Бас тақырыпКөкейкесті

INSTAGRAM арқылы табыс таба аласыз ба?

Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы кәсібін дөңгелетіп отыр­ған жандар аз емес. Атап айтқанда, Instagram­-ның қыр­-сырын меңгеріп, жүйелі жұмыс істеп, тұтынушы табудың жолдарын жақсы меңгерген адамдардың табысы жоғары. Бір қызығы – олар ешкімге тәуелді емес. Ал, сіз әлеуметтік желіге кіріп, әркімге «лайк» басқаннан, бейнежазба тамашалағаннан әлдекімнің қалтасын қампайтып жатқаныңызды білесіз бе?

«ЗАМАНЫҢ ТҮЛКІ БОЛСА, ТАЗЫ БОП ШАЛ»

Қызыл­-жасыл әлемге қызықтырып қойған заманның кері келді бүгінде. Білмейтініңді іздесең, әлеуметтік желі алдыңа әкеп береді. Қолжетімді, ыңғайлы. Былай айтқанда, адамдардың қажеттілігін өтеуге қызмет етіп тұр. Дегенмен, оның артында үлкен жұмыс жататынын көбісі біле бермейді.

Бүгінде орта буын, аға буын көп уақытын интернетке жұмсайды. «Заманына қарай адамы» деген. Бүгінгі заманның талабы – мол ақша. Ақшасыз болсаң, қалағаныңды киіп, ішіп­-жеп, қыдыра алмайсың. Бұл – ақиқат. Ал, әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін дамытып, ақша тауып жатқандар өте көп. Дегенмен, Instagram, Tik­-Tok­тағы әрбір жазба мен бейнежазба ақшаға байланғанын білу керек. «Заманың түлкі болса, тазы болып шалудың» кері келгені де.

INSTAGRAM АРҚЫЛЫ ҚАЛАЙ ТАБЫС ТАБУҒА БОЛАДЫ?

Instagram – бүгінде сауда­-саттық алаңына айналды. Ол арқылы жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандар қаншама. Бірақ, істеліп жатқан жұмыс туралы оқырмандарға жүйелі ақпарат берудің өзі үлкен еңбекті қажет етеді. Күнделікті stories түсіру, сурет өңдеу, сол суретке лайықты мәтін жазу және басқа да толып жатқан жұмыстар – СММ мамандарына тиесілі. Ол да өз ішінен сторисмейкер, визуалмейкер, копирайтер болып бөлінеді. Интернетті қолданушылардың көпшілігі осы СММ­-ді күн сайын пайдаланатынын білмеуі мүмкін.

Instagram­-ға кіргенде көз тартатын парақшалар болады. Міне, солар СММ мамандарының жұмысы екендігін айттық. Ал, осы мамандардың көмегімен әлеуметтік желінің бұл түрі табыс көзіне айналатынын білесіз бе?

Қазір бұл мамандарға сұраныс жоғары. Сайып келгенде, олардың басын құрайтын сала – бизнес пен маркетинг. Бұл – Қазақстанға енді келді.

Инфобизнесмен, таргетолог, маркетологтардың дәуірі жүріп тұрған заман болды. Бұл терминдер сізге таныс емес шығар. Дегенмен, Instagram қолданушылары бұл мамандардың уысында тұр.

Осы желі арқылы көп табыс әкелетін сала – инфобизнес. Бұл – өз біліміңізді сату деген сөз. Бүгінде дипломы бар дәрігер болса да, мұғалім немесе журналист болса да өз білімін Instagram арқылы сатып, қосымша ақша таба алады. Әрине, ол үшін де сауат керек, яғни Instagram-ның қыр-сырын меңгеру қажет.

– Қазір онлайн продюсер курсын оқып жатырмын. Бұл курста инфобизнесмендердің жұмысын жүйелі жүргізуді, сондай-ақ клиент әкелудің техникасын дұрыс пайдалануды үйретеді. Қазір заман дамып кеткен. Онлайн ақша табуға болатынына да көзім жетті. Сол себепті, Instagram арқылы табыс табуды қолға алдым. Ол үшін қажетті білім алып жатырмын, – дейді инфобизнеске енді келген Гүлсекер Нұрланқызы.

Адамдарға қажеттілігі өте зор пайдалы ақпараттарды үнемі парақшаға салып отырса, жазылушылардың саны арта түседі. Бірақ, дүние – көздің құрты емес пе? Бұл жерде әдемілік – басты талап. Яғни, сапалы контент құру маңызды. Бұл жерден тағы да СММ шығады. Әрбір маман иесі бұл СММ-ді меңгеріп, қосымша ақы тауып, білімін кәсіпке айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді ғой? Бірақ, бұл тынымсыз еңбек пен қажырлы қайратты қажет етеді.

Сондай-ақ, әр маман өз білімінен арнайы курс жасап, сол курсты сату арқылы ақша таба алады. Бұндай табыс тауып жүргендер де аз емес. Мысалы, мен балалар дәрігерінің парақшасына жазылғаныма біраз болды. Бұл парақшада үнемі өзіме қажетті, өзім білмейтін ақпараттармен танысамын. Сонымен қатар, барлығына қолжетімді бағада ұйымдастырылған марафонына қатыстым. Дәрігердің өзімен тікелей байланыс болған соң, оның білімі де көрініп тұрады. Өзім де балалар күтіміне байланысты барлық ақпаратты сол парақша арқылы білдім десем, артық айтқандық емес. Әсіресе, жас аналарға осындай парақшалардың пайдасы мол.

Бұл – кішігірім мысал. Осылайша өз білімі әрі кәсіп, әрі нәсіп болып жатса, оқырмандарына үйретері көп болса, нұр үстіне нұр.

INSTAGRAM-ДА­ НЕ­ САТУҒА­ БОЛАДЫ?

Instagram-да әртүрлі тауарларды сатуға болады. Соның ішінде кең таралғаны – киім-кешек, аяқ киім, тұрмыстық қажеттілік заттар, гүл, аксессуарлар және қыз-келіншектердің боянуға арналған бұйымдары.

Қазір Instagram арқылы кез келген тауар мен қызмет түрін сатуда ескеретін жайт – сұраныстың көптігі, яғни қажеттілік. Егер, кәсіпкерлік қабілет болса, онда интернет-дүкен ашып, желі арқылы ол кәсіпті дөңгелетуге болады. Ал, заңгер немесе визажист болсаңыз, онда тәжірибеңізбен бөлісіп, кеңес беріп, оқырмандармен тікелей байланыс орнататын парақша ашуға болады. Онда пайдалы дүниелер салынса, оқырман аудиториясы өзінен-өзі кеңейеді.

Әр тауарға арналған парақшаның жұмысы өзінше өрбиді. Мысалы, интернет-дүкендер үшін визуалды контент өте маңызды. Сіз соны жасап та ақша таба аласыз.

Instagram-да қандай да бір кеңестер ұсынатын парақшалар үшін жазылатын мәтіндер де көзге түседі. Бұндай мәтін жазатындарды копирайтер дейді. Парақшаны дамытуға үлес қосатын осы копирайтерлер де өз мәтінін сатып, табыс таба алады. Ал, осының бәрін бір арнаға тоғыстырған парақшаның қызметі әлдеқайда өтімді болады.

Түрлі байқаулар мен жеңілдіктер, ойындар ұйымдастырып тауарды сатып, қызмет түрін ұсынуға болады. Сондай-ақ, хештег пен геолокацияны дұрыс қолдану маңызды.

Өнімнің жасалу үдерісін үнемі оқырманмен бөлісіп отыру маңызды. Себебі, бұл – сатылымды арттырады. Ал, бұларды сторисмейкер жүргізеді. Бұл мамандар да өз қызметін жүйелі ұйымдастырып, ақша таба алады.

Жарнама – Instagram кеңістігінде ең оңай ақша табудың жолы. Бұнда оқырмандардың көптігі маңызды. Әдетте, олардың саны 10 мыңнан басталады. Оқырманы аз жарнамалық пост жазуға да болады. Тек олар шынайы болуы тиіс. Жарнамалық пост жазудың да өз ережелері бар.

Instagram желісіне салынған фотоларды сатуға болатынын білесіз бе?

Суреттер арқылы ақша табу үшін көп мүмкіндіктер жасалған. Бар болғаны, Instagram-дағы парақшаңызбен сурет сататын сайттарға тіркеліп, сатуға қойған туындыларыңызды белгілейсіз. Осылайша, табыс табасыз. Дегенмен, сурет сапалы болуға тиіс.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button