Теміртауда металлургиялық комбинатты газдандыру жұмыстары жалғасып жатыр
Qarmet баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, Теміртауда металлургиялық комбинатты табиғи газға көшірудің екінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Биыл кәсіпорынға сағатына 10 мың текше метрден астам газ беру жоспарланған. Табиғи отын жаңа өндірістік учаскелерде, соның ішінде оттекті-конвертер цехы мен №2 әк күйдіру цехында пайдаланылатын болады.

Qarmet газдандыру жобасының алғашқы ірі кезеңін 2025 жылы аяқтаған. Сол кезде домна өндірісі мен қаңылтыр илемдеу цехының №1 әдістемелік пештері табиғи газға көшірілді. Бұл, атап айтқанда, домна өндірісінде мазуттың едәуір көлемін пайдаланудан бас тартуға мүмкіндік берді.
Қазір оттекті-конвертер цехында кокс газын және пропан-бутан қоспасын табиғи газбен алмастыру жоспарланып отыр. Ал №2 әк күйдіру цехындағы шахталық және айналмалы пештер кокс газы мен мазуттың орнына табиғи газға көшіріледі.

Жекелеген учаскелерде құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу деңгейі 90 пайызға жетті.

— Нысанның ішкі бөлігіндегі жұмыстардың дайындық деңгейі бұдан да жоғары. Негізгі тіректер, құбыр желілері мен бекіту арматурасы орнатылды. Балкалар, консольдік конструкциялар, Г-тәрізді жартылай рамалар және газ құбыры жүйесінің жекелеген элементтері толықтай монтаждалды, — дейді жоба инженерлері.

Газдандыру ауқымын кеңейту — отынның бір түрін екіншісімен алмастыру ғана емес. Жоба металлургиялық комбинатты кешенді жаңғыртудың бір бөлігі болып табылады және өндірістің экономикалық, технологиялық әрі экологиялық тиімділігін арттыруға бағытталған.
Табиғи газға көшу өндірістің мазутқа, кокс газына және пропан-бутан қоспасына тәуелділігін кезең-кезеңімен азайтуға, отын теңгерімін оңтайландыруға және дәстүрлі отын түрлерін пайдаланудан туындайтын шығарындыларды қысқартуға мүмкіндік береді.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



