Білім

Ізгілік жаршысы

Мұғалім сөзінің мән-мағынасы айқын: ол мазмұны ізгіліктен тұратын кәсіп. Дүниенің асылын іздеп тауып, оны өзгеге үйрететін жан… Сондай ұстаздың бірі – Абай атындағы гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Нақып Есенжолова 30 жыл бойы шәкірттерінің бойына білімнің нәрін беріп, даналықтың дәнін сеуіп келеді.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, Нақып Есенжолованың әкесі Көкенай Мұстағұлов еліне қадірлі ұстаз болған екен. Нақып Көкенайқызы әкесінің ізін қуып, ұстаздық жолды таңдайды. 1984-1988 жылдары Абай атындағы Саран педагогикалық училищесінде білім алады. Сол жылы Қарағанды педагогикалық институтына «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1993 жылы бітіріп шығады.

 Ұстаздық жолын Бұқар жырау ауданындағы Қаражар орта мектебінен бастайды. Осында он жыл бойы табан аудармай сабақ беріп, көптеген шәкіртінің өмір шырағын жағады.

2003 жылы Қарағандыға көшіп келгеннен кейін №29, №81 мектептерде жұмыс істеді. Сол кездері қаланың ОңтүстікШығыс бөлігінде орналасқан мектептерде қазақ сыныбы болмады. №29 мектептің директоры жаңадан келген мұғалім Нақып Есенжоловаға қазақша оқығысы келетін балаларды жинаса, қазақ сыныбын ашуға болатынын айтады. Сөйтіп мұғалім бастауыш сыныпқа бала жинап, санын 20-ға толтырып, қазақ сыныбын ашады.

Осылайша, балалардың өз тілін жетік білуіне, өз тілінде білім алуына ықпал етеді. Кейін оқушылар мен мұғалімдер №81 мектепке ауысады. Нақып Көкенайқызы осы мектепте әрі қарай ұстаздық қызметін жалғастырады. Осылайша, әке жолын қуған ұстаз 30 жыл бойы қаншама оқушыға білім мен тәрбие беріп, қанатын қатайтты. Ұстаздың өмірлік ұстанымы да өзгеше. «Әрбір бала бір-бір жұлдыз. Олардың әрқайсысының жарқырауына жәрдем ету – менің басты парызым» дейді.

Зейнолла Қабдолов: «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деп қалай дөп айтқан?! Нақып Есенжолова сол үдеден шыға білген жан. Сабақ үстінде әр оқушыға көңіл бөледі, әрқайсысына уақыт табады. «Осы бір тақырыпты мықтап игеріп алсыншы» деп жаны қалмай оқушыға түсіндіріп, оқудағы қиындықтарды жеңуіне көмектеседі. Ал оқушылар Нақып мұғалімнің сабағында өздерін еркін сезініп, ойы ортаға салып, ашыла түсетін көрінеді.

Нақып Көкенайқызы әріптесі Айзат Омаровамен бірлесіп, оқушыларды кітап оқуға баулитын, тілін дамытатын, сөйлеу мәдениетін қалыптастыратын бастауыш сынып оқушыларына арналған «Оқырман оқушы» атты әдістемелік құрал жасаған.

Мұғалім еңбекқорлығының арқасында түрлі марапаттарға ие болып, лайықты бағаланып келеді. Оның шәкірттері беделді жоғары оқу орындарын бітіріп, дүниенің бір кірпіші болып қаланып, түрлі салада еңбек етіп жүр. Олардың арасында ұшқыш та, мұғалім де, ел мен елді жалғаған дипломат та бар.

Қазіргі уақытта Нақып Есенжолова Абай атындағы гимназияда еңбек етуде.

Еңбек, талант пен талап, өз жұмысына деген адалдық кез келген адамды жетістікке жеткізеді. Ал еңбегімен еленген адам бүкіл қоғамның құрметіне ие.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button