Ресми

Көгілдір отынға сұраныс көп

Облыста «Сарыарқа» газ магистралі арқылы аймақтағы қалалар мен жүзден аса елді мекенге табиғи газ жетеді. Газ құбырының құрылысы кестеге сай жүріп жатыр.

Облыстың Қарағанды, Те­міртау, Саран, Шахтинск, Абай қалаларымен қатар, 120 елді мекенге газ жеткізетін магистральдің құрылысы – аймақтағы ірі жобаның бірі. Қарағандыны газдандыру жүйесі 4 кезең бойынша жүруде. Жұмыстар жоспарға сай 16 іске қосу кешеніне бөлінген. Бүгінгі таңда бірінші және екінші кезеңнің құрылысы толық аяқталды.Үшінші кезеңнің газдандыру құрылысы биыл тәмамдалмақ.

– Облыстың тұрғын үй қорын жаңғырту орталығы – жеке тұрғын үйлерді газға қосу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның операторы. Қазіргі таңда Қарағанды бойынша – 2000, ал Теміртауда – 2200 үй газ желісіне қосылған. Газдың текше метрі – 40 теңге. Алдағы уақытта бұл баға қымбаттамауы тиіс. Жоба ауыспалы болғандықтан, 2035 жылға дейін жоспарланып отыр, – дейді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Арман Саттыбаев.

Басқарма мамандарының айтуынша, газ кіргізу шығындарын құбыр құрылысына жауапты компания және тұрғындар төлейді. Құрылыс компаниясы өз есебінен газ құбырын үйге кіргізіп, есептегіш жәшік орнатады. Ал қазандық сатып алу шығындарын және үй ішіндегі газ құбырын орнату, табиғи және улы газға арналған аспап қоюды тұрғындар өз мойнына алады.

– Газға қосылу, не қосылмау тұрғындардың еркінде. Біз – сырт­қы газ құбырларына жауаптымыз. Көшенің бойымен газды үйге дейін жеткізуге кететін шығынды үй иесі төлейді. Газ жеткізуді рәсімдеу үшін «Тұрғын үйді жаңғырту орталығы» арқылы 5 жылға пайызсыз несие беріледі. Өтініш бергеннен кейін «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-дан техникалық шарттар алады. Келісім мердігерді таңдап, үшжақты шарт жасасу арқылы жүреді, – дейді «ҚазТрансГаз Ай­­мақ» АҚ Қарағанды ӨФ дирек­торының бірінші орынбасары Асфат Олжа­баев.

Саран тасжолының бойындағы көше тұрғыны, 60 жастағы Қайрат Мамаев газды шілдеде қосқанын айтады.

– Газға қосылғанымыз бар жағынан ыңғайлы. Автоматтандырылған бақылау жүйесі енгізілген. Монитордағы көрсеткіштерді онлайн бақылауға болады. Белгілі бір жылытатын мөлшерін таңдап, кете бересің. Қазір үйіміздегі жылу мөлшері 25-28 градусты көрсетіп тұр. Кейде ысып кетеді. Көмір жаққанда оны тасып және күлін төгіп қиналатынбыз. Оның үстіне көмірдің шығыны көп, бағасы қымбат, – дейді Қайрат Мамаев.

Жалпы, Қарағандыны газдандырудың бірінші кезеңі 2019-2023 жылдарға жоспарланған. Бұл кезеңде Саран тас­жолының бойындағы көшелерден бастап, Кривогуз, Қазақстан, С.Сейфуллин, Бадин көшелеріне газ құбырлары тартылды. Сондай-ақ, газ теміржол желісі бойындағы көшелермен Бұқар жырау даңғылының бойына, одан кейін жаңа қаланың ішкі кварталдарына, Федоровка мен Үлкен Михайловка атанған шағын аудандарындағы тұрғын үйлерге жетті. Биыл қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі жеке сектордағы үйлерге сондай-ақ, Күнгей ықшамауданына газ жетеді деп күтілуде.

Ал екінші кезеңде төрт іске қосу кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл кезеңде қаланың Жаңаөзен ауылы, Қарағандының Фин, Пришахтинск, Ескі Тихоновка бөліктері газбен қамтылмақ. Үшінші кезеңдегі екі іске қосу кешені 2024-2025 жылдарға бағытталған. Ол кезеңде Курьяновский ауылынан бастап, Майқұдықтың 19 ықшамауданы қамтылмақ. Екінші іске қосу кешені Майқұдықтың Берлин, Сахалин, Шахтерлер ықшамаудандарына газ жеткізеді. Соңғы кезеңде Цемент зауыты, Сұрыптау стансаларына газ жеткізіледі деп күтілуде.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button