Көкейдегі сөзді айтты
Мемлекет басшысы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Қазақтың жері ешбір шетелдің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деп кесіп айтты. Шекарамыз ресми түрде халықаралық талапқа сәйкес бекітілгенін, ел Тәуелсіздігі «аспен де, таспен де» қорғалатынын қадап көрсетті. Осы салмақты сөзден соң күмән сейілуге тиіс. Сабыр сақтаған жөн, ел бірлігі қымбат.
«Егемендігіміздің үштағаны – кең байтақ жеріміз, ана тіліміз және барлық қиындықтардан сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осыны көздің қарашығындай сақтаймыз» деді Президент. Алып-қосары жоқ, бұл — шындық! Сосын «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс» деп, көптің көкейіндегі сөзді айтты. Жалпы өзін сыйлайтын әр азамат ата -бабасының тарихын білуі қажет.
Жалпы менің айтпағым, Мемлекет басшысының аталмыш мақаласын оқып көкейде жүрген көп түйткілге жауап тапқандай болдым. Туған тілімізге қатысты мәселелерді де үлкен парасатпен жеткізген. Жерге қатысты мәселені де шегелеп айтты. Ең бастысы, ешқайдан жау іздеме, дос ізде, елім көркейсін десең. Айналамыздағы «қоңсылармен» тату болу, өзімізге тиімді.
Жанболат БАШАР,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
БАЛҚАШ қаласы.