Ақтоғай

Көші көлікті «Керуен»

Оны былтыр желтоқсанда жерлестері сәтті сапар тілеп, бизнес әлеміне шығарып салған. Керуенбасы — жас кәсіпкер Ердос Қасенов.

– Мақсат – баю емес, халыққа қызмет ету. Қолға қайшы алып шаш қисаң да, қамшы алып төрт түлік бақсаң да, жеке кәсіп ашып нәсібін көрсең де, оған толық мүмкіндік бар. Тек, жалқаулықты жеңіп, жоспарлы жұмыс жаса. Елге сіңірген еңбек еш кетпейді. Ерінбей еткен еңбектің қайтарымы қашанда болады, –дейді ол.

“Керуен” сервистік қызмет кешені ашылғанда аудан орталығындағы жұртшылық жаңа нысанды жақсылық нышаны ретінде қабылдады. Онда бірнеше жұмыс орны ашылып, тіпті, кейбір мамандық түрі қат болып шықты. Сөйтіп сұраныс тудырды.

 Ол автокөлікке техникалық қызмет көрсететін бекетке байланысты. Өйткені, онда автокөлікті жуу, тозған дөңгелегін жамап-жасқау, майын ауыстыру, жеңіл-желпі жөндеу, тағы басқа қызмет түрі көрсетіледі. Ал, техниканың “тілін білетін” майталман маман тапшы екені алғашқы сәттен-ақ аңғарылып қалды. Қазір олқылық орнын толтыру қамы қарастырылуда.

Сондай-ақ, бұл кешенде шағын салтанат залы жұмыс істейді. Азық-түлік және автобөлшек дүкені ашылған. Бірнеше бөлме әртүрлі мекемеге жалға берілген. Енді өткен-кеткеннің қажетін өтейтін шағын мейманхана ашу ойда бар. Жантайып жатпай, белді бекем буып, берекелі іске бет түзеген Ердосқа еріксіз риза боласың.

“Көш көлікті болсын!” дейміз кәсіптің көзін тапқан жас кәсіпкерге .

Әлібек ӘБДІРАШ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button