Инвестормен келісім-шарт тоқтатылуы мүмкін
Үкімет қабырғасында үндістандық миллиардер Митталға тиесілі «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының жұмысын тоқтатуы жайында сөз болды. Одан бөлек, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ бас директоры, үнді азаматы Биджу Наирдың үстінен қылмыстық іс қозғау мүмкіндігі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Ortalyq.kz Nege.kz сайтына сілтеме жасап
— ҚР Қылмыстық Кодексінің 254-бабы бойынша,коммерциялық немесе өзге де ұйымда басқару функцияларын орындайтын адамның өз қызметiне адал қарамауы немесе ұқыпсыз қарауы салдарынан өз мiндеттерiн орындамауы немесе тиісінше орындамауы, егер бұл адам өлiмiне немесе өзге де ауыр зардаптарға әкеп соқса, белгiлi бiр лаузымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Биджу Наир «Арселор Миттал Теміртауды» басқарып отырған 2020 жылдан бері 14 адам өлді. Жыл сайын тұрақты түрде 4-5 адам апатты жағдайдың салдарынан қайтыс болады. Және ол тікелей компания басшысының кінәсі, — делінген басылым таратқан ақпаратта.
Лакшми Митталдың жаһандық «ArcelorMittal» алпауыты 2021 жылдың қортындысы бойынша 8 миллиард доллар немесе 3,44 триллион теңге таза пайда көрді. Оның ішінде, қазақстандық кәсіпорыны 214 миллиард теңге кіріс әкелді. Соған қарамастан, Теміртаудағы кәсіпорынның әбден тозығы жеткен, жаңа құрылғылар алынбайды. Қауіпсіздік шараларын күшейтуге инвестиция салынбай келеді.