Ресми

Көкше көлдің жағасы көркейеді

4 сәуір күні Балқаштағы Қоңырат шағын ауданы мен Балқаш станциясындағы магистральдық су құбырында ірі апат болып, тұрғындар ауыз сусыз қалды. Белгілі болғандай, диаметрі 800 мм құбырдың ысырма клапанының камерасынан 18 сағат бойы суды сору нәтижесінде, диаметрі 300 мм іргелес құбырдың жарылғаны анықталды. Бүгінде «Балқаш су» мекемесінің қызметкерлері жағдайды қалыпқа келтіруде. Дегенмен 80 мың халқы бар қала үшін бұл жағдай үлкен қиындық туғызып отыр. Қазір қаладағы маңызды әлеуметтік нысандар, ауруханалар мен мектептерге су көлікпен тасымалдануда. Тіршілік нәрінсіз қалған қаладағы ахуалды арнайы келіп көрген Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құзырлы орган басшыларына апатқа байланысты қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырды. Өңір басшысы болған оқиғаның себептерін анықтап, мұндай жағдай қайталанбауы үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды талап етті. Онымен қоса, аймақ басшысы жұмыс сапарымен Приозерск қаласында болып қайтты. Ол қаланың даму тынысымен және келешек жоспарларымен танысты.

Балқаштағы ахуал – бақылауда

Балқашқа жұмыс сапары барысында Ермағанбет Бөлекпаев апат болған жерге барып қайтты. Содан кейін қалалық мәслихат депутаттарымен кездесуде жағдайды талқылады.

– «Балқаш су» басшылығы өзінің қабілетсіздігін көрсетті деп санаймын. Белгілі болғандай, қақпа клапаны осы уақытқа дейін судың астында болған. Неге тексерілмеген? Мекеме басшысының атқаратын лауазымына сәйкестігін қарастыруды тапсырамын. Қызметтік тексеріс жүргізіңіздер. Жобаны көтеріңіздер, егер қателер болса, бәрін түзету керек. Барлығын екі қайтара тексеріп нақтылаңыздар. Ертерек әрекет етіңіздер, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Ермағанбет Бө­лекпаев коммуналдық қызметтер жүйесіндегі жабдықтарының ескіруіне қатысты проблемаға және құрылғылар тапшылығына назар аударды. Балқаш қаласының әкімі Қайрат Қамзин қазіргі таңда апат орнына 5 арнайы техника және 12 адамнан тұратын бригада жұмылдырылғандығын мәлімдеді. Оның ішінде бір экскаватор, автокран, екі сорғы және тағы техникалар бар.

– Жоспар бойынша жұмысты аяқ­тасақ, желілерді суға толтыратын боламыз. Балқаштықтардың шыдамдылық танытуларын өтінеміз және өз тарапымыздан техникалық ақаулар үшін кешірім сұраймыз. Судан ажыратылған қалаға, маңызды әлеуметтік нысандарға – ауруханалар мен мектептерге су көлікпен тасымалдануда. Мектеп пен балабақшалар су берілгенше жұмысын мүлде тоқтатуға мәжбүр болды, – деді ол.

Сондай-ақ, кездесуде қала мен Балқаш курорттық аймағының болашағы талқыланды. Маңызды міндеттердің бірі – туристер ағынын арттыру. Ол үшін инфрақұрылымды жақсарту қажеттігі айтылды. Балқаштың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары басты назарға алынды. Облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаевқа екі жылға есептелген жоба ұсынылып, таныстырылды.

Еске сала кетейік, биылғы жылы қалада көл жағалауын абаттандыру басталады. Жағалау аумағында жаңа аллеялар, балалар ойын және спорт алаңдары, велосипед жолы, тротуарлар салуды қарастырған. Негізгі аллеяның ені 6-7 метр, тротуарлардың ені 2-4 метр болады. Жаңа алаңдарда сұр және қызғылт сары түсті бетон плиткалары пайдаланылады. Абаттандыру жұмыстары сәуір айында басталады. Жағалау екі кезеңде салынады. Әрқайсысына шамамен екі миллиард теңгеден қаржы бөлінген.

– Қаражат бөлінді, оны уақытында бастау керек. Жұмыстың сапасын қадағалап, назарда ұстаңыз­дар. Кабинеттеріңізде отырудың қажеті жоқ, сыртқа шығып, мұқият бақылаңыздар! – деп Ермағанбет Бөлекпаев қала басшылығына талап қойды.

Облыс әкімі Балқашта салынып жатқан үйлердің сапасын да тексерді. Биыл қалада кезекте тұрғандар үшін екі көпқабатты үй тапсырылуы тиіс. Сонымен қатар, өңір басшысы күрделі жөндеуді қажет ететін бұрынғы колледж ғимаратын аралап көрді.

Шағын шаһарда оң өзгеріс бар

Жоғарыда айта кеткеніміздей, облыс әкімі Ермағанбет Қабдула­ұлы жұмыс сапарымен Приозерск қаласында да болып қайтты. Шағын шаһарда құрылысы басталған 210 орындық денешынықтыру-сауық­тыру кешенін аралап көрді. Айта кетейік, бұл нысанның қажеттілігі жайлы тұрғындар Қарағанды облысының әкімімен кездесулерде бірнеше рет мәселе қылып көтерген болатын. Қазіргі уақытта аталмыш нысанның іргетасы мен тірек бағандарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша ғимарат 2024 жылы тапсырылуы тиіс.
Облыс әкімі Приозерск қаласына жұмыс сапары барысында құрылыс кестесінен қалыс қалмау және сапаны назардан тыс қалдырмау керектігін қадағалауды тапсырды. Биылғы жазда Приозерск қаласында стадион қалпына келтіріліп, абаттандырылады. Абаттандыру жұ­­­мыстарын да назарда ұстау керектігін ес­кертті.

Сонымен қатар, облыс басшысы Ермағанбет Бөлекпаев депутаттармен және қала тұрғындарымен кездесіп, қаланы одан әрі дамыту жоспарларын талқылады. Алқалы жиынға онлайн режимде басқармалардың барлық басшылары қатысты. Кездесу барысында облыс әкімі қаланың балабақшаларында орын тапшылығы мәселесі бақылауда екенін атап өтті.

– Біз «Балбөбек» балабақшасына қосымша құрылысты кеңейту туралы шешім қабылдадық. Аталмыш нысанда орындар саны 120-ға ұлғайтылады. Осы бағытта тапсырмалар бердім. Биыл біз осы балабақшаға қосымша жоба әзірлейміз. Жоспар бойынша кеңейту, абаттандыру және күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Приозерск тұрғындары әлі күнге дейін жол, абаттандыру және ТКШ мәселелері алаңдатып отыр­ғандығын жеткізді. Содай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы проблемаларға тоқталып өтті. Тұрғындар сұрағына жауап берген облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық мәселелер ба­сымдықтарды ескере отырып ше­шілетінін айтты.

– Бүгінгі таңда ең бастысы – №1 қалалық қазандықты жаңғырту. Қа­зірдің өзінде жұмыс жүргізілуде. Екі жаңа қуатты жылу алмастырғыш орнатылып, жаңа қазандық сатып алынды. Жылыту маусымы аяқталғаннан кейін қазандықта жұмыс жалғасады, – деді ол.

Кездесуде тұрғындар жаңа мектеп қашан салынатынын сұрады. Облыс басшысының айтуынша, келесі жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қалада 300 орындық заманауи оқу орнының құрылысы басталады.

Сонымен қатар, Приозерск қаласының әкімі Сапар Сатаев жол жөндеуге қатысты жоспарлары туралы баяндады. Биыл Момышұлы, Абай, Ғарышкерлер, Бәйтерек, Алаш, Қосшы, Достық көшесінің негізгі бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін мәлімдеді. Сондай-ақ, 500 орындық мәдениет үйі мен 30 пәтерлі тұрғын үйдің жөндеу жұмыстарына жалпы сомасы 497,8 млн.теңге қаржы бөлінгендігін атап өтті.

Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы биыл абаттандыру жұмыстары жалғасатын жағалауды да қарап шықты.

– Ешқандай шектеу қоймаңыз­дар, тұрғындарға мұнда демалу ыңғайлы болуы керек. Ойын алаңдары бар жерлерге күн сәулесінен қорғайтын шатырлар жасаңыздар. Қаланың тазалығы көңіл қуантады. Осылай ұқыпты, жақсы жағдайда ұстаңыздар, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Бұдан бөлек, облыс әкімі Сарышаған кентінде болып, екі мектепті аралап көрді.

Айта кетейік, оның біреуі шұғыл арада жөндеуді қажет етеді. Өйткені, тозығы жетіп тұр. Сонымен қоса, кентті дамыту бойынша, аймақ басшысы ауданның даму бағдарламасының жүзеге асырылуын жіті назарға алуды тапсырды.

Нұрдос КӘРІМ.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Ortalyq.kz

БАЛҚАШ-ПРИОЗЕРСК.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button