Көмектен кемдік көрмейді
YDD Corporation зауытында болған оқиға салдарынан төрт адам қайтыс болды. Екі адам ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде. Ал, екеуінің жағдайы едәуір жақсарғанын айтады облыстың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Дәрігерлер оларға палатада жүруге, туыстарының келуіне рұқсат еткен. Қазір арнайы қомиссия зауытта болған оқиғаның себептері мен мән-жайларына тергеу жүргізуде.
Премьер-Министр Олжас Бектенов YDD Corporation зауытында қаза тапқан қызметкерлердің туыстарына көңіл айтты.
– Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы қайғылы оқиға туралы хабарды қатты қайғырып қабылдадым. Оқиғаның себептерін тергеу менің жеке бақылауымда. Қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті қолдау көрсетіледі, – деді ол.
Балалары бар қаза тапқандардың отбасыларына асыраушысынан айрылуына байланысты республикалық бюджеттен жәрдемақы және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Бұдан басқа, отбасылар сақтандыру төлемдерін және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жерлеуге біржолғы төлемді ала алады.
Ал, облыстың еңбек инспекциясы басқармасының баспасөз қызметі Қарағандыдағы ферроқорытпа зауытында болған оқиғаның себептерін анықтау үшін еңбек заңнамасы шеңберінде құрылған комиссия жұмыс жасап жатқанын хабарлады.
– Комиссия құрамына барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері бар. Бүгінгі күні комиссия жазатайым оқиға болған жерге тексеру жүргізді. Сондай-ақ, оқиға болған жерді суретке түсірді, техникалық құжаттаманы зерттеп жатыр. Тергеу шеңберінде алынған құжаттардың көшірмелерін беру үшін Әлихан Бөкейхан атындағы ауданның полиция бөліміне сұрау салу жолданды, куәгерлер мен жауапты тұлғаларға сауалнама жүргізілуде, – деп хабарлады ведомстводан.
Бүгінге дейін YDD Corporation компаниясы ешқандай баспасөз конференциясын өткізген жоқ. Зауыт тек Instagram парақшасы арқылы ақпарат беріп отыр.
– Әріптестеріміздің отбасылары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз және осы ауыр кезеңнен өтуге қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Компания жерлеуді ұйымдастыру, ас өткізу және мазар салу бойынша барлық шығындарды өз мойнына алады, сондай-ақ, отбасына барлық қажетті қолдауды көрсетеді, – делінген зауыттың ресми парақшасында.
Сондай-ақ, компания зардап шеккен отбасыларын қолдау үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем жасайтындарын атап, тұрғын-үй жағдайларын жақсартуға көмек көрсетеміз деп отыр. Одан бөлек, қызметкерлер мен олардың жұбайларының барлық несиелерін толық өтейді.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz