Білім

Инновациялық игілік

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде үш бірдей заманауи зертхана ашылды. Жаңа үлгідегі зертханалар студенттер мен магистранттар, оқытушыларға ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысуға мол мүмкіндік береді. Озық технологиямен жабдықталған зертханадағы қондырғылар арнайы тапсырыспен Германиядан әкелінген. Мұның өзі университет үшін зор жетістік.

Университеттің Шет тілдер факультетінде бір, Физика-техникалық факультетінде екі оқу-зерттеу зертханасы жұмыс бастады.

Физика-техникалық факультеттің Радиофизика және электроника кафедрасында ашылған «Электроника, аспап жасау және робототехника» оқу-зерттеу зертханасында студенттер мен магистранттарға электронды аспаптарды, микроконтроллерлік құрылғыларды, робототехникалық жүйелерді жобалаудың, құрастырудың және дайындаудың заманауи әдістерін оқытады. Зертхана Қарағанды университетінің меншікті қаражаты және «Inplementing Dual System in Kazakhstan/Kazdual» (Қазақстанда дуальды жүйені енгізу) бағдарламасы бойынша 618835-ЕҚДБ1-2020-1-KZ-EPPKA2-CBHE-SP Erasmus+ Халықаралық жоба есебінен қаржыландырылған.

Зертханаға бес заманауи компьютер, дәнекерлеу аппараттары, қуат көздері, заманауи электронды құрылғылар сатып алынған.

Жаңа үлгідегі зертханада «Inplementing Dual System in Kazakhstan/Kazdual» бағдарламасы бойынша 618835-ЕҚДБ-1-2020- 1-KZ-EPPKA2-CBHE-SP Erasmus+ Халықаралық жобасы, Университеттің ішкі гранты негізінде № 24-ВГ-23 «Әр түрлі орындалатын функцияларды баптау мүмкіндігі бар дыбыстық ақпаратты ойнатудың әмбебап микроконтроллер құрылғысы», «3D басып шығаруды қолдану перспективалары» «Ғылымдағы жаңа есім» жас ғалымдардың ғылыми жобалары бойынша жұмыстар жасалады. Ал, Физика және нанотехнологиялар кафедрасында ашылған зертхана «Оптика және атомдық физика» деп аталады.

– Зертхана – ғылыммен айналысуға мол мүмкіндіктер ұсынатын ғылыми орта, онсыз ғылым дамымайды. Қазір оптика және атомдық физика салаларын зертханалық жұмыстармен қамтамасыз ету мақсатында 11 зертханалық жұмысты қолға алып отырмыз. Физика – қаржыландыруды көп талап ететін сала. Біз техникамен жұмыс істейміз, эксперименттер жасалады. Шетелдік компаниялардың сапалы қондырғыларын сатып алу жұмыс сапасын арттыратынын ескеріп, қондырғыларды Германиядан арнайы тапсырыспен алдырдық. Студенттеріміз бен оқытушыларымыз заманауи құрылғылармен жабдықталған зертханада ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік алып отыр. Олар екінші курстан бастап оптиканы, үшінші курстан бастап атомдық физиканы оқиды. Аптасына екі сағат зертханалық жұмыс пен екі сағат практикалық сабақ осы зертханада өтеді. Дипломдық жұмыс жазу барысында жастар қондырғылардың жұмыс істеу принциптерімен терең танысады. Олар сабақтан тыс уақытта оқу-зерттеу зертханасына келіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады, – деді физика және нанотехнологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Тимур Серіков.

Профессордың айтуынша, физиканың өз ішінен бөлінетін салалары өте көп. Олардың барлығына жеке-жеке зертханалық жұмыстарды қамтитын аудитория керек. Алдыңғы жылдарда механика, молекулалық физика, электр және магнетизм аудиториясы қондырғылармен қамтамасыз етілсе, сол қатарға биыл оптика мен атомдық физика да енген. Алдағы уақытта ядролық физика да заманауи қондырғылармен жабдықталады екен.

Соңғы жылдары университетте жаратылыстану-физика бағытындағы білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттердің саны артқан. 2021 жылы 38 жас болса, 2022 жылы 46 адам оқуға түскен. Озық технологиямен жабдықталған зертхананың ашылуы сапалы маман даярлаудың алғышарты болса керек. Бөкетов университетінің Шет тілдер факультетінде де педагогтердің цифрлық құзыреттіліктерін дамыту мен бағалау, сондай-ақ, студенттер мен оқытушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған мамандандырылған SMART-lab орталығы ашылды. Орталық жұмысы видеолекциялар, MOOC жазу мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру және өткізу, студенттік ғылыми алаң аясында жас ғалымдарды қолдау жұмысына бағытталған.

SMART-lab орталығы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық ғылыми жобасын (№ AP14870390) іске асыру шеңберінде құрылған және цифрлық технологиялар аясындағы педагогикалық, ғылыми-зерттеу, мониторингтік іс-шараларды жүзеге асыруға негізделген.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button