, – деді Қарқаралы ауданы, Теректі ауылынан келген Гүлнар Сәрсенбаева.

Ал, нұралық Ерлан Сәрсенбековтың құс шаруашылығымен айналысқанына 20 жылдан асқан. Бүгінде Киевка мен Мыңбаев кентіндегі шаруашылығында губернаторлық тұқымды 200 бас үйрек, 700 бас қаз бар. Шаруашылық иесі өнімін үнемі жәрмеңкеге шығаратын көрінеді. Осы жолғы жәрмеңкеге 200 келіден астам ет әкелген.

– Пандемияның салдарынан биыл өсім жылдағыдан әлдеқайда аз. Негізі жылда Ресейден әкелемін. Алайда, биыл шекара жабылған соң шыға алмадым. Маған құс етін жәрмеңкеге шығарып сатқан тиімді. Олай дейтінім, құс етін алатындар көп емес. Алса, келілеп қана алады. Сондықтан, белгілі бір мөлшерде әкеп, көпшілік алдына қойғаным жақсы, – деді ол. Жәрмеңкеге Михайловкадағы ұн зауытынан жоғары және бірінші сортты 1950 келі ұн әкелінген. Жоғары сортты 2 келі ұнның бағасы – 420 теңге. 5 келісі – 950, 10 келісі – 1860, 25 келісі – 4550, 50 келісі – 9000 теңге тұрады. Ал, бірінші сортты ұнның 2 келісі – 380 теңге. 5 келісі – 850, 10 келісі – 1660, 25 келісі – 4050, 50 келісі – 8000 теңгеден бағаланды. – Биылғы түскен өнім жаман емес. Өнімді сақтайтын жер болмағандықтан бәрін сатып жатырмыз. Әрі бұл біздің шағын бизнесіміз. Жәрмеңкенің қызатын тұсы – сағат 11-дің кезі. Әр жәрмеңке сайын сол уақытта кісі қарасы көбейіп, бірін қалдырмай алып кететін. Қазірдің өзінде біразын сатып жібердік, – деді Шет ауданы,

Нұраталды ауылынан келген Ержан Рымжанов. Ол жәрмеңкеге 10 тонна «Гала» тұқымды картоп пен 5 тонна «Ринда» қырыққабатын әкелген. Ауыл маңынан шағын жер алып, кәсіппен айналысып жүргеніне 3 жылдан асыпты. Бір қызығы, өнімін арнайы дүкен немесе сауда орталықтарына апарып сатпайды екен. Ара-тұра азды-көпті көрші-қолаң, ауыл үстінен өтіп бара жатқандар арнайы соғып алатыны бар. Ал, негізінен саудалайтын орны – жәрмеңке. Апта сайын жәрмеңкені күтіп, қала жаққа елеңдеп отыратын көрінеді.

– Балаларым қолдан жасалған өнімдерді жақсы көреді. Әсіресе – қолдың сары майын. Дүкенде сары майдың бағасы қымбатырақ. Сол себепті үнемі жәрмеңкеден аламын. Күн суытып келеді. Ал, бұл мезгілде адамның тәбеті ашылады. Сондықтан, осы жолы балаларымның сүйікті тағамдарын көбірек алдым, – дейді Айман есімді қала тұрғыны.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button