Бас тақырыпНұра

Көп тілегі көпір еді

Аудан тұрғындарының көптен күткен арманы орындалды. Тәуелсіздік күніне орай, Нұра ауданына қарасты Кеңжарық ауылы маңындағы Құланөтпес өзенінің үстінен салынған көпір халық игілігіне берілді. Аталған көпір «Пикет-Соналы-Изенді» аудандық маңызы бар автожолды жалғайды.

Бұл жаңалыққа бәрінен бұрын ауылдың халқы ерекше қуанды. Себебі, Нұра ауданы үшін осы автожол көпірі – ерекше стратегиялық маңызға ие. Бұл нысан Теңіз өңірінің елді мекендерін аудан және облыс орталықтарымен байланыстырады. Көпір болмаған жағдайда, әсіресе, қыс мезгілінде көлік қатынасын жүзеге асыру қиындық туғызатын. Тұрғындар бір шеттен бір шетке жете алмай, біраз әбігерге түсетін.

Жаңа көпірдің ашылу салтанатына Нұра ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы О.Әубәкіров, «Сапа Жол Строй» ЖШС директорының орынбасары А.Мусин, аудандық мәслихат депутаты Т.Жақантай, «Отқанжар» ЖШС басшысы Қ.Отарбаев, ауыл әкімі аппаратының қызметкерлері, Изенді, Жараспай, Кеңжарық ауылдарының тұрғындары қатысып, қуанышқа ортақтасты.

Бүгінгі талаптарға сай етіп салынған көпірдің ұзындығы 100 метр болса, ені – 10 метр. Көлік қозғалысына еш кедергі келтірмейді. Қайта құру жобасы үш жыл ішінде жүзеге асырылған. Құны – 476,5 млн. теңгені құрады. Тапсырыс беруші – Нұра ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Ал, бас мердігер – «Сапа Жол Строй» ЖШС.

Айта кету керек, 2020 жылы аудан басшылығы Изенді ауылынан жаңа көпірге дейінгі ұзындығы 14 шақырым болатын автожол учаскесін асфальттауды жоспарлап отыр.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА.

Басқа материалдар

Back to top button