Көгілдір отын көкжиектен көрінді
Қарағандыға газ келе жатыр. Бұйырса, бұқара үнемді, әрі тиімді көгілдір отынға қарық болады. Орталықтандырылмаған жылу жүйесі бар үйлердің көмір тасып, күл шығарудан көзі ашылады. Өйткені, Қызылордадан Астанаға тартылатын газ құбырының басым бөлігі – Қарағанды аймағының үлесінде. Атап айтқанда, магистральды құрылыста, бірінші кезеңде 1063,4 шақырымға газ құбыры төселсе, оның 764,95 шақырымы – Қарағанды облысына тиесілі. Қызылорда облысында – 178,12 , Ақмола облысында – 120,33 шақырым. Аталған газ құбыры арқылы 1 млн. тұрғынды көгілдір отынмен жабдықтауға мүмкіндік бар. 2018-2020 жылдарға жоспарланған «Сары-Арқа» магистральды газқұбыры желісі екі кезеңде іске асырылады. Бірінші кезең – 2018-2019 жылдарды қамтыса, екінші кезең – 2019-2020 жылдарға межеленген. Жобаның құны – 264,4 млрд. теңге. Жобаның Қарағанды аймағына қатысты жай-жапсарын бейсенбі күні аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВҚА жобалаушылар мәлімдеді.
«Сары-Арқа» МГ құрылысы мен Қарағанды облысын газдандырудан күтілетін ықпал күшті. Ол – 119 елді мекенді газдандыру арқылы 1400 адамды газбен қамти отырып, жылумен жабдықтауда және тұрғындардың өмір сапасын арттыруда тұрақтылық. Екінші – жеке секторда көмірден, дизельдік отыннан бас тарту арқылы үнемге қол жеткізу. Үшінші – құрылыс барысында 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Оған қоса, бұдан туындайтын бизнесті дамыту, тұрғындар көші-қонының тұрақтануы, қазақстандық мазмұнның артуы сынды қосалқы тиімділік тағы бар.
Жобаның тапсырыс берушісі – «КазТрансГаз» АҚ ал, техникалық-экономикалық негіздемесінің консорциумын дайындаған «КАТЭК»-лидер» ЖШС. Елбасының Астана қаласын, солтүстік және орталық облыстарды газдандыруды 1,5 жыл мұғдарында іске асыру туралы бастамасы бұл іске қозғау салды.
«КАТЭК»- лидер» ЖШС-нің басшысы Құндыз Нуповтың айтуынша, құрылыс Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалаларын, Ұлытау, Жаңаарқа, Шет, Абай, Бұқар жырау, Осакаров аудандарын басып өтеді. Яғни, жобалаушылар газ құбыры жүргізілетін өңірлердегі елді мекендерді газбен жабдықтауға негіз бар дейді. Біздің түсінуімізше, ең әуелі ірі қала, орталықтарға автоматтандырылған газтаратушы стансалар тұрғызылып, содан газ жан-жаққа таратылмақ. Мұны одан кейін де бизнес, немесе мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асыруға әбден болады дейді жоба жетекшілері. Түсінікті тілмен айтқанда, газ өтетін өңірлердің елді мекендерін қамтуға мүмкіндік бар. Ол – енді келешектің еншісіндегі іс. Ал, бүгінде газдандыруға қатысты құжаттама жұмыстары аяқталуға жақын.
Құзырлы орындар қазіргі таңда «КАТЭК»-лидер» ЖШС-не магистральды газқұбыры өтетін трасса бойынша барлық рұқсаттық құжаттар берілгендігін айтады. Магистральды желілерден орташа және төмен қысымдағы газқұбырларының жобалау трассалары анықталған.
Бірінші кезеңде үш АГТС-тан жылу жабдықтауы жоқ көшелер мен шағын аудандарды қосымша қамтумен жеткізуші және кварталды желілер құрылысы жоспарлануда. Мысалы, «Қарағанды» АГТС арқылы Қарағанды және Саран қалаларын газдандыру көзделуде. Ол, жалпы есеппен алғанда, жеке сектордағы 5,5 мың үй екен. Теміртау бойынша орталықтандырылған газға 3 мың үй қол жеткізеді. Жезқазғанда 2,5 мың жеке үй газдандырылады. Сөйтіп, мұнда жалпы 65 мың адам, 1400 заңды тұлға газға қосылады. Олардың жылдық тұтынымындағы газ көлемі 85 млн.текше метр көрінеді. Бірінші кезеңдегі таратушы желілердің жобаланғандағы құны – 21,4 млрд. теңге. Осыған орай, бюджетті нақтылауға қатысты жобалық-сметалық құжаттама жасауға бюджеттік өтінім де беріліпті. Газбен жабдықтаушы желілердің құрылысы 2019 жылға жоспарланған.
Ал, жалпы, көмірден, дизельдік отыннан табиғи газға көшу арқылы экономикалық пайда жоғары болмақ. Мұның сыртында экологияға шығарылатын зиянды қалдықтардың көлемі де кемімек. Айталық, қолда бар деректерге жүгінсек, ластаушы заттар құрамы 5-тен 3-ке түседі екен. Экологиялық төлемдерді өтеу де көмірмен салыстырғанда 9,5 есеге, дизельді отында 2,9 есеге азаймақ. Құрылыс барысында отандық, соның ішінде, жергілікті өндіріс орындарының өнімдері тартылады деп жоспарлануда.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.