Жаңалықтар

Өңірде – жұмыс өнімді

    Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде 2017-2018 жылдардағы жылу беру маусымына, биылғы орақ науқанына дайындық және автокөлік жолдарының жөнделуі мен аумақты абаттандыру жұмыстарының жүргізілу барысы сынды маңызды үш мәселе қаралды.

Алғашқы болып сөз алған облыстың энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қайрат Бегімов тұрғын үйлер мен әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандарды 2017-2018 жылдардағы жылумен қамтамасыз ету дайындығының тәмамдалып қалғанын жеткізді. Оның айтуынша, жылуэлектрорталықтарындағы 16 қазандық пен 9 турбинаның жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазіргі күні 15 қазандық пен 7 турбина жөнделуде. 8 қазандық пен 3 турбина бойынша жөндеу мерзімі келмеген. Энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің мәліметінше, №2 жылуэлектрорталығындағы №1 қазандық күрделі жөндеу жұмысы жүргізілгеннен кейін де биылғы қаңтар мен тамыз айлары аралығында 16 мәрте апаттық кідіріс жасаған. Сондай-ақ, №2 қазандық та ағымдағы кеңейтілген жөндеу жұмысынан бері биылғы маусым-тамыз айларында 7 рет апаттық жөндеуді қажет еткен.

Апаттық кідірістердің негізгі себебі – күрделі және орташа жөндеу жұмыстары барысындағы үстіңгі жылытулардың ішінара ғана (30-50%) ауыстырылуы. Аталған мәселе бойынша аймақ басшысы Теміртау қаласына жұмыс сапарымен барып, кеңес өткізілетін болып келісілді. Басқарма басшысы өңіріміздегі жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына қатысты өзге де мәселелерге тоқталып, бірқатар ақпарат беріп өтті.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – аймағымыздың биылғы егін орағына дайындығы және өткізу барысы туралы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сырым Бошпанов баяндады. Биылғы дәнді дақылдар алқабының аумағы бұршақ соғуына байланысты есептен шығарылған 8,7 мың гектарды қоса алғанда 785,8 гектарды құрауда. Яғни, бидай егілген аумақ – 632,8 мың гектар, арпа – 141 мың гектар, сұлы – 16,4 мың гектар. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 51,5 мың гектарға артық.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 8375 гектар картоп және 1402 гектар көкөніс жинау жұмысы тағы бар. Дақылдардың алдын ала теңгерімі бойынша, орташа астық өнімділі гектарынан 8 центнерді құраса, жиналған астықтың жалпы мөлшері 630 мың тоннаға жетеді деп болжам жасалуда. Соның ішінде бидай – 506 мың тонна. Қазіргі күні барлық ауданның ауыл шаруашылық астық өндірушілері орақ науқанына кіріскен.

Автокөлік жолдарының жөнделуі мен аумақты абаттандыру жұмыстарының жүргізілу барысы туралы күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтонов ақпарат берді. Қарағанды облысының көлік инфрақұрылымын дамыту шеңберінде биылғы жылға бөлінген қаражат 33,5 млрд. теңгені құрауда. Бұл ретте, жалпы қолданыстағы 863 шақырым жолды жөндеу көзделуде. Соның ішіндегі құны 15,1 млрд. теңгені құраған 386 шақырым жол – жергілікті маңызы бар жолдар мен облыс аумағындағы қала көшелері саналады.

Сонымен қатар, республикалық маңызы бар 477 шақырым жол жөнделу үстінде. Соның ішінде, «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша Қарағанды-Теміртау тас жолы қайта салынуда. Мұнымен қоса, биыл Қарағанды қаласын Шығыс және Солтүстік тұсынан айналып өту жолы да қолға алынбақ. Қазіргі күні бұған қатысты конкурс жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте, жалпы ұзақтығы 513 шақырымды құрайтын Жезқазған-Қарағанды тас жолының 156 шақырымы жөндеу көргенін де айта кеткен жөн. Нәтижесінде, облыстың ең ірі екі аймағы арасындағы көлік қатынасы сапасы жақсаратын болады.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button