Аймақ экономикасын дамытуда өндіріс алпауыттарының үлесі қомақты. Мәселен, былтыр 9 айда «Қазақмыс» корпорациясы жергілікті өндірушілерден 14 млрд. теңгеге тауар сатып алды. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмысты ширату қажет. Компания басшылығымен кездескен облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев осы мәселені жауапты тұлғаларға мықтап тапсырды.
Былтыр облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасында арнайы меморандум жасалды. Құжат шеңберінде 21 жергілікті компаниямен келісімшарт түзілді.
– Облыс өндірушілерін қолдау және жергілікті қамтуды дамыту мақсатында 2022 жылы әкімдік пен «Қазақмыс» корпорациясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Өткен жылдың 9 айында өңірдің тауар өндірушілері шикізаттық емес тауарлар бойынша жалпы сомасы, шамамен, 14 млрд. теңгеге келісімшарт жасасты, – деді облыстың өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Әскербек Халтонов.
«Қазақмыс» сауда үйінің директоры Марина Красюк қазақстандық кәсіпорындар өнімін сатып алуда өсім барын атап өтті. Әйтсе де, тауардың басым бөлігін әлі де шетелдік өнім құрап отыр. Қазір импортты алмастыру бағытында нақты жобалар қолға алынуда. Бұл ретте облыстағы кәсіпорындар өндіретін болат арқан, цемент, металл прокаты, жарықдиодты шам, автобус және автомобиль шиналары сынды тауарларды атап өтеміз.
Жақын арада облыс әкімдігі мен корпорация арасында биылғы жылға арналған меморандумға қол қойылмақ. «Қазақмыс» басшылығы қатысқан онлайн-кездесуде осы меморандумда қамтылуы тиіс мәселелер талқыға түсті. Кез келген өндіруші өз сауалын қойып, ұсынысын ортаға салды.
Облыс әкімі қос тараптың да ұстанымын назарға алды. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлерден тауар сатып алу көлеміне көңілі толмайтындығын айтты. Компания басшылығын жыл сайын сатып алудағы отандық тауар үлесін ұлғайтып, жеткізушілер тізімін тұрақты түрде кеңейтіп отыруға шақырды.
– Құр сөз емес, нақты келісімшарттар қажет, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.