Қисыны бар
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін және болашақта барлық саладағы іс қағаздар мен оқулықтар да осы қаріппен жазылуы тиіс екенін қадап айтты. Сондай-ақ, Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмай бұл жұмысты қазірден бастап қолға алу қажеттігін атап өтті. Демек, көп кешікпей егемен еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалды.
Мемлекет басшысы ұсынған бағдарламалық мақаладан туындаған тапсырманы жүзеге асыру мақсатында ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінде Парламенттік тыңдау өткенін баршамыз жақсы білеміз. Парламенттік тыңдауға өзек болған мәселе латын әліпбиіне көшу.
Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Бұл бастама ең алдымен еліміздің түркі тілдес мемлекеттермен мәдени байланысын жаңғыртуға үлкен септігін тигізеді. Әріптердің біркелкілігі негізінде түркі тілдес халықтар арасында үлкен мәдени пікір алмасудың ашықтығы орнайды. Қазақстандықтардың өздерінің түп негізін, тарихын оқып білуіне кеңінен жол ашатын бірден-бір мүмкіндік деп есептеймін. Сонымен бірге, көп ұлтты мемлекетіміздің тұрғындарын біріктіруші фактор ретінде де маңызы өте зор. Латын әліпбиін қолдану арқылы әлемдегі ең дамыған өркениетті елдермен тереземізді теңестіре аламыз. Ендігі кезекте, ғалымдардың көмегімен қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасы қабылданып, әдістемелік жұмыстар жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жаңа әліпбиді үйрететін сапалы мамандар қатарын көбейтіп, мектептерге арналған оқулықтар дайындалуы қажет. Міне, осы мақсатқа қол жеткізіп, соның жемісін көру үшін қаймақ бетінде жүрген білікті тіл мамандары мен оқытушы-профессорлар аянбай тер төгуі керек. Ел болашағы үшін қабылданғалы отырған маңызды шешімге қолдау көрсету, жақсыны үйренбекке ұмтылу жүрегі «елім» деп соққан әрбір қазақстандықтың абыройлы міндеті болмақ. Қорыта айтқанда мемлекетіміздің әлемдік аренадан өз орынын табу үшін бізге латын әліпбиіне көшу үлкен стратегиялық маңызға ие кезек күттірмейтін, жедел шешуді қажет ететін мәселе.
Қайыржан Абдрахманов,
Ә.Бөкейхан атындағы
жалпы білім
беретін орта мектеп директоры.
АҚТОҒАЙ ауданы.