Көлеңкедегі «Күнгей»

«Күнгей» жаққа бардың ба, күн­кө­рісін көрдің бе? Қазіргінің мәтелі сияқты – бұл. Себебі, Қарағандының «Күнгей» шағын ауданына бара қалсаңыз, қарныңыз ашады. Немесе, «Күнгейдің» көпшілігімен кездессеңіз, көкейкестілерін жарыса жырлайды. Проблемаларын парақтап, өзекті мә­­селелерін өрбіте жөнеледі. Ішіңіз сезіп отырған болар, «жол жоқ, су жоқ, жарық бірде бар, бірде жоқ…»

Жә, жолы – жауыр болған тақырып дерсіз…

Су, ауызсу ше? Бір кездері мемлекеттің «Ақ бұлақ» бағдарламасы елдің игілігіне жол тартқан-ды. Оның шалғайдағы ауылдарға шарапаты тиді. Әлі де елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету жалғасуда. Бі­рақ, «Күнгейдің» жағдайы мәз емес. Іргедегі.

Мәселен, «Күнгей» шағын ауданы, Сейтқұлов көшесінің тұрғындары «Талайдың табалдырығын тоздырдық», – дейді. Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан әкімдігіне, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына уәждерін айтып, мәселенің оң шешілуіне ықпал етуін сұраған. Бір емес, отыз үйдің иесі қол қойған ұжымдық өтініш жолдаған.

Олар облыс орталығында отырып, ауызсуды тасып ішеді. Оның үс­тіне, кеш батса, сығырайған жарық­пен отыруға мәжбүр. Күлесіз бе, жылайсыз ба, еркіңіз…

Көшбасшы партия филиалының басшылығы көптің назына құлақ түріп, тиісті жауабын жолдаған. Құжатта тұр­ғындар қолдарындағы құқықтық-анықтамалық құжаттарымен қандай ме­кемелерге баруы қажет екендігі баян­далған. Инженерлік желілерді тарту жұмыстарының мерзімі көрсе­тілген. Бұл – наурыз айында болған әңгіме.

Алты ай жаз артта қалды, қыс түсті. Жуырда (24.10.2017 жыл) Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданы әкімдігі «Күнгейде» су және кәріз құбырларының құрылысы биылғы желтоқсанда аяқталатынын хабарлапты. Ал, жол мәселесін жылы жауып қоюды сұраған. Себеп – қаражат тапшылығы.

Қаланың құрылыс бөлімі де же­лілерге қосылу нысанды қабылдау актісіне қол қойылған соң ғана мүмкін екендігін алға тартқан.

Сейтқұлов көшесіндегі халық болса, коммуникациялық желілер үйдің іргесіне келіп тұрғанын айтып дал. Сондықтан, жарық пен суды үйді-үйге тартуға рұқсат берілсін деген талап қойып отыр.

Енді, аталған көше тұрғындары бұл мәселені тек қана облыс басшылығы шешеді деген үмітте. «Біздің мәселе тасада, көлеңкеде қалып қоймаса екен», – дейді Сейтқұлов көшесінің тұрғындары.

Күтейік. «Күнгейге» де күн түсер.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.