Көшбасшы мұғалім – ел болашағының негізі

    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының төртінші басымдығында: «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет», – делінген. Осы басымдықты басты назарда ұстау әр ұстаздың парызы.

Мұғалім мамандығы жайлы айтылса «Ұстаз — ұлық емес, ұлы қызмет» деген Бауыржан Момышұлының әрбір адамға ой тастайтындай керемет дана сөзі әрқашан ойыма оралады. Себебі, менің өмірдегі бақытым – жүрек қалауыммен ұстаз болуым. Білім саласында кәсіби өсу мақсатында мұғалімнің ұстанымдарының бірі үздіксіз өзі де білім алу екендігін жақсы білеміз. Осыған орай мен 2017 жылдың қаңтар айынан бастап Қарағанды қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығында Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы бойынша «Мектептегі мұғалім көшбасшылығы» атты курста өз біліктілігімді арттырып, шыңдаудамын. Мұғалім үнемі өз білімін жетілдіріп, «Өмір бойы білім алу» қағидасын берік ұстанғанда ғана бәсекеге қабілетті, білімді және құзыретті тұлғаның тәрибеленіп, білім алуына өз үлесін айқын қоса алады.

Курсқа келген алғашқы күннен бастап тренер Гүлбахар Рахманова алдағы уақытта көшбасшылық функциямның ықпалы оқытуға және әріптестерімнің кәсіби дамуына байланысты екендігін түсінуіме ықпал жасады. Сонымен қатар, өзім қызмет ететін Балқаш қаласындағы №15 мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Шәкәрімқызының артқан үлкен жауапкершілігін сезінуіме үлкен әсер етті. Мұғалімнің көшбасшылығы ынтымақтастықты, кәсіби даму мүмкіндіктерін дамытуға, мектеп пен сыныпта өзгеріс енгізуге, сондай-ақ, мұғалімдер мектепте кәсіби шешім қабылдауға қатыстырылған жағдайда көшбасшылықтың бұл түрі мектеп жүйесін жетілдіруге ықпал ете алады деп ой түйдім.

Ұлы ұстаз А.Байтұрсынов: «Білім — біліктілікке жеткізер баспалдақ, ал біліктілік сол білімді іске асыра білу дағдысы» деп атап өткендей, оқушының алған білімін қолдана білу дағдысын дамытатын негізгі тұлға мұғалім. Сондықтан да, ХХІ ғасыр талап етіп отырған дағдыларды оқушы бойына тиімді қалыптастыра алу үшін, алдымен мұғалімдердің өздері де ол дағдыларды меңгергені абзал. Сондықтан да, «Мәңгілік елдің» ұлттық құндылықтарын көздерінің қарашығындай сақтап, әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алатын, өз бетімен білім алу мүмкіндігі мол ұрпақ тәрбиелеу жолында бар күш-жігерімізді жұмсауға шақырамын. Қазақстанның келешегі білімді ұрпақтың қолында. Сол себепті, курс барысында ұстаздарға артар жүктің ауыр екендігін саралап, бұрынғыдан да жете түсініп, көшбасшы мұғалім – ел болашағының негізін қалайтындығын жете түсіндім.

Шынар ЖАҚЫПОВА,

15 мектеп-лицейінің

мұғалімі

БАЛҚАШ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.