Көрме

Көркем көріністер – көрнекі үлгіде

Жаңа жыл қарсаңында Елорда тұрғындарының назарына National Geographic Qazaqstan журналының фотосуретшісі, қарағандылық Дмитрий РУГИСТІҢ «Қазақстандықтар» атты жеке фотокөрмесі ұсынылды. Қазақ География қоғамының (QazaqGeography) бастамасымен Ұлттық музейде өткізілген көрмені Премьер-Министр Асқар МАМИН Үкімет мүшелерімен бірге тамашалады.

 

Елдің әр аймағын мақсатты түрде аралауға машықтанған, өз кәсібінің шынайы шебері санатындағы фотосуретші табаны тиген жердің қарапайым адамдарын, табиғатын, мәдени ерекшеліктерін фотосурет тілінде сөйлетіп келеді. Ол Қазақстанның киелі өлкесі – Ұлытауды сан мәрте шарлап шыққанын зор мақтанышпен айтады. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінде жұмыс істеген кездері ұлттық таным мен болмыс-бітім кодын бұлжытпай сақтаған сол өңір тұрғындарының бет-бейнесін, табиғатының тартымды көріністерін, қайталануы сирек көне күндердің көзіндей жәдігерлерді фотосуреттер арқылы тарих еншісіне айналдыра білді.

Оның қазақ мәдениетін тамырынан тарта зерделеуге құштарлығын, жүрегі кең, жаны жайсаң ұлттың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін танып-білуге іңкәрлігін екі ауыз сөзбен жеткізу, әсте, мүмкін емес.

  • Өз туындыларымда заманауи өркениет жетістіктерінен алшақ жатқан ауылдарда жан-дүниесі мен ұстанған әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрлері кез келген өркениет өлшемдерінен рухани тұрғыда асып түспесе, бір мысқал кем түспейтін ғажайып адамдардың ғұмыр кешіп жатқанын көрсеткім келеді. Олардың адамгершілік, қайырымдылық, қонақжайлылық және басқа да ізгі қасиеттері – ықылым замандардан үзілмеген үрдіс, басқалардың бойында тым сирек кездесетін құндылықтар. Шынайы адами келбетке тән сол құндылықтарды қастер тұта білген жандардың тыныс-тіршілігін, өмір сүру өнегесін жалпыға жария етуді азаматтық парызым деп есептеймін, – дейді Дмитрий Ругистің өзі.

Бұл танымал фотосуретшінің Ұлттық музей қабырғасында өткізген екінші көрмесі екенін еске сала кеткен жөн. Ол былтырғы жылы «Өткен шақтың естелігі – болашаққа жол» атты аймақтар музейлерінің көрмесінде астаналық өнерсүйер қауымды, қала қонақтарын Ұлытау табиғаты мен тарихи жәдігерлері туралы сериялы жұмыстарымен тәнті еткен еді. Көрме қорытындысымен жоғары бағаланған сол фотосуреттердің бір бөлігі бүгінгі күні аса ірі «Dentos» халықаралық заңгерлік компаниясы бас кеңсесінің ажар-көркін енгізіп тұр.

Қарағандылық фотосурет шеберінің Қазақстандағы Nomad Explorer қоғамдық қозғалысының экспедицияларына қатысуы көрген жанды таң қалдырып, тамсандырар төлтума туындыларының географиясын кеңейте түсті. Соның нәтижесінде жерлесіміз қазіргі таңда «Моңғолия», «Қырғызстан», «Тәжікстан», «Өзбекстан» серияларын әзірлеу ісімен белсене шұғылдануда.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button