Өңір өнеркәсібі – көш басында
Қарағанды облысы тамақ өнеркәсібі, машина жасау және металл өңдеу саласы бойынша көш бастап тұр. Қазақстанда «Өнімділік – 2020» жобасының индустрияландыру картасы аясында 50 кәсіпкер жалпы сомасы 379 млн. теңге көлемінде қаржыландырылған. Бұл жобада да өңірлер арасында Астана, Алматы және Қарағанды облысы алғашқы орыннан көрінді. Аталмыш бағдарлама шеңберінде индустрияны дамытуға басқа бағдарламаларға қарағанда төрт есе көп қолдау білдірілген.
Бір айта кетері, мемлекеттік бағдарлама бойынша 14 салаға басымдық беріліп отыр. Соның ішінде мұнай химиясы, машина құрастыру саласы, химия, құрылыс индустрия саласы. Мемлекет тарапынан субсидиялар мен салық жеңілдіктері қарастырылған. Нақты қолдауға ие болу үшін қазірдің өзінде облысымызда жобаның келесі кезеңіне қатыспаққа ниет білдірушілер саны артқан.
Естеріңізге салайық, былтырғы жылдың еншісінде Қарағанды облысында экономикалық дамудың тағы бір көрсеткіштерінің бірі – шағын және орта бизнес қанаттанған еді. Бұл саладағы компаниялар саны 7 пайызға өсті. Шаруа және фермерлік қожалықтар саны артты.
Облыста 85 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істеп тұр. Олар экономикалық белсенді тұрғындардың үштен бір бөлігін еңбекпен қамтылған.
Кәсіпорындар санының артуымен олар өндіретін өнім көлемі де ұлғайған. Бүгінде бұл көрсеткіш жылына 700 млрд. теңгені астам соманы құрап отыр.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы кәсіпкерлік саласы кейінгі жылдары екпінмен даму үстінде. Өткен жылы салаға 26,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, 262 жоба іске асты. 11 мыңнан жұмыс орны құрылып және сақталып, былтыр бюджет 4 млрд. теңге салық түскен. Жекеменшік инвестициялар есебінен сауда және қызмет көрсету саласында 17,9 млрд. теңгеге 146 жоба іске қосылды. Нәтижесінде, 1800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке түсер кіріс көлемі ұлғайған екен.
Аймақтың туристік кластері айтарлықтай өркендей түсті. Туризм нысандары көбейіп, олар көрсетер қызмет түрлері артып, ал, туристерді қабылдау орнының саны бойынша облыс ел көлемінде 4-ші орынға көтерілді.
Туристік саладағы жетістіктерге қол жеткізуге «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 57-ші қадамын және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберіндегі шаралар, сондай-ақ, жарнамалық-имидждік жұмыстар септігін тигізді. 2016 жылы 12 қонақүй бизнесі нысаны тұрғызылды.
Қарағанды облысының кәсіпкерлікті қолдау Картасына бүгінде құны 649 млрд. теңге болатын 98 жоба енгізіліп, нәтижесінде, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде (оның ішінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жобасы республикалық Картаға енгізілді). Оның 97-сі 515,5 млрд. теңге болатын аймақтық маңыздағы жобалар. Мұнда 9 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл бағдарламада Қарағанды облысының барлық өңірлері қамтылған. Жобалардың бір бөлігі шетелдік инвестицияның қатысуымен жүзеге асырылып, бұл кәсіпорындардың көпшілігі өнімдерін экспортқа шығарады.
Нұрдос КӘРІМ
Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын.
Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек.
Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр.
ҚР Президенті Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ
«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан.