АймақБалқаш

Өңір туризмі өрістеп келеді

Қазақстанда туризмді дамыту – экономиканың жаңа қозғау­шы күшінің бірі. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан айқын басымдық ретінде белгіленіп, әсіресе, экотуризм мен этнотуризмді өркендету міндеті қойылған. Осы стратегиялық тапсырмалар аясында Балқаш жаңа сапалық кезеңге қадам басуда.

Суреттерді түсірген Анатолий Галлер

Соңғы жылдары Балқаш өңірі туристердің қызығушылығын арттырған тартымды бағыттардың біріне айналды. Бұған – нақты статистикалық көрсеткіштер дәлел. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қалаға 182 901 турист келіп, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 35,3 пайызға артқан. Бүгінде қала аумағында 59 демалыс аймағы мен 18 қонақ үй тұрақты жұмыс істейді. Демалыс орындарының едәуір бөлігі Тораңғалық және Шұбартүбек елдімекендерінде орналасқан. Туристерді қабылдау мүмкіндігі де айтарлықтай кеңейіп отыр: нөмірлік қор 2263-ке жетіп, бір мезетте 6382 адамды орналастыруға жағдай жасалған.

Балқаш қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ерслан Зияданың айтуынша, туризм саласының экономикалық тиімділігі де артып келеді. 2025 жылы көрсетілген қызмет көлемі 3,25 млрд теңгені құрап, 37 пайыздық өсім көрсеткен.

– Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризмді дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Балқаш қаласында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Біздің негізгі мақсатымыз – қаланы халық­аралық деңгейдегі заманауи туристік орталыққа айналдыру. Бұл бағытта инфрақұрылымды жаңғырту, инвесторлар тарту және қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша нақты жобалар жүзеге асырылуда, – деді Ерслан Қанатұлы.

Мамандардың мәлімдеуінше, Балқашта туризмге тартылған инвестициялар көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. 2025 жылы жалпы құны 1,4 млрд теңгені құрайтын екі демалыс аймағы мен екі қонақ үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 92 жаңа нөмір ашылып, 253 орындық мүмкіндік жасалды, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындары құрылды. 2026 жылдың өзінде тағы екі демалыс аймағы іске қосылып, олардың инвестициялық көлемі 1,9 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін тағы да жаңа нысандарды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Бертіс шығанағы маңында құрылып жатқан өңірлік индус­триялық аймақ – ерекше маңыз­ға ие жобалардың бірі. Мұнда заманауи қонақ үйлер, сауықтыру кешендері мен ойын-сауық орталықтары бой көтермек. Сондай-ақ, 3120 гектар аумақта арнайы экономикалық аймақтың туристік субзонасын дамыту жұмыстары жүргізілуде.

Балқаш өңірінде заманауи туристік кластерлер қалыптастыру көзделген. Бұл жобалар турис­терге жаңа форматтағы демалыс ұсынуға бағытталған. Атап айтқанда, қонақ үй кешендері, аквапарктер мен эко-саябақтар, халықаралық деңгейдегі фестиваль алаңдары, санаторий-курорттық орталықтар, кемпингтер мен этноауылдар салу жоспарланған. Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану орындары мен сервистік инфрақұрылым кеңінен дамытылады. Туризмді дамытудағы басты факторлардың бірі – инженерлік инфрақұрылым. Бұл бағытта Балқашта ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – Балқаш пен Тораңғалықты байланыстыратын магистральдық су құбырының құрылысы. Жобаның жалпы құны 6,6 млрд теңгені құрайды. Сонымен қоса, Тораңғалық пен Шұбартүбекке кәріз жүйесін тарту жоспарда бар. Бұл жұмыстар туристік аймақтардың сапалы инженерлік жүйемен қамтамасыз етілуіне жол ашады.

Бұдан бөлек көлік инфрақұрылымы да жаңарып келеді. Қайта жаңғыртылған әуежай, жаңа әуе бағыттары, кеңейтілген теміржол қатынасы – мұның бәрі өңірдің қолжетімділігін күшейтеді. «Алматы-Екатеринбург» авто­жолы бойында заманауи сервистік кешендер салу жұмыстары қарқын алған. Бүгінде 6 жер учаскесі бөлініп, алғашқы жанармай құю станциясы іске қосылды. Алдағы уақытта бұл аумақта 100-ден астам бизнес нысаны орналастырылады. Туристердің қауіпсіздігі – басты назарда. Қала мен курорттық аймақтарда бейнебақылау жүйелері орнатылып, құтқару инфрақұрылымы күшейтілуде. Медициналық қызмет көрсету, санитарлық талаптарды сақтау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету – барлығы қатаң бақылауда.

Балқашта жағажайлар мен қоғамдық орындарды абаттандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Жаңа тротуарлар, веложолдар, жарықтандыру жүйелері орнатылып, демалыс аймақтарының келбеті жаңаруда. Сонымен бірге, туризмді цифрландыруға ерекше мән берілуде. Онлайн сервистер енгізіліп, визит-орталықтар мен ақпараттық жүйелер туристерге қолайлы жағдай жасауда. Балқаштың туристік имиджін қалыптастыруда мәдени іс-шаралардың рөлі зор. Соның ішінде «Balkhash Tour Fest» фестивалі ерекше орын алады. 2025 жылы бұл шараға 50 мыңнан астам адам қатысып, өңірдің танымалдылығын арттырды. Алдағы уақытта халықаралық деңгейдегі жаңа фестивальдер өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, салада бірқатар түйткілдер де бар. Олардың қатарында шағын су көліктеріне арналған тұрақ орындарының жетіспеуі, заңсыз жүзу құралдарына арналған айып тұрағының болмауы және бақылау қызметін күшейту қажеттілігі бар. Бұл мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда.

Айта кетейік, Балқаш қаласында туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жүйелі әрі нәтижелі. Инфрақұрылымның жаңаруы, инвестицияның артуы, сервистің жақсаруы – мұның барлығы өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруде. Алдағы жылдары Балқаш тек Қазақстанның ғана емес, тұтас Орталық Азияның жетекші туристік орталықтарының біріне айналатынына сенім мол.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button