Білім

«Интернатта оқып жүр…»

Өзінің тікелей міндетін жете түсініп, табысын адалынан тауып, елдің тыныштығына, дамуына, өркендеуіне айқай-сүреңсіз-ақ үлес қосатын мекемелер болады. Олар үнсіз ағып жатқан бұлақ сияқты. Бастысы – еңбегі – жемісті, ары – тыныш. Көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен, толық емес отбасы балаларына білім мен тәрбие беретін №4 мектеп-интернаты сондай зор жүк арқалаған білім ұясы. Мұнда қазақ, орыс, әзірбайжан, беларус, болгар, неміс, татар, украин және сыған этносы өкілдерінің балалары бір үйдің баласындай, бір шаңырақ астында тату-тәтті  ғұмыр кешіп, білім алып жатыр.

Мектеп-интернат орыс тілінде 9 жылдық жалпы білім береді. Әлихан Бөкейхан ауданының Пришахтинск бөлігінде 23 ықшамауданда орналасқан. Мектептің негізі 1961 жылы қаланған. Басшысы – Майра Нұртазина.

Интернат жатақханасында 180 оқушы. Жатақханада барлық жағдай жасалған. Әр сыныптың өз тобымен ұйықтайтын бөлмесі бар. Дәрігерлік пункт тәулік бойы жұмыс істейді. Күніне бес мезгіл тамақ береді.

Мұнда 27 ұстаз, 9 тәрбиеші  еңбек етеді. Таңертең 11:00-ден 21:00-ге дейін тәрбиешілер өз тобындағы балаға жауапты. Таңертеңгі 8:15-тен бастап, сабақ уақытында сынып жетекшілерінің көз алдында. Ал, 15:00-де тәрбиешілер өз тобын қайта қабылдайды. Түстен кейін ертеңгі сабаққа дайындалады, үйірмелерге барады. Бөлмелерін тазалайды, киімін реттейді, таза ауада серуендейді.

Ұлдар – «Жас сарбаз», «Жас құтқарушы», «Жас эколог» сынды  үйірмелерге қатысады. «Жас сарбаз» қатарына 7 сыныптан қабылданады. Тәуелсіздік күнінде арнайы ант беріп, қатарға қосылады. Содан бастап, күнделікті және шерулік әскери киім режиміне көшеді. Саптық жиындар, тәртіп мәселесі жолға қойылған. «Жас сарбаз» сыныбының өз ережесі бар.

Қыздар шаш қию, іс тігу, тоқыма тоқу,  сурет салу сынды үйірмелерге барады. Бұдан бөлек, спорттық секциялар да бар.

Балалар мектеп формасы, әскери, спорт формасы сынды өзге де керек-жарақпен тегін қамтылған. Тек, құжаты түгел болса болғаны. «Мейірім тамшысы» атты еріктілер қатарында да  белсенді. Домбыра, гитара, үйренуге де мүмкіндік бар.

– Біз балаларды  оқытып, оларға киім-кешек берумен шектелмейміз. Ұлтына, нәсіліне қарамай, ата-аналарын да қоғамға, жұмысқа бейімдейміз. Қажет болса, үйлеріне барып, жұмыс табуға қол ұшын береміз. Бәрін қадағалаймыз. Әлеуметтік жағдайы төмен болса да, баласына өте қамқор әрі жан-жақты отбасылар да бар. Көбісінде балаға қарауға уақыт жоқ. Орыс тілінде білім береміз. Қазақ сыныптарын ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс алдағы күннің еншісінде. Ата-аналарды іс-шаралар мен түрлі жобаларға, жиналыстарға, мерекелік кештерге шақырамыз. Түрлі этнос өкілдерінің балаларын бөліп-жармай, бірдей тәрбие мен білім берудеміз, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақшабақ Сұлтанова.
Төтенше жағдайлар министрлігінің 52 859 әскери бөліміне барып, жас құтқарушылар тәжірибе жинайды. №15 өрт сөндіру бекетінің есігі де әрқашан ашық.
Қоғамдық шараларға белсене қатысады. Н.Гоголь, Ж.Бектұров, Абай атындағы облыстық кітапханалар және мүмкіндігі шектеулі оқырмандардың арнайы облыстық кітапханасымен де тығыз қарым-қатынаста. Экомұражай, «Сарыжайлау» кинотеатры, «Молодежный» мәдениет үйі және басқа да мәдени-демалыс орындары  тегін концерттер мен кештерге шақырып тұрады. Жуырда Қазақстан бірлігі күні қарсаңында Тәттімбет өнер колледжінің студденттері  келіп, тегін концерт қойып, оқушыларды қуантып кетіпті. Мақсат – ортақ, жеткіншектерді патриот қылып тәрбиелеу.
Айта кетерлігі, «Жас сарбаз» сыныбын бітірген оқушылар  Т.Бигелдинов әскери мектебіне оңай түсе алады. Сондықтан, интернаттағы әр ұл бұл сыныпқа өтуді төменгі сыныптан бастап армандайды.
Мектеп-интернат  балаларының өсіп-өнуіне түгел саналы ғұмырын Лариса Эдуардовна, Александр Викторович сынды ардагер ұстаздар арнаса, қазіргі таңда Гүлмира Серікқызы, Асылзат Серікқызы сынды білікті ұстаздар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен білім беріп, елдің ертеңін, болашағын қалыптастыруға сүбелі үлес қосып келеді.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button