Жаңалықтар

ӨҢІР ДАМУЫ ҚАУЗАЛДЫ

    Кеше облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында     4 қыркүйекте ҚР Парламенті Палаталарының біріккен отырысында айтылған Елбасының тапсырмалары талқыланды. Бірінші мәселе қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру төңірегінде болды. Ерлан ҚОШАНОВ бұл бағытта аймағымызда жемісті жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің алдымызға қойған міндеттердің бірі – осы жылдың соңына дейін аймақтағы жалпы ішкі өнім өсімін 2,1%-ға дейін жеткізу, – деді Ерлан Қошанов.

– Біз облыс бойынша орындалатын шаралар жоспарын құрдық, барлық аймақтарда ол орындалуы тиіс. Асылбек Дүйсебаев, сізге бұл жағдайды бақылауға алуыңызды, ал желтоқсан айында келесі жылға арналған жоспар ұсынуыңызды тапсырамын. Басты назар мультипликативті нәтиже беретін бағыттарға аударылуы тиіс.

Облыста 275 шара жүзеге асырылуда. Жалпы сомасы 7 млрд. теңгені құрайтын жобалар іске қосылған. Оның ішінде, 4 млрд. теңге – жеке инвестициялар. Әр бағыт бойынша аймақ басшысы нақты тапсырмалар берді.

Келесі бағыт – ТКШ жаңғырту. Ел Президенті бұл саланы потенциалды инвесторлар үшін тартымды болатындай етуді, мемлекеттік-жеке меншік серіктестік механизмдерін кеңірек қолдануды тапсырды. Бұл ретте облыс әкімі Еуропалық қайта құру және дамыту банкімен ынтымақтастық орнату мүмкіндігін талқылауды тапсырды.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға да ерекше көңіл бөлінді.

Басым бағыттарға ерекше көңіл бөліп, жаңа резервтерді іздеу керек, мен ол туралы барлық іс сапарларымда айтудан жалықпаймын, – деді Ерлан Қошанов.

– Ол дегеніміз жерлерді игеру, егістік алқаптарына майлы дақылдар мен бұршақ секілді ең қажетті дәнді-дақылдарды егу. Мал шаруашылығында жем өндірісін үдету керек. Барлық аймақтарда мал басының азаюы байқалуда. Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне ерекше назар аудару керек. Біздің көптеген аудандарымызда кооперативтер тек қағаз жүзінде ғана. Оған мен жұмыс сапарларымның барысында көз жеткіземін.

Жағдайды түзету үшін аймақ басшысы ауыл шаруашылығы кооперативтері қалай құрылып, содан соң қаншалықты жұмыс істейтінін бақылауды тапсырды.

Сонымен қатар, аппараттық жиналыста туризм мәселесі талқыланды. Ерлан Қошанов Балқаш, Приозерск қалаларында, Ұлытау және Қарқаралы аудандарында туристерді тарту үшін инфрақұрылымды дамыту жоспарын құруды тапсырды.

Жиналыс соңында Ерлан Қошанов Елбасының жаңғырту барлық күшті жұмылдыруды талап етеді, сондықтан жергілікті атқарушы органдар барынша ынтамен және бірлесіп жұмыс істеуі керек деген сөздерін еске салды.

Қарағандыда Солтүстік және Шығыс айналма жолдары құрылысы қолға алынбақ. Айналма жолдар учаскелерінің жобалық-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтті. 49 шақырым болатын күрежолдың құрылысы 46 млрд. теңгеге бағалануда. Қаржы республикалық бюджеттен қарастырылуда.

Жаңа жолдар транзит көліктеріне қалаға кірмей, айналып өтуге мүмкіндік береді. Күніне облыс орталығы арқылы 22 мың шамасында көлік өтеді.

Солтүстік айналма жолы «Орталық – оңтүстік» көлік дәлізін реконструкциялау шеңберінде Сұрыптау елді мекені арқылы өтеді. Шығыс айналма жолы Қарқаралы жол айырығынан басталып, Үштөбе селосы арқылы Алматы күрежолына қосылады.

6 қыркүйекте әлеуетті мердігерлердің өтінімдері қаралды. Учаске төрт бөлікке бөлінді. Әр бөлікте әртүрлі мердігер жұмыс жасайтын болады. Конкурсқа 14 компания қатысты. Жеңімпаздар 20 қыркүйекте анықталады.

Жаңа жолдың құрылысы биылғы қазан айында басталып, 2019 жылы аяқталады деп күтілуде.

Аппараттық жиында республикалық маңыздағы жолдарды жөндеу барысы туралы баяндалды. «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының басшылығы барлық жұмыстар кестеге сай жүріп жатқандығын айтты. Астана – Теміртау тасжолындағы жұмыстар аяқталып, қолданысқа берілді. Теміртау – Қарағанды аралығындағы шараларды тәмамдау үшін 13,5 шақырым жолды бетондау қажет. Мұндағы мердігер оңтүстіккореялық «Сондо» фирмасы. Олар жұмысқа 12 қыркүйекте кірісуі тиіс.

Барлық бағыттағы жолдарды жөндеу шаралары 20 қыркүйекке қарай аяқталады. Ал, жол маңайы қазан айына дейін жөнделеді.

Сондай-ақ, аппарат жиынында тазалық айы бастау алғаны белгілі болды. Билік өкілдері облыс тұрғындарын өз ауданы, ауылдары мен қалаларындағы аумақтарда тазалық және абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырады. Кеше дәстүрлі тазалық айы бастау алды.

Дәстүрлі түрде біз абаттандыру бойынша бір айлықтың басталғанын жариялаймыз, – деді облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа жиналыс барысында.

– Бұл шараға барлық тұрғындар белсенділік танытса екен дейміз.

23 қыркүйекте жалпыоблыстық сенбілік өтеді. Шара барысында қоғамдық орындардағы аумақтар, сондай-ақ, мекемелер мен ұйымдар, бизнес нысандарының маңы тазартылып, қалыпқа келтіріледі.

Жиын соңында Ерлан Жақанұлы қарастырылған тақырыптар бойынша жауапты салалар басшыларына нақты міндеттер жүктеді. Барлық жұмыстар кестеге сай атқарылуы тиіс екендігін қатаң ескертті.

 

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button